Түркия Парламенті өткен жылғы мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс оқиғасынан кейін төртінші рет елде төтенше жағдай режимін тағы да үш айға ұзартып отыр. Бұл туралы Түркияның HürriyetDailyNews басылымы хабарлады.

Парламент депутаттарының пікірінше, төтенше жағдайды ұзарту туралы шешім террористік қауіп-қатердің алдын-алу мақсатында қабылданған. Мұнда бірінші кезекте Фетхуллах Гюлен басқаратын ФЕТО ұйымы туралы сөз болып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 15-нен 16 шілдеге қараған түні Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасалмақ болған. Оқиға салдарынан 265 адам қаза тапқан болатын. Түркияның Президенті Режеп Тайып Ердоған бұл бүлікті Фетхуллах Гюлен ұйымдастырып, Пенсильваниядан тікелей бұйрық беріп отырған деп есептейді.

Түркияның оппозиция тарапындағы Республикалық Халықтық партиясы төтенше жағдайды ұзарта беру ел экономикасы мен саяси беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деп алаңдайды.

Жуырда Түркия 2 мыңға жуық Қазақстан азаматына халықаралық терроризммен байланысы бар және Түрік мемлекеті арқылы қақтығыс алаңдарына өтуі мүмкін деген айыппен  елге кіруге тыйым салды. Түркияның Сыртқы істер министрлігініің мәліметінше, азаматтарына елге кіруге тыйым салынған тізімде Қазақстан 8-орында тұр (1914 қазақстандық Түрік мемлекетіне бара алмайды).

“The Qazaq Times”