Білікті баспагер, ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер – Әбілфайыз Ыдырысов
Баспа ісі қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие, заманның ағымымен ауқымын ұлғайтқан мамандықтардың бірі. Бүгінгі сіз бен біз білетін қазақ кітабының негізі сонау «Сейфіл-Мәлік» дастанынан бастау алса, содан бергі баспа ісінің өсіп өркендеуіне, түрленуіне талай ұлт зиялылары аянбай тер төкті. Солардың бірі де бірегейі - Әбілфайыз Ыдырысов.
Істің көзін тауып, редакцияның қазанында қайнап шыныққан тұлғаның кешегі өмірі біз үшін бүгін тарих, ертеңге өнеге. Жастық шағын толық ғылым, білім саласына арнап, ортасы мен баспа ісінің басы-қасында жүрген әрбір азаматқа үлгі бола білді.
Саналы ғұмырының жартысына жуығын өзі білім алған қасиетті қара шаңырақ Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық етіп, әрбір шәкіртіне сапалы біліммен қатар адами құндылықтарды да сіңіре білді.
Сонымен қатар, Әбілфайыз Ыдырысов тарих беттерінде тек ұлағатты ұстаз, білікті баспагер ғана емес, аяулы жар, қамқор әке болғаны баршамызға аян. Оны шынайы махаббат пен сүйіспеншіліктен туған “Таңшолпан” атты көп томды еңбегінен байқауға болады.
Әбілфайыз Ыдырысов ҚазҰУ шаңырағында ұстаздықпен бірге факультет деканы қызметіне дейін көтеріліп, өз заманында әділ әрі жауапты басшы болып есте қалған екен.
«Қазақстан пионері», қазіргі «Ұлан» газетінің бас редакторы болған тұсында Әбілфайыз Ыдыросовты қазақтың бар пионері мен комсомолдары біліп өсті, себебі, бұл газетті ол кезде барлығы жарыса оқитын еді.
1972 жылы ғалым «1926-1932 жылдардағы республика баспасөзін ұйымдастырудағы Қазақстан Компартиясының рөлі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Оны сәтті қорғаған соң, 1974 жылы доцент атағы, 1990 жылы профессор ғылыми атағы берілді.
Ұлы ұстаз қоғамда болып жатқан әрбір жайтты қалт жібермей, ұлт тәрбиесі мен ғылымның өркендеуіне үлес қосу басты міндеті деп есептеді. Мұны Әбілфайыз Ыдырысов жайлы айтқан замандастарының, шәкірттерінің, әріптестерінің лебізінен байқауға болады. Ғалымның баспа ісі мен журналистика саласына қосқан үлесі, оның өркендеуіне сіңірген ерен еңбегі тарих беттерінде алтын әріптермен қалатын мұра. Әбілфайыз Ыдырысов ғылым мен ұстаздықтан бөлек, шығармашылығын да қатар алып жүрген қарымды қаламгер. Оның жазған шығармаларының астары мен ақтарылар ой тізбегі ерекше. Бүгінде қаламгерден бізге жеткен эссе, хикаяттар мен әдістемелік оқу құралдардан бөлек, «Айжанның ғашығы» (1965), «Берік» (1994), «Аңсаған әнімсің» (2000), «Ақсүйек», «Кер бұзаудың өлімі» (2004), повестерімен «Таңшолпан» романы. Ә. Ыдырысовтың осындай жемісті еңбектері елеусіз қалмай, көзінің тірісінде Еңбек ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, доцент, мәдениет қайраткері, ұлағатты ұстаз сынды атаққа ие болды.
Бүгінде Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің төрінде Әбілфайыз Ыдырысовтың шығармашылығы мен еңбегі, өмір жолы шолпан жұлдызындай жарқырап, келер буынға үлгі болып тұр. Кешегі өнегелі өмір - бүгін тарих екенінің айқын дәлелі осы болса керек.
Аружан Тұрдалы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
3-курс студенті