Шерзат Полаттың өлімінен он күн өткенде бір тәуліктің ішінде Қасымбаевтар мүддесіне ыңғайлы әрі күдіктілерді ақтау сипаты бар бес ақпарат акті болды. 14 қазан күнгі интернетте жарыса жарияланған мәліметтерді тұңғышының қазасын адамша аза тұта алмаған қаралы үй Полатовтарға қарсы «ақпараттық шабуыл» деп бағалағандар аз болмады. Қанды оқиға мен өрттен кейін бұл соққыға марқұмның әкесі ашынып, елден кетуге тура келетінін мәлімдеген. Бір күнде болған ақпарат ағынын шолып, сарапшылардың пікірін бағамдауға тырыстық.

14 қазанда күндіз Талғар ауданы, Рысқұлов ауылының (бұрынғы Хутор) бір топ тұрғыны жиналып, видеоүндеу жолдады. Өзінің аты-жөнін таныстырмаған орта жастағы ер адам БАҚ беттерінде «Хутор бандалық тобының көсемі» аталған Хасан Қасымбаевқа араша болып, дүкендегі видеоны жариялауды талап етіп сөйледі.

«...Бас прокуратурадан сұрайтыным, дүкендегі видеосын жария етсін. Видеосын восстановить етіпті. Соны көрсетсін. Сонда ғана халық тынышталады. Халық сол кезде сенеді. Сол видеоны халыққа көрсетсінші. Төбелес болған күнгі дүкендегі видео өшірілді деп еді, сол қалпына келтіріліпті», – деді ол.

Ізінше кешкісін Хасан Қасымбаевтың Orda редакциясына берген сұхбаты жарияланды. Бірден интернет пабликтерінде Қасымбаевтың тағы бір видеосы, жеке үндеуі жарық көрді. Заңмен мәселесі болмағанын алға тартқан Қасымбаев адвокат жалдағанын, репутациясы үшін күресетінін айтты.

Алакештен түнге ауған шақта БАҚ беттері мен желідегі парақшаларда әуелде жоғалды делініп, кейін бары хабарланған әрі тергеу құпиясына жататын айғақ видеоның үзік-үзік монтаж нұсқасы тарады.

QT редакциясы Шерзат Полаттың өлімі болған күнгі оқиғаның әбден қиылған нұсқасын алғаш «Sona Media» желілік басылымы жариялағанын анықтады. 14 қазан түнде «Эксклюзив: Кадры потасовки возле магазина «Камажай», где скончался Шерзат» деген тақырыпта ақпарат берді. Сонымен қоса, басылымның Instagram парақшасы мен басшысы Ғалымұрат Жүкел бірлесіп, монтаждалған видеоны жариялады. Онда марқұм жеткіншектің әкесі Қаржаубай Нұрымовтың қолындағы әлдебір затқа  «Әкесінің қолындағы пышақ па?» деген жетек сұрақ көрсеткен.

«Sona Media» жарияланымы. Фото: скриншот

«Sona Media» жарияланымы. Фото: скриншот

Бұл басылым былтыр ғана құрылған «Sona Media» ЖШС-ға тиесілі. Өзін сайтының беташар бөлімінде «тәуелсіз БАҚ» ретінде көрсеткен SONA.kz жуырда ақпарат құралы ретінде куәлік алған.

Сайттың басшысы Ғалымұрат Жүкел осыған дейін Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі, облыс әкімінің кеңесшісі қызметінде болған.

Редакция тілшісінің сұрақтарына берген жауабында Жүкел видео дереккөзін айта алмайтынын жеткізді.

– Дереккөзді ашып айтпаймыз. Бірақ өткендегі брифингтен кейін менен әріптестер сұрағанда айтқам: «Әленов мырза қызметтік тексеріс жасап, мені куәгер ретінде шақырар болса, барып айтамын қайдан алғанымды». Дереккөзді жарияламаймыз. Бізге түскен видео бастапқыда-ақ монтажбен қысқа болды. Біз оған тек қолындағы пышақ па деп сұрақ белгісін қойдық. Нақты пышақ дегеміз жоқ. Бастысы, марқұмның әкесін жамандауға я басқа нәрсеге қаузағамыз жоқ, біз тек объективтілік үшін жұмыс істедік. ... Әу бастан қиылып берген, сапасын көрдіңіз ғой өте төмен екенін, – деді Ғалымұрат Жүкел.

