Әзербайжанның халықаралық банкіне салынған қазақстандықтардың зейнетақы қаржысы сол елдің үкіметтік қарызы ретінде конвертациялануы мүмкін. Қазақстан алдағы уақытта ӘХБ міндеттерін қайта құрылымдау кезінде осы позицияны негізге алады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан экономикалық форумы аясында БЖЗҚ директорлар кеңесінің мүшесі, "Астана" халықаралық қаржы орталығының төрағасы Қайрат Келімбетов мәлімдеді.
Оның сөзінше, ӘХБ қарызын қайта құрылымдау процесі бойынша дауыс беру жұмыстары бүгін-ертең басталады.
«Қазақстан Әзербайжан тарапынан ұсынылған екінші нұсқаны пайдаланады деп ойлаймын. Екінші нұсқа бойынша, банктің облигацияларына салынған зейнетақы қаржысы Әзербайжан банкінің облигацияларына ауысады, яғни жылдың 3,5%-бен 15 жылда қайтарылады", - деді Келімбетов.
Сондай-ақ, Келімбетов келіссөздер кезінде негізгі қарыз көлемін қысқарту болмайтынын атап өтті. "Қоғамдағы алаңдаушылық сейіледі деп ойлаймын, өйткені барлық қаржы толық көлемде қайтарылады", - деді ол.
Айта кетейік, мамыр айында қазақстандық экономистер тарапынан Әзербайжан халықаралық банкіне зейнетақы қорының 71,3 млрд теңгесі инвестицияланғаны туралы ақпарат тараған еді. Осыдан кейін 23 мамыр күні Әзербайжан банкі кредиторлар алдындағы борышты құрылымдаудың үш нұсқасын ұсынған. Олар ұсынған үш нұсқа төмендегідей:
- Біріншісі - ӘХБ-тің 250 млн доллар қарызын Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары түрінде 200 млн АҚШ доллар етіп, 12 жылда 5,125 пайыз мөлшерлемемен қайтару.
- Екіншісі - 250 млн доллар қарызды Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары ретінде 15 жылда 3,5 пайыздық мөлшерлемемен қайтару.
- Үшіншісі - 250 млн АҚШ долларын Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары ретінде 7 жылда 3,5 пайыздық үстемемен 250 млн АҚШ доллар етіп қайтару.
Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев болса Әзербайжан халықаралық банкіне инвестицияланған 71,3 млд теңгеге қатысты жағдайды "бұл қаржыны проблемалы банкке Ұлттық банктің бұрынғы қызметкерлері инвестициялаған" деп түсіндірді.