Адамзаттың даму тарихындағы VII-X ғасыр жібек жолының дәурендеген кезеңі өзінің маңыздылығымен тарихта қалды. Міне осы кезеңде Орталық Азия географиялық ерекшелігі арқасында шығыста Қытай мен батыста Византияны және араб дүниесін бір-бірімен жалғастырған үлкен геоэкономмикалық аймаққа айналған болатын. Қытай аймақтың (Орталық Азияның) сыртқы экономикалық локомотиві және ғылым мен технологиясының қайнар көзі болды. Алайда, XVI ғасырдағы теңіз жолдарының пайда болуы «Ұлы жібек жолының» әсерінде пайда болған әлемдік сауданың құрлық жолының тағдырын шешкендей болды. Теңіз жолдары саудасы дамып, құрлық жолының саудасы ығыса бастады. Бұған теңіз қатынасының нарқының төмен әрі қауіпсіз болуының да әсері болды. Соның саларынан аталмыш өңір дүниежүзілік сауда нарығынан біртіндеп тысқары қалды да, экономикалық-географиялық тұрғыда оқшауланып қалды. Бірақ, тарихи экономикалық әрі сауда жолы дамыған бұл өлке кіші Азия мен Орта Азияны Қытаймен байланыстырған сан-салалы қарым-қатынасын түбегейлі жоғалтқан емес. Таяу заман тарихын парақтайтын болсақ, Англияның өзі аталған аймаққа ықпал ету үшін біраз белсенді қадамдар жасады. Одан соң орыс экспедицияларының іс-қимылдары күшейді. ХІХ ғасырдың аяғынан бастап, Германия, Франция, Жапония, АҚШ және басқа да Батыс елдерінің зерттеушілері көптеп келіп, өз мақсаты үшін жұмыстарын белсенді жүргізді. Бұл өркениеттен алыс жатқан ішкі азиялық бейтарап аймақтың қоғамдық өмірін күрделендіріп жіберді.
Орта Азия осындай оқшау қалған уақытта әлемдік өркениеттен артта қала бастады. Бұрынғы жетістіктерін өркендеген заман ағысы басып кетті. Міне осы кезеңде (XIX ғасырдың екінші жартысында) біршама дамыған Ресей империясы бұл аймақты өз құзырына ала бастады. Осыдан бастап аймақтың Қытаймен экономикалық байланыстарының орнын Ресей алмастыра бастады. Алайда, бұндай өзгерістер аймақ елдерінің экономикалық және әлеуметтік дамуына мүлде тиімсіз болды деп айту артық болар еді. Керісінше белгілі мәннен алып қарағанда, аймақтағы халықтың экономикалық байланыстарын қайтадан дамытуына мүмкіндікберді деуге болады.
Заман ағысының өзгерісі Патышалық Ресейдің күйреуіне әкелді. Міне осы тұста Орта Азияның белсенді азаматтары ұлттық идеологияны ту етіп өз республикаларын құру жолына түсті. Бірақ, Кеңестік билік олардың ойының жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде Ресей және Орта Азия саяси-экономикалық жүйесі қалыптасты. Деседе, коммунистік идеология аймақ халқының рухани-мәдени өмірін күйретседе, экономикалық-әлеуметтік жағдайының дамуына тың серпін берді. Алғашында Қытай коммунистік партиясымен тығыз қарым-қатынаста болған Кеңестік билік 1960 жылдардан бастап арадағы байланысты үзді. Салдарынан Қытай мен Орталық Азияның экономикалық байланыстары іс-жүзінде іске аспады. Тек, олар тәуелсіздікке қолы жеткен соң ғана айнааласындағы елдермен байланыс орната бастады. Міне осы кезде Ресей Федерациясы Кеңес Одағының мұрагері тұрғысынан аймақтың көш басшылық орнын біртіндеп босата бастады. Осы тұста Орталық Азиядағы тәуелсіз 5 мемлекет бірінен соң бірі Қытай Халық Республикасымен арадағы экономикалық қатынастарды дамытуға жол ашты.
