"Қазақмыс" корпорациясы Bank RBK-ға инвестор болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.
Оның түсіндіруінше, банкті сауықтыру моделі бойынша аталған қаржы институты корпорация есебінен 160 млрд теңгеге капиталдандырылатын болады.
"Ұлттық банк үкіметпен және "Қазақмыс" корпорациясының потенциалды инвесторымен бірігіп, Вank RBK-ны сауықтырудың кешенді шаралары әзірленді. Өздеріңіз білетіндей, банкте өтімділікті қажетті деңгейде қамтамасыз ету бойынша қиындықтар туындады. Осыған байланысты банктің клиенттерге төлем төлеу қызметі шектелді", - деді Ақышев.
Қаржы реттеушісінің сөзінше, банктің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін инвесторлар қаржы ұйымының бизнес-моделін одан әрі жетілдіруді ескеретін болады.
Бұдан бөлек, банкті сауықтыру шаралары акционерлер мен басқа да тұлғаларға берілген 600 млрд теңге көлеміндегі проблемалы порфелін басқа арнайы қаржы компанияларына беруді көздейді.
Ақышевтың сөзіне сенсек, егер Bank RBK бойынша осы шаралар жүзеге асатын болса, банктегі жағдай тұрақталады.
Айта кетейік, осыдан бұрын Bank RBK-ның төлем жүйелеріне қатысты проблемалар туындаған еді. Кейбір банк картасын қолданушыдар ақшаларын ала алмай жүргендерін айтқан. Осыдан кейін Пезидент Нұрсұлтан Назарбаев банк жұмысы реттелетінін және кінәлілер жазаланатынын айтқан.