Тәжікстан Ауғанстаннан төнген қауіп-қатердің алдын алып, оңтүстік шекараларын қорғау үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек сұрады. 

Бұған дейін Ауғанстанның солтүстік аудандарында үкімет әскері тәліптермен қақтығысқа түсіп, 1,5 мыңдай жауынгер Тәжікстан аумағына қашып өткен. Ахуал ушыққаннан кейін ресми Душанбе Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан шұғыл әрекет етуді талап етіп отыр. Душанбе Ауғанстанмен шекараны күшейту үшін резервтегі 20 мың азаматты әскерге шақырды. Сонымен қатар тәліптер тәжік-ауған шекарасының бойында мың шақырымға жуық аумақты бақылап отыр.

Осы мәселеге байланысты мәлімдеме жасаған Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров: «Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылап отырмыз. Елдегі ахуал күрт нашарлап кетуі мүмкін деген қауіп бар. Бұған АҚШ пен НАТО әскерінің ауған жерінен кетуі әсер етіп отыр. Ондаған жылдар бойы соғысқан шетел әскерлері Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Біз Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы Ресей базасының әлеуетін пайдалана отырып, одақтастарға жасалатын кез келген агрессиялық әрекеттерге тойтарыс беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз», – деді.

20 жылдан бері Ауғанстанда террористерге қарсы күресіп келген АҚШ бастаған коалициялық күштер мамыр айынан бастап әскерлерін шығарып жатыр. Құрама Штаттар билігі 11 қыркүйекке дейін әскерін Ауғанстаннан толық шығаратынын жариялаған.

1 шілде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтонда Өзбекстан мен Тәжікстан сыртқы істер министрлерімен кездесіп, ауған тақырыбын талқылады. Осылайша, АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарып жатқан тұста Уашингтон Орталық Азиядан стратегиялық әріптес іздеуге көшті.

5 шілде Тәжікстан өз шекарасын 1500-ден астам ауған әскері кесіп өткенін хабарлады. Олар тәліптермен қақтығыс кезінде шегініп, тәжік аумағына қарай өтуге мәжбүр болған. Ресми дерекке қарағанда, тәліптер осы елдегі 400-ге жуық ауданының 160-тан астамын бақылауына алған.

"The Qazaq Times"