Орталық Азияның тарихтан бері осындай империялардың қызығушылығын оятуы – оның Еуразияның орталығында орналасқан маңызды географиялық орны және мол табиғи ресурстық әлеуетінің болуымен байланысты болса керек. Бес елдің жалпы жер аумағы 4,0017 млн км2, 2018 жылғы мәлімет бойынша халық саны 72,4994 млн адам. Тығыздығы 18,47 адам. Урбанизация деңгейі 48,16%. ЖІӨ көлемі 277,420 млрд АҚШ доллары, жан басына шаққандағы ЖІӨ 3826,45 АҚШ долларын құрайды. Ал аймақтың табиғи ресурстық әлеуетіне келер болсақ, аса бай. Жүйеден, мұнай, табиғи газ, қара және түсті металлдар қоры мол. Бұл абзалдылық жағдай тәуелсіз елдердің дамуына өзінің әсерін тигізді. Себебі, Одақ күйреген соң жас тәуелсіз елдер экономикалық және әлеуметтік тұрғыда дағдарысқа тап болды. Күнделікті тұрмыстық техника мен киім-кешек тапшы бола бастады.
Бірақ аймақ елдері өздерінің ұлттық тәуелсіздігін алған соң, саяси, экономикалық, қауіпсіздік тұрғысынан белсенді еңбек етті. Азды-көпті нәтижелерге де ие болды. Алайда, айналасындағы ықпалды елдердің әсерінен құтылып кеткен жоқ. Бүгінгі таңда дүниежүзінің геоэкономикалық және геосаяси жүйесіне әсер етіп отырған санаулы елдер бар. Біз олардың қатарына Қытай Халық Республикасы (ҚХР), Ресей Федерациясы (РФ), Америка Құрама Штаттары (АҚШ), Үндістан Республикасы, Түркия Республикасы, Иран Ислам Республикасы қатарлы елдерді жатқызамыз. Сонымен бірге, аталмыш өңір үшін маңызды бір ел бар. Ол - Ауғанстан Ислам Әмірлігіде (Ауғанстан). Ірі державалардың аймақтағы ықпал ету бәсекесіне талдау жасап қарайтын болсақ, бұл бәсекелестік негізінен АҚШ, Ресей, Қытай елдері арасында өте белсенді жүріп жатқанын аңғару қиын емес. Мәселен, бізге көрші ҚХР алып қарайтын болсақ, ол елді зерттеу Қазақстан және Орталық Азия елдері үшін аса өзекті болып табылады. Себебі, бұл елдің экономикалық әлеуеті осы өңірдегі елдердің дамуы үшін алдыңғы шарттың біріне айналып үлгірді. Бұл тек аймақтағы мемлекеттер үшін ғана емес, дүниежүзінің көптеген елдеріне тән ортақ құбылыс болып қалыптасып отыр.
Міне осы тарихи кезеңде нарықтық экономикаға өткеніне не бәрі он жыл болған ҚХР біртіндеп дамып келе жатқан еді. Нарықтық сұраныс шикізатқа деген қажеттілікті арттырды. Сыртқы сауда да жаңа нарық пен транзиттік елдерді іздестіре бастады. Осы шешуші кезеңде Қытай аймақ елдерінің қажетін өтейтін басты наврыққа айланып шыға келді. Бұл тарихи ұсыныс пен сұраныс аймақ елдері мен Қытайдың қарым-қатынасын жаңа кезеңге бастады. Бұл қарым-қатынаста Қытайдың табысты болғаны анық. Өйткені, Қытай өкіметінің қолдауына ие болған орта-шағын және ірі кәсіпорындар «төмен баға» саясатын ұстанып тұрмыстық тауарлары, киім-кешектер мен техникалары, өндіріс құрал-жапдықтарын Орталық Азияға, Ресейге, Иран мен Батыс Азия нарығына жеткізді. Бұл нарықтық заңында бұрын-соңды болмаған мемлекеттік меншіктегі «жеке меншіктік» саясат жергілікті жердің өндіріс нарығын жаулай бастады. Соның ең алғашқы теріс әсерін Орталық Азия елдері көрді. Олар Қытай экономикасының тасқыны астында өздерінің ұлттық өндірісін жоғалтып алды. Бұның бастапқы легінде Қазақстан тұрды. Ол өзінің мол пайдалы қазбалармен Қытайдың қызығушылығын оятты. Қытай Қазақстанның мұнай кеніштерін басқаруды қолына ала бастады. Одан соң, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдері де осындай үдеріске өте бастады. Аймақ елдері біртіндеп Қытайдың қаржы, техника және жұмыс күшіне тәуелді күйге түсті.
