Алматы облысы Талғар ауданы, Талғар қаласындағы құрылысы енді ғана біткен №25 мектептің айналасындағы дау-дамай өршіп барады. Өткенде ғана шыққан құрлыс сапасы туралы шу басылмай жатып енді этнос аралық дауға айналғалы тұрғандай. Бұл жағдайды тілшіміз барып түсірп қайтты.

Мектеп жарғысында «Оқыту тілі – қазақ тілді» деп көрсетілген мектеп аяқ астынан аудандық білім басқармасының шешімімен аралас мектеп болып шыға келген. Бұған наразы болған жұрт 25 тамызда қоғам белсенділерімен бір топ журналисті шақырып зар-мұңдарын айтты.

Оқу маусымына 5 күн қалғанда баласын қайда берерін білмей екі ортада сандалып қалған жұртпен, қазақ тілді мектептердің мүшкіл халын қалай жақсартамыз деп жан ұшырып жүрген тіл жанашырларының талап тілегін тыңдауға келген «еститін мемлекеттің» жаңадан құрылған облысының әкімдігінен арнайы баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел мен білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова да мектеп төңірегіндегі шуды өз көздерімен көрді.

Алайда, өзіне қарасты аумақта туындап жатқан мәселені тыңдауға аудан әкімі де, тіптен осы мәселеге белсене атсалысады деп саналатын ішкі саясат мамандары да көрінбеді. Ал балаларын осы мекетепке әкеліп оқытқысы келген ата-аналар орыс-қазақ болып керкілдесіп, жаға жыртысыға дейін таяп қалды.

Бұнда қазақ балалары саны толмағандықтан аралас мектеп болуға мәжбүр болдық деген аудандық білім басқармасының сөзіне 10 айдан бері осы іспен айналысып жүрген Кәмнұр Тәлім келіспейді.

Бұл мәселенің туындауына бірден бір осы ауданның әкімі Қайдар Әбдіханов пен аудандық білім бөлімі мекемесінің басшысы Қарлыға Садвакасованы себепкер деп санайды.

Өзі қазақ тілді ата-аналардан 890 баланың өтінішін әкеліп мектепке өткізгенін алайда бұндағылардың оны қасақана жасырып мектептің қазақ тілді болуына қарсы жұмыс жасап отыр деп есептейді.

Ал облыстан келген білім басқармасының басшысының орынбасары Гүлсара ханым Талғар қаласынан 1000 қазақ баласын тауып осы мектепке алып келсеңдер онда бұл мектеп қазақ тілінде оқытатын болады деп сөз берді.

Бүгінге дейін аудандық білім басқармасының басшысы әдейін қазақ балаларының құжаттарын қабылдатпады деген пікірмен келіспеген Садвакасова ханым өзінің оқушы қабылдауға беретін талонды тоқтатып тастағанын эфирде айтқанымен артынша "олай айтпадым" деп сөзінен айнып қалды. Ары қарай да қазақша оқитын 1000 бала жиналса мектеп қазақ тілді болады деген Гүлсара ханымның уағдасына "онда орыстарымды қайда жіберем" деген уайымын да айтып қалды.

Түс қайта Талғар қаласындағы дәмханалардың бірінен оқиятта әкім мырзаның көлігін көріп қалған журналистерге әкімнің орынбасары Оразхан Каспакбаев әкім Әбдіханов бұл жерде жоқ деп жалтарғанымен әкім мырза сыртқа шығып журналистердің сұрағына жауап беруіне тура келді. Жұмыс уақытында дәмханада жүргенін өзінің қарбалас жұмыспен түскі асқа кешігіп шыққанымен түсіндірген Қайдар мырза аралас мектеп болуына өзінің ешқандай қатысының жоқ екендігін, шешімді облыстық білім басқармасы шығарып отырғанын, алайда өзіне келіп түскен ақпаратқа сүйене отырып обл әкіміне өзінің аралас мектеп болсын деген ұсынысын бергенін айтты. Айтып тұрған сандарынан шатаса бастаған Әбдіханов мырза сөз арасында мектептің аралас болуын «бір топ орыс әйелдің шулауына» байланысты екенін айтып қалды.

PS. «Еститін мемлекеттің» жаңа құрылған облсына қарасты Талғар ауданындағы жұрттың мұң-зарын тыңдауға барған бір топ журналист №25 мектептің әуелгі қарарындағы «Оқыту тілі – қазақ тілі» статусын қайтару үшін облыстық білім басқармасының орынбасары Гүлсара ханым мен аудан әкімі Әбдіхановқа қазақша оқығысы келетін 1000 балаға қарыз болып қайтты.

Н.Байтұрсын.

Алматы обл. Талғар ауданы.

“The Qazaq Times”