Құқық қорғау органынан ба әлде басқа азаматтар ма деген сұраққа «айта алмаймын» деді. Ол сөз арасында вице-министр Әленовтің Талғарда ҰҚТ («ОПГ» – орысша) жоқтығы туралы жауабына қанағаттанғанын атап өтті.

Сонымен қатар, 14 қазанда медиа өкілдің жарияланымынан көп ұзамай Instagram желісінде аудиториясы көп kris_p_almata және sergek.kaz аккаунттарының бірлескен бейнежазбасы пайда болды. Мұнда қылмыс хроникасы басталған «Қамажай» дүкеніндегі ахуалдың монтаж нұсқасы сипатталған.

Алматы облысының Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Меруерт Морякова видеоның «Sona Media»-да жарияланғанын растады.

«Өзіндік қауіпсіздік департаменті қызметтік тексеріспен тергеп жатыр, әлі қорытындысы жоқ. Видео  қайдан шыққаны, қайдан алды, қалай шыққаны зерттеліп жатыр. Әзірге нақты ақпарат жоқ. Болғанда айтамыз», – деді Морякова.

Сарапшылар пікірі: Медиа этикамен қатар тергеу құпиясын бұзғандар жазалана ма?

Шалқар Нұрсейітов, саясатттанушы, стратегиялық коммуникация сарапшысы:

– Меніңше, сот материалдарының монтаждалып, көпшілікке жариялануы екі мақсатты көздеуі мүмкін. Бірінші, билік Шерзат Болаттың отбасына қоғамның қолдауы күшейіп бара жатқанын байқап отырды. Және көпшіліктің әділдікті талап етуі жаппай протеске ұласып кете ме деген қорқыныш болған сияқты. Сондықтан «барлығы нақты емес, Шерзат та, әкесі төбелеске қатысы бар» деген ой туғызу үшін, көпшіліктің көңілін басу үшін жарияланған тәрізді көрінеді. Екінші мақсат, әлеужеліде көпшілік айтып жатқандай, күдіктілер тарапының артында тұрған ұйымдасқан қылмыстық топтың басшылары делінген азаматтарды арашалап алу үшін де болуы мүмкін. Бірақ қолда нақты факті болмаған соң, бұл тек топшылау, болжам ғана. Алдағы сотта белгілі болады.

Сот материалын монтаждап, әлеуметтік желіде жариялауға жауапкершілік турасына келсек, қандай да бір қатаң жаза боларына күмәнім бар. Бұл материалды тарату – құқық қорғау органдарына, жергілікті атқарушы биліктің, әкімдіктің мүддесіне керек болды деп ойлаймын. Сондықтан олармен әріптес болып, пропогандасына атсалысқан азаматтарға жаза қолданатынына өз басым күмәнмен қараймын.

Жұлдыз Әбділда, медиа-сарапшы, журналист, тренер:

– Америкада 1926 қабылданған, содан бері төрт рет қана өзгерту енгізілген (онда да әлеуметтік желілердің пайда болуына орай – сарапшы) Этика кодексі бар екен. Нұсқаулық ретінде ұсынылатын бұл кодексте төрт принцип бар: Шындықты жаз, Зиянды азайт, Тәуелсіз бол, Жауапкершілік пен ашықтық.  Журналист этикасы бойынша жалпыға ортақ принциптер осыдан алыс емес. Сіз айтып отырған оқиғада осы төрт принцип те бұзылып отыр. Біріншіден, журналист видеоны қайдан алғанын көрсетуі керек еді. Жасырын жолмен, құпия алған болса, оны да жазуы керек еді. Екіншіден, жәбірленуші тарапқа виктимблейминг жасауға жол бермес еді. Жауапкершілікті сезінетін болса, зәбір көріп отырған тарапты қаралауға жол бермес еді. Бұл жерде тәуелсіздік те, ашықтық та жоқ. Жалпы, біздің елде осындай резонанс тудыратын істер кезінде құрбанның өзін қаралау кең етек алып бара жатқаны өкінішті. Қылмыс болды ма, болды. Жәбірленушінің «территориясында» болды ма, болды. Жасы да, салмақ категориясы да сай емес, күші де басым, саны да көп күдіктілер жағы әке-шешесінің көз алдында баланы өлтіргені рас па, рас. Одан басқасының бәрі екінші кезектегі мәселе. Қоғамның назарын бұруға тырысу бар. Ал қоғам қылмыскердің жазалануына, қылмысқа жол бергендердің жауап беруіне және мұндай қылмыстар ендігәрі қайталанбас үшін алдын алуға ғана мүдделі болуы керек.