Ресей Федерациясына келер болсақ, Орта Азия елдері үшін оның ықпал-күші бұрыннан бар әрі жалғасты сақталып отырған мемлекет. Өзін келмеске кеткен Кеңес Одағының заңды мұрагері деп ойлайтын РФ-ның саяси-әскери және мәдени-экономикалық ықпалы арқылы өңірдің тәуелсіз жас республикаларын өзінің ықпал ету кеңістігінде ұстап, мүмкін болса, қайтадан құрамына алғысы келеді. Ол үшін Кремль түрлі айла-тәсілді істетіп отыр. Жұмсақ күшті де, қарулы күшті де. Мысалы аймақтағы мемлекеттердің басшылары немесе олардың отбасы, тіпті жақын адамдарының экономикалық мүдделерін өздеріндегі білікті бизнесмендердің іскерлігіне «арқандап» отыр. Егемендіктен соңғы кездегі экономикалық дағдарыс осы өңірдегі елдердің өндіріс өнімділігін төмендетті. Тұрғындарының күн көрісі қиындап кетті. Соның салдарынан көптеген азаматтар РФ-на барып жалдамалы жұмыс істеуге мәжбүр болды. Қазақстан азаматтары да соңғы жылдары шетелдік елдерге жұмыс кұші ретінде көптеп ағылуда. Оның үстіне Қазақстанның экономикасы РФ-на көптеп тәуелді. Оның өзі ауылшаруашылық өнімдері нарығында, дәрі-дәрмек саласында және өзге де шаруашылық салаларында да кездеседі. Қазақстанның ұлттық валютасы Ресей валютасына бағынышты. Себебі, Қазақстандағы ұлттық валютаның құнсыздануының барлық кезеңдерінде Ресей валютасының құнсыздануының әсері басым болды. Әсіресе, Ресей- Украина арасындағы соғыстың әсері Орталық Азия елдерінің жалпы экономикасына, инфляцияның өсіміне және ұлттық ақшасының құнсыздануына зор ықпал етті.
Орталық Азия аймағына әсер етуші маңызды сыртқы күштің бірі және бірегейі – АҚШ. Ұзақ уақыт Кеңес Одағы құрамында болған елдер АҚШ-тың әсеріне ұшырамады. Алайда, тәуелсіздіктің орнауы аймаққа АҚШ ықпалының артуына әкелді. Әр қадамын есеп пен әрі мақсатты түрде жасайтын әлемнің бірінші экономикасы бұл өңірдегі елдерге өзінің саяси міндетін біртіндеп бастады. АҚШ-тың стратегиялық мүддесі айқын әрі нақты белгіленген. Нақты айтқанда, АҚШ-пен еркін әрі тұрақты саяси-қауіпсіз әрі экономикалық тиімді тұрғыда жұмыс жасайтын Орталық Азияны құру. Осының өзі ол елдің айқын көзқарасын айқындап тұрғандай. АҚШ-тың аймақтағы әсерінің екінші кезеңі АҚШ қарулы күштерінің Ауғанстанға келуімен басталды. Орталық Азияға бір табандап жақындаған алпауыт ел осы өңірдегі елдермен байланысын жан-жақты өркендете түсті. Бірақ, өздерінің бір тұтынушы немесе бағынышты аймағы санайтын елдерде Американың әсерінің артуына ҚХР мен РФ-ның қарсылығы анық білінді. Бұл қарсылықтың басты көрінісі ретінде – құрылған «Еуразиядық экономикалық одақ» пен маңызды стратегиялық жоба «Бір жол, бір белдеудің» нақты атқарылуын атауға болады. Шын мәнінде бұл екі қарсы фактордың (Еуразиядық экономикалық одақ және Бір жол, бір белдеу бағдарламасы) әсері анық білінді. Осы стратегиялық жоспарларының арқасында Ресей мен Қытайдың мақсаты негізінен орындалғандай болды. Нәтижеде аймақ елдерінің Батыс елдерімен арадағы қалыптасып, дамып келе жатқан көп жақтылы қарым-қатынастары тоқырап қалды.
