Биыл Тәуелсіз Қазақстан Республикасының  Ата заңына 24 жыл толды. Әуелі егемендіктің кепілі болған осы Ата заңымыз әрдайым елдің, жердің, мемлекеттің игілігіне жарай берсін! Бабадан қалған аманатмыз қазақ жерінің иелеріне шексіз қызмет етуіне тілектеспіз! Ата заң халқына, халық Ата заңға адал қызмет ете берсін деп, барша Қазақстандықтарды осы айтулы мерекемен құттықтаймыз. Десек те, Тәуелсіздік алғалы бері екі рет қабылданған Ата заң туралы біраз ой қозғағымыз келіп отыр.

Кеңестер одағы құлағаннан кейін қазақ елі өзінің ең алғашқы конституциясын 1993 жылы 28 қаңтар күні қабылдаған болатын. Алайда арада екі жыл өтер-өтпесте 1993 жылы қабылданған тұңғыш конституция тәуелсіз Қазақстан билігінің тақиясына тар келіп, 1995 жылы 30 тамыз күні оның орынына референдум өткізу арқылы жаңа Ата заң қабылданды. Бүгін біз  биыл 30 тамыз күні 22 жыл толған конституциясы жайында сөз қозғайтын боламыз.

1995 жылдан бастап, 2017 жылға дейін ҚР ата заңына үш рет (1998, 2007, 2011 жылдары) өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Айналдырған 22 жыл ішінде 19 бап күрделі өзгеріске ұшыраған. Өзгертулер мен толықтырулардың ең негізгілері президент өкілеттілігін созу, мемлекеттік қызметкерлердің зейнет жасынан кейін қызметтен кетуіне байланысты жас шектеуін алып тастау, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу және тағы басқа өзгерістер болды. 1990-1995 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің төрағасы болған Серікболсын Әбділдиннің сөзінше, «Қазақстан Республикасының қазіргі конституциясы президенттің конституциясы». Бірақ біз бүгін қазақ елінің Ата заңының кімдікі екені жайында емес, оны демократиясы дамыған АҚШ пен өзімізге жақын Монғолия елдерінің конституцияларымен салыстыратын боламыз.

Мысалы АҚШ конституциясы 1787 жылы 17 қыркүйек күні қабылданған. Оған осы уақытқа дейін шамамен 11 мың рет өзгертулер мен толықтырулар енгізуге ұсыныс жасалған. Бірақ АҚШ Конгресі бұл ұсыныстардың тек 33-ін ғана қабылдап, штаттарға радификациялауға жіберген. Ал олар өз кезегінде Конгрестен өткен 33 өзгерту мен толықтырудың тек 27-сін мақұлдаған. Соңғы рет АҚШ конституциясына өзгерту 1992 жылы енгізілген. Бір қызығы бұл ұсыныс осыдан 200 жыл бұрын 1792 жылы Конгресске талқылауға жіберілген.

Монғолияның ең алғашқы конституциясы 1924 жылы 26 қараша күні қабылданған. Бұл конституцияға өзгертулер мен толықтырулар 1940 және 1960 жылдары енгізілген. Аталған конституция Кеңестер одағының ата заңы негізінде құрастырылған. Осыған байланысты 1991 жылы оппозиция өкілдерінің талабынан кейін 1924 жылы қабылданған конституция толықтай күшін жойып, 1992 жылы 13 қаңтарда парламенттік республикаға негізделген Монғолияның қазіргі конституциясы қабылданған. Аталмыш ата заң қабылданғалы бері Монғол парламенті оған 1999 және 2001 жылдары екі рет өзгертулер мен толықтырулар енгізген.

Қорыта келгенде, биыл тәуелсіздік алғанына 26 жыл толған Қазақстан үшін АҚШ-тың деңгейінде демократия орнатып, конституциясына 60-70 жылда бір өзгеріс енгізетін күнге жету әзірге қиындау болар. Бірақ Монғолияның дәрежесінде дала демократиясына қайтып оралып, Ата заңын өзгерместей етіп бекітуге шамасы жететіні анық.

“The Qazaq Times”