Жолдас Өрісбай, медиа-сарапшы, журналист:

– Әлі тергеліп жатқан іске қатысты редакцияланған бейнематериалды тарату журналистік этиканың бірнеше принципіне қайшы келеді. Журналист шындықты іздеп, бейтараптықты сақтауы, әділ және толық ақпарат беруі тиіс. Бұл жағдайда егер редакция алдын ала монтаждалған видеоны қаз қалпында бергенін растаса, жарияламас бұрын «видео оқиғаны толық түсіндіре ме?» және «контекстен жұлып алынбаған ба?» деген сұрақтарға жауап іздеуі керек еді.

Әдетте, журналистер оқиғаны тек бір жағынан түсіндіретін, контекстен жұлынған ақпаратты бермейді. Себебі ол оқиға өрісіне, тергеліп жатқан істің барысына немесе оған қатысы бар азаматтардың ойын өзгертуге ықпал етуі мүмкін. Бұл шындықты әділ әрі анық тарату принципіне қайшы келеді.

Демек видеоны монтаждап редакцияға жіберген белгісіз біреулер қоғам назарын мерт болған Шерзаттың әкесінің қолындағы затқа аударғысы келгенін көреміз. Себебі онда «әкесінің қолындағы пышақ па?» деп жазылған. Редактор қоғамдық пікірді манипуляцияламау үшін не толық видеоны тауып жариялауы керек еді. Ал оны жариялау мүмкін болмаса, бірақ редакция құзырында болса, оны мәтін түрінде қысқа түсіндіріп беруіне болар еді. Бірақ бұл тергеу жұмыстарына кедергі келтірмеуі керек.

Мұндай интерпретация объективтілік принципін бұзады, себебі ол оқиғаны толық түсінуге мүмкіндік бермей, біржақты көзқарас қалыптастыруы ықтимал. Редакция оқырмандар мен көрермендерді қате қорытынды жасауға итермелеуі мүмкін. Сосын «әкесінің қолындағы пышақ па?» деген тұжырымсыз сұрақ қоғамның жеке тұлғаны әділетсіз айыптауына әкелуі мүмкін. Бұл да видео жарияланбай тұрын ескерілуі тиіс еді.

Полатовтар шаңырағы өртенген күннің ертеңі. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Полатовтар шаңырағы өртенген түннің ертеңі. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Прокуратура: 10 күдікті ұсталды

4 қазанда Талғарда 16 жасар бозбала Шерзат Полат аса қатыгездікпен өлтірілгеннен кейін қоғамда әділ тергеу талабы күшейген. Алғашында жеті адам ұсталып, туыстарының наразылығынан кейін күдіктілер қатары он адамға жеткен. БАҚ-тарда және әлеуметтік желілерде бұрын бірнеше мәрте істі болса да жазадан құтылып жүрген күдіктілердің артында «Хуторский ОПГ» қылмыстық тобын басқарып-қолдайды делінген (Еңбекшіқазақ ауданының Рысқұлов ауылынан шыққан) Қасымбаевтар бары жайлы ақпарат көптеп жазылды.

QT редакциясы жолдаған сұрау хатқа Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бәкіров 10 азаматтың ұсталғанын хабарлаған.

«14 қазан Алматы облысы Қонаев қаласының мамандандырылған тергеу сотымен күдікті Ш.А.Белгожаев, А.М.Тоқтаубаев, Н.М.Тоқтаубаев, А.Н.Шынасыл, Н.Т.Ильясов, Р.М.Сакиев, Д.Б.Әскентай, Д.Қ.Ысқақ, А.М.Казакенов және Ю.Д.Рузбаекиевке қатысты 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған», – делінген ресми жауап хатта.

Бұдан өзге, ІІМ QT-ға берген жауабына сай, Шерзат Полаттың өліміне байланысты ҚК 99-бабының 2-бөлігінің 7, 9 және 14-тармақтарымен («Адамдар тобында бұзақылық ниетпен және көрінеу кәмелетке толмаған адамды қасақана өлтіру») қылмыстық іс қозғалған. Тағы бір іс, ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі бойынша («Пышақ пен қаруды қолданып жасалған бұзақылық») қосымша қылмыстық іс ашылған.

Бастапқыда Талғар аудандық полиция басқармасында болған істер облыстық департаментке өтіп, жедел-тергеу тобы құрылғаны айтылған.

 

The Qazaq Times