Әлемдік геосаясаттың үздіксіз құбылуы алдағы уақыттағы дүниежүзілік саясаттың қандай бағытта өзгеруін болжауды қиындатып жіберді. Мысалы, АҚШ-тың Ауғанстаннан қарулы күштерін алып кетуі Құрама Штаттардың бұл аймаққа қаратқан «қызығушылығы» біртіндеп азайып бара жатқандай әсер етіп отырғаны анық. Алайда, АҚШ аймақ елдерін Ресей мен Қытайдың билеп-төстеуіне «тастап» кетуден де сақсынады. Сондай-ақ, АҚШ «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдер мен Қытайдың өзге де маңызды экономикалық серіктес елдері тұрғындарының арасында кең тарап жүрген «Қытай қаупі» түсінігінен де барынша ұтымды пайдаланып келеді. Нәтижеде ресми Пекиннің Қытай мен «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық жоспарының жүзеге асуына кедергілер жасауда.
Жоғарыдағы зерттеулерге сүйенгенде, аталған «үштік» арасындағы бәсеке бүкіл аймақтың даму барысына аса зор ықпал ететінін байқауға болады. Маңызды бір мәселе - Орталық Азия аймағындағы 5 елдің бәрінің түркі тілдес ел болмауы. Бұның өзі бір қарағанда аса маңызды дүние еместей көрінеді. Бірақ іс жүзінде оның да белгілі деңгейле геосаяси тұрғыда әсері бар. Себебі, Тәжікстанның парсы тілді ел болуы ортақ мақсаттағы түркі тілдес елдердің ұйысуына байланысты кейбір ұстанымдар мен келісімдерге қарсы келуі мүмкін. Осындай жағдайда, Тәжікстанмен арадағы сыртқы саясатты қалай жүргізу керектігі маңызды мәселе болып ортаға шығары анық. Түркі тілдес елдер арасында Түркия Республикасының ықпалы мен әлеуеті жоғары. Сондықтан Орта Азияның түркі тілдес елдері мен Түркия арасында өзара мүдделестік пен ықпалдастық қатар сақталып отыр. Бір анағы - Түркияның аймақ едерімен көп жақтылы қарым-қатынасы жыл өткен сайын дамып келеді. Бұл беталыс бүгінгі таңда түркі тілдес елдердің ынтымақтастығы мен аймақ елдерінің тәуелсіздігін баянды етуде шын мәнінде маңызға ие. Бұған «Түркі кеңесінің» біртіндеп «Түркі тілдес елдер ұйымына» айналғаны дәлел болады. Алдағы уақытта бұл ұйымның экономикалық одақ, тіпті әскери одақ болуы да мүмкін. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей қазіргі геосаяси жағдайды күнібұртын болжап білу мүкін болмай барады. Ал енді Орта Азия Республикалары мен Түркия (түркі тілдес елдер ынтымақтастығы) арасындағы өзара сенім шараларын таразылайтын болсақ, оларды жақындастырып тұрған факторларды көре аламыз. Олардың қатырына: ортақ тіл мен мәдениет, дәстүр мен тарих және ортақ саяси мүддені жатқызуға болады. Тағы бір жағынан Түркия үшін жер асты ресурстарына бай одақтастарының болуы, әрине, тиімді. Қалай болмасын, ортақ мүдделердің болуы елдер арасындағы жан-жақты қарым-қатынастардың құндылықтар сипатында қалыптасуына мүмкіндік беріп отыр.
