Журналистерді итке теңеп балағаттаған, қызметтік этиканы өрескел бұзған Бас прокуратура қызметкері тек ескертумен шектелді. Жауапкершіліктен жалтаруға «көп жылдық мінсіз қызметі» көмектескен. Арада екі жарым ай өтсе де Кемалов тілшілер мен қоғамнан кешірім сұрамаған.
Бас прокурордың 5 қаңтар күнгі мәжіліс отырысында Қаңтар туралы баяндамасынан кейін де көп сауалға жауап алмаған журналистер клуарда өзінен сұрамақ болған. Әжетхана алдында Асыловтың шығуын күзеткен Бас прокуратураның Парламенттегі ресми өкілі Мейрамбай Кемалов күтіп тұрған көпшілікке қарата «Кетіңдер, сендер итсіңдер» деген сөзі желіге тараған еді. Қоғам наразылығын тудырған заң қадағалаушы орган қызметкерінің дөрекілігіне БАҚ қауымдастығы атынан ұжымдық арыз жазылған.
Екі аптадан соң бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев арыз негізінде тексеріс жүріп жатқанын айтқан. QT редакциясы да Бас прокуратураның баспасөз өкілі Дархан Дүйсембаймен апталап хабарласып, байланыса алмаған соң Асыловтың атына қолданылған шара, тартылған жауапкершілігі жөнінде ресми сұрау жолдаған.
Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметі бастығы Ризабек Ожаровтан келген ресми жауап хатта заңда жоқ тармақшаға сүйеніп, ескерту бергені жазылған.
«Бас прокуратураның қызметкерлеріне қатысты тәртіптік шара қолдану бойынша, Мейрамбай Кемаловтың іс-әрекетінде ҚР мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексінің 8-тармағы 13-тармақшасында көрсетілген моральдық-психологиялық төзімді, ұстамды болу, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен зейінділік таныту талаптарын бұзу белгілері байқалады. Алайда, М.Кемаловтың көп жылдық мінсіз қызметін ескеріп, оған қатысты қызметтік тәртіпті және этикалық нормаларды сақтау қажеттігі жөнінде қатаң ескертумен шектелу туралы шешім қабылданды», – делінген.
Ожаров көрсеткен 8-тармақ кодексте бөлігі ретінде оқылуы тиіс және бұл бөлікте өзі барлығы 8 тармақша бар, 13 емес. Әдеп кодексі бәріне ортақ біреу ғана екенін ескерсек, Бас прокуратура сілтеген норманың шынайылығы күмән туғызады. Редакция тілшісі мәліметтерді зерделей келе Ожаровтың жаңылысқан тұсын анықтады. 8-бөліктің 13-тармағы «Мемлекеттік қызметшілердің этика кодексіне» емес, «Құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексіне» тиесілі.
Қарапайым этика нормасын елемей, журналистерге тіл тигізе, адамның ар-намысына тиетін сөз айтқан адам Бас прокуратура беделіне нұқсан келтірсе де ескертумен құтылғаны жеңіл деп есептейді медиа қауымдастық. Қоғамды тіксінткен, прокуратура құрылымындағы мамандардың кәсібилігіне күмән тудырған прокурор дөрекі әрекетіне кешірім сұрамаған.
Билік азаматтық белсенділер мен оппозиция өкілдерін «жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізді» деген айыппен жиі жауапқа тартады. Алайда Бас прокуратура қызметкерінің қорлау мәнді сөзіне ұжымдық арыз түссе де лайық жауапкершілікке тартылмауы Ақорда уәде еткен «Әділетті және Жаңа Қазақстанның» жуырда орнайтынына қоғамдық сенімді төмендетеді дейді сарапшылар.