Мемлекеттердің әлемдік экономикалық қарым-қатынаста белсенді ойыншы болуы көбінде сол елдің экономикалық, техникалық қуаты мен географиялық орналасуына да қатысты. Географиялық орын бойынша қарастырар болсақ, тікелей теңізге шыға алуы немесе шыға алмауының маңызы зор. Бір елдің аумағының теңізбен шайлып жатуы өз ресурстарын әлемдік нарыққа шығаруда қолайлылық әкеледі. Керісінше болғанда ресурстарын шығаруда айналасындағы өзге елдердің келісімін алуға тура келеді. Бұл тұрғыда Түркияның географиялық орны айрықша тиімді болса, Орта Азия елдерінің жағдайы мәз емес. Теңізге шыға алмауы бұл аймақтағы елдердің экономикалық қана емес, саяси тұрғыда белсенді болуына да мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан аймақ елдерін геосаяси тұрғыда «жабық елдер» деп атауға болады. Түркия - осындай «жабық елдердің» ашық мүмкіндікке шығуына қол ұшын бере алатын мемлекет. Бұл түркі тілдес елдер арасындағы қарым-қатынастың тағы бір негізі болып табылады.
Жоғарыда айтылғандай Орта Азиядағы түркі тілдес елдер қатарында Тәжікстанның болуы осы аймақтағы келесі маңызды ел - Иран Ислам Республикасының әсерін тіпті де арттыра түсуі бек ықтимал. Ал иран мемлекеті географиялық тұрғыдан аталмыш өңір үшін ежелгі көрші ел. Олардың арасында тарихтан бері қалыптасқан саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани үндестік бар. Деседе, Кеңес Одағының әсерінде өзінің түпкі тегінен ажырап қалған аймақтағы елдер үшін Иранның рухани және мәдени құндылықтар тұрғысынан белгілі мөлшерде берері бары түсінікті. Алайда неше ондаған жылдар бойы Батыс елдерінің экономикалық санкциясы салдарынан экономикалық және әскери қуаты жағынан біршама артта қалған Иранның аймақ елдері үшін ықпалы өзге көршілеріне қарағанда әлсіз болуы мүмкін. Деседе, аймақтың саяси тұрақтылығының сақталуы үшін маңызды мемлекеттің бірі деп айтсақ артық емес.
Орталық Азияның Иранмен қарым-қатынасына келер болсақ, оны екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқы кезең - Кеңес Одағы кезі. Бұл кезеңде Иран Ислам Республикасы социалистік Кеңес Одағымен, батысшыл Түркиямен және әсіре діни ұстанымға ие Пәкістан арасындағы буферлік мемлекет сипатына ие болды. Ол кезде Иран Орталық Азияның түркі-мұсылман және өзімен тілдес Тәжікстанмен жақын қарым-қатынас орната алмады. Екінші кезең тәуелсіздік кезеңінен бастау алды да алғашқы кезде біршама жақсы дамуға ие болды. Оның өзіндік себептері де бар еді. Соның бірнешеуіне тоқталар болсақ: аймақ елдерінің ұлттық экономикасын әртараптандыруға; оңтүстікте ашық теңізге шығуға; Ресейдің ықпалынан сәл болса да арылуға деген ұмтылыстарын атауға болады. Одақтың ыдырауы сол "сақтықты" ұмыттырып, аймақ елдерімен еркін байланыс жасауға және Каспи теңізін барынша пайдаланып қалуға мүмкіндік берді. Бірақ ислам революциясының әсерінен сақтануды көздеген аймақ елдері исламдық режиммен қарым-қатынас орнатудан өте сақтық таныта білді. Оның үстіне Орталық Азия елдерінің Иранның «саяси исламының» дамуынан сақтануына АҚШ-тың саяси қысымының әсерін жоққа шығаруға болмайды. Иранның Орталық Азия елдерімен арадағы қарым-қатынастың әлсіреуіне тағы бір себеп - 1990 жылдардың аяғында Иранның Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) сияқты халықаралық құрылымдардағы өз орнын нығайту мақсатында Израильмен арадағы қатынасты дұрыс жолға қоймауы Орталық Азия үкіметтерінің келіспеушілігін тудырды.
Өзгермелі заманда тарих сахнасына түрлі елдердің келіп-кетері анық. Бұл да заманның бір ағысы. Тарихта талай мемлекеттің дәурендеп, талай елдің жоғалуына куә болған Орта Азия даласына әсер етуші елдер де біртіндеп жаңарып жатыр. Соның бірі - Үндістан. Үндістан – қазіргі күні дүниежүзі бойынша халық саны ең мол, экономикасы жақсы дамып келе жатқан ірі елдің бірі әрі үлкен тұтыну нарығы болып қалмастан, Азияның оңтүстік белдеуіндегі маңызды логистикалық-көліктік тасымал жүйесі болып саналады. Сондықтан бұл елмен байланысты жандандыру өңірдегі мемлекеттердің бәріне ортақ талпыныс деп бағалауға болады. Соңғы жылдары Үндістанмен арадағы байланыстың нығаюы еді. Бұл ынтымақтастық «Орталық Азия + Үндістан» бағдарламасы деп аталды. Ынтымақтастықтың өзіндік себебі Үндістанның Орталық Азияның ресурстық, транзиттік және т.б. әлеуетіне болған қызығушылығынан туындап отыр. Бұдан сырт, аймақ елдері де Үндістанмен қарым-қатынасты дамытуға мүдделі. Бұл Үндістан экономикасының дамуы болатын. Адами ресурстық әлеуеті жоғары және ақпараттық технологиялар саласы дамыған Үндістанның жалпы ішкі өнімі соңғы жылдары тұрақты түрде жылына 7% өсіммен дамып отыр. Бұл жағдай Орталық Азия елдерінде қызықтырып отыр. Оның үстіне Үндістан өркениет, мәдени және тарихи аспектілер тұрғысынан да, геосаяси және экономикалық тұрғыдан маңызды болып отыр. Дегенмен, Үндістан мен Орталық Азия елдері арасындағы серіктестік үшін дәстүрлі және жаңа форматтағы мол мүмкіндіктер баршылық. Мәселен: гидроэнергетика, Каспий теңізінің ресурстары, ядролық энергетика, жаңартылатын баламалы энергия көздерін тұтыну технологиялары, ақпараттық технологиялар, білім беру және бірлескен зерттеу бағдарламалары, инновация, кәсіпкерлік, медицина, туризм және мәдениет секілді салалар бойынша. Үндістан мен Қытайдың бақталас елдер екенін ескергенде, олардың Орталық Азия аймағындағы мүдделерінің қандай бағытта дамитынын әзірге болжау қиын. Бұл жерде Түркиямен қырғи қабақ Иран елі де осы аймақтармен тығыз экономикалық қарым-қатынасы бар.
Орталық Азияның геосаяси жағдайына қатысты тағы бір маңызды ел - Ауғанстан Республикасы. АҚШ әскерилерінің шығуына байланысты 2021жылы талибандар билікке оралды. Әлемдік орта мойындамаған топтың билік басына оралуы аймақта жалғасты тұрақсыздық орнауы мүмкін деген күдікке себеп болды. Бұл күдік жүйеден Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғыстан елдері үшін жоғары болды. Тіпті аймақ елдері арасында шекаралық аймақта қақтығыс та орын алып үлгерді. Мысалы, Қырғызстан мен Тәжікстан арасында 2022 жылдың 27 қаңтарында орын алған қақтығыста Ауған тәжіктерінің болуы да ғажап емес. Алайда, аймақтағы елдердің бәрі бірдей Ауғанстанмен салқын қатынаста деп айту қиын. Мәселен, Ауғанстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық жақсы дамып отыр.
Жинақтай айтқанда ірі елдердің геосаяси ұстанымы олардың сыртқы саясатынан көрініс беріп отырады. Мысалы Қытайдың Орталық Азияға қаратқан экономикалық саясатын қарастыратын болсақ, ол – Қытайдың сыртқы саясатының бір көрінісі. Олай дейтін себебіміз: Қытай өзін әлемдік деңгейдегі ықпал етуші елге айлануды жоспарлап отырған ел. Бұның өзі экономикалық жаһандану мен әлемдік геосаясаттағы Қытайдың көзқарасынан анық байқалып келеді. Сондықтан оның Орта Азияға қаратқан саясаты осы «Ұлы жоспардың» маңызды бір бөлімі болып саналады. Бұл жоспар сипаты тұрғысынан «қарапайымдықтан – күрделіліке, таяздан-тереңге» өтетін қытайлық дүниетаным негізінде құрылған. Мысалы 1990-шы жылдардың бірінші жартысында Қытай аймақ елдерімен арадағы қатынасты сыртқы сауда негізінде құрды. 2000-шы жылдардан бастап өндірістік бағытты ұстанып келеді. Бұл тарихи кезең «Үлкен батысты игеру» деп аталатын қытайдың экономикалық даму жоспарының орындалуымен сәйкес келді. Сондықтан Орта Азия аймағының мол ресурстық әлеуетін осы «Үлкен батысты игеруге» пайдалану үлкен жоспардың маңызды бөлігі болатын.
Алайда, Қытайдың Орталық Азияда тек отындық ресурстар мен шикізатық мүддесі бар десек, онда қателескен боламыз. Өйткені, оның астарында Ресей мен АҚШ-қа болған аймақ міщзүшін бәсекелестік мүддесі де бар. Олай деуіміз, XXI ғасырдың басында бұл аймаққа АҚШ қызығушылық танытқан болатын. Осыдан секем алған ҚХР-сы аймақтағы елдермен байланысты барынша тез әрі ұтымды жүргізе бастады. Соның арқасында егемендіктің алғашқы кезеңіндегі мүлде жоқ қарым қатынас 2010 жылдардан соң сыртқы сауда көлемі 40 – 50 еселенген деңгейге жетті. Бұл үлкен жетістік болатын. Бұл өз кезегінде аймақ елдерімен Ресей арасындағы сауда баланысына жақын көрсеткіш болды.
Орта Азия елдерінің геосаяси және геоэкономикалық тұрғыда түсіну үшін, олардың жеке даму тарихы мен қоғамдық-экономикалық ерекшеліктерін қарастырудан бөлек, ықпал етуші елдердің де салмағын саралу қажет. Сонда ғана аймақтың қазіргі жағдайы мен болашағына дұрыс болжам жасауға болады. Олардың Орталық Азия елдерінің жалпы экономикалық-географиялық жағдайына талдау жасау арқылы өзара қарым-қатынастары мен даму бағыттарының түрліше екендігіне көз жеткізуге болады. Сондай-ақ, аймақ елдерінің өз мақсат-мүдделері бар. Сыртқы әсер етуші елдердің оларға қарама-қайшы немесе сай келетін мүдделері де бар. Аймақтың жалпы саяси мүдде тұрғысынан қарағанда, жоғары да аталған алып державалар өздерінің ықпалын осы аймақта арттырғысы келеді, алайда, аймақта тұрақсыздық болуын қаламайды. Тек өздерінің қажеттіліктерін алып, ықпалын күшейтіп отыруды басты мақсат етеді. Бірақ аймақ елдері болса, ірі державалардың аймақта шынайы және әділ экономикалық және саяси бәсекелестік жағдайдың орнап, олармен тең құқылы, бейбіт өмір сүргісі келеді. Бұл талпыныстар аймаққа ықпал етуші күштер арасында түрлі пікірлер мен көзқарастардың қалыптасуына әсер етіп отыр. Оның үстіне аймақ елдері арасындағы өзара түсінбеушілік жағдайлар кей-кезде сыртқы күштердің пайдасына шешіліп те жатыр. Сондықтан аймақ елдері арасындағы теке-тірестерді ең алдымен шешіп алмай, ортақ, бір мақсатпен сыртқы ойыншыларға бірлесе жауап берудің өзі қиынға соғады.
Бұл мақала: ЖТН AP19679663 «Орта Азияның қазіргі геосаяси кеңістігіндегі мүделер ықпалдастығы: Экономикалық интеграция және ұлттық қауіпсіздік факторлары» тақырыбындағы зерттеу нәтижелері негізінде жазылды.
Қастер Сарқытқан
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры