Қазақстанда 6 желтоқсан күні 712 адамнан коронавирус, ал өткен сенбіде 33 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Қазіргі таңда 25,8 мың (КВИ+ 14 096, КВИ- 11 696) адам ауырып жатыр. КВИ- яғни коронавирус пневмониясына шалдыққандардың есебі бір күнде 6 есеге кемуі – жағдайдың жақсарғанын емес, денсаулық сақтау министрлігінің 48 сағатқа созылатын «қалың ұйқыға» батқанын көрсетеді.
#Коронавирус Желтоқсанның 6-сы коронавирус жұқтырған 621 адам айығып шықса, 9 адам өмірден өткен. Жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі – Павлодар (106), ШҚО (100), Қостанай (77), СҚО (68) облыстары және Алматы қаласы мен астанада (әрқайсында 67-ден). Республиканың барлық өңірінен анықталған.
ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 14 096 науқастың 3687-сі ауруханада. Тағы 10 409 адам амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 1010 бала емделіп жатыр. Қарашаның соңғы декадасында ауырып жатқан балалар күрт көбейді. 1 қыркүйектен бері ауырған кемінде 1741 оқушыға КВИ+, 1 мың балаға КВИ- диагнозы қойылған.
Ахуалы нашар 241 науқастың арасында 39 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 33 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Республика бойынша барлығы 137 мыңға тарта адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 120 мыңнан асады. Бұл жалпы науқастардың 90%-ға жуығы. Қазан айының ортасынан бері елде коронавирус қайта екпін ала бастады. Сонымен қоса, президент Тоқаев 16 қараша күнгі мәлімдемесінде солтүстік және шығыс аймақтарда статистиканың кемітіліп-бұрмаланғанын айтқан. Редакция Павлодар облысында 59, Қостанай өңірінде 57, Ақмолада 100, СҚО-да 200, ШҚО-да 300 жағдайдың жасырылғанын анықтаған.
#Коронавирус_пневмониясы Сондай-ақ, сенбі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 33 адам тіркелген. Пневмонияға шалдыққан 43 мың адамның 31 мыңға жуығы жазылып шыққан.
Жұма күні 193, сенбіде 33 науқас анықталды. ДенМин өкілінің айтуына қарағанда, дүйсенбі және сейсенбі күндері демалыс күнгі, яғни сенбі мен жексенбідегі мәлімет беріледі. КВИ+ жағдайын өткен тәуліктің ертеңіне жүйелеп жариялау жолға қойылғанымен, КВИ- туралы мәлімет екі күнге кешіктіріліп жинақталады. Дүйсенбі дерегі сәрсенбіде бір-ақ беріледі. Сондықтан «өткен күні» деп жазылатын ресми ақпарат күмәнді. Себебі ведомствоның баспасөз қызметі екі күн бұрынғы деректі «өткен күнгі» деп жариялайды. Апта сайын екі күнгі көрсеткіш төмендеп сала береді. Министрлік мұны медицина ұйымдары мен ведомствода демалыс күні екендігімен түсіндіреді. Статистикадағы кемшілікті, президент тапсырмасындағыдай бірізділік пен объективтіліктің сақталмайтыны жөнінде редакция тарапы ДенМин өкілдеріне (баспасөз хатшысы Әсел Артықшиновадан вице-министр Ажар Ғиниятқызына дейін) үш ай бойы кемінде 10 мәрте ескертіп, түсіндірді де. Алайда жауапты шенеуніктердің қатесін түзетер ойы жоқ. Қазан айының ортасында министрлік екінші толқын кезінде демалыс не мереке күніне қарамастан толық штаттық деңгейде жұмыс істейтінін мәлімдеген. Өңірлер әр күні әртүрлі түске боялып жатқанда пандемия модераторы жүгін арқалаған ведомствоның бұл уәдесі тағы да орындаусыз қалды.
ДДСҰ туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ туралы ақпараттық индикаторлар (аймақтарға таралуы, науқастардың ахуалы, оның ішіндегі стационар мен амбулаторлық бақылаудағылар саны, балалар саны, ӨЖЖА-мен тыныстап жатқандар, айыққандар, жаңа кейстер, қайтқандар) күнделікті жарияланса, ал КВИ- дерегі соңғы үш көрсеткіштен өзге мәлімет берілмейді. Қазір коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі дерегі министр әу баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, енді он күнде бір-ақ беріледі. Оның өзінде құжат форматында сайтқа жүктеледі, ведомство ресурстарында ашық әрі түсінікті жарияланбайды.Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
#Сөйтсе... Бір жарым айдан бері эпидемия ахуалы ушығып тұрған ШҚО-дағы жұқтырғандар саны 25 мыңнан асты. Екінші қатарда астана (22 мың), одан кейін Алматы қаласы (21 мың) облыстары орналасқан.Қазақстанда коронавирус өлімі азаймай тұр. 1 қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін, биылғы күзде Қазақстанда 43 мыңдай адам індетке шалдығып, 600 адам қайтыс болған (КВИ+ 26 476 кейс, 447 өлім / КВИ- 16 491 кей, 151 өлім).
Өткен қараша айында 24 мыңнан астам адам ауырған және 230-дай адам өмірден өткен. Бұл қазан айында тіркелген толық жиынтықтан да көп. Ресми дерекке сәйкес, қазан айында 9,5 мыңдай қазақстандық ауырған (4439 адам КВИ+ / 4984 адам КВИ-) және 165 адам өмірден өткен (118 адам КВИ+ / 47 адам КВИ-).
Осылайша бірінші толқынның шарықтау шегі – «маусым-шілде қырғынан» кейінгі тамыз айынан бері Қазақстанда дерт жұқтырып ауырғандар 120 мыңға жуықтады. Осы төрт айдың ішінде індеттен 1,4 мың адам өмірден өткен.
Пневмонияның коронавирустан басқа түрлеріне шалдыққандар саны
358 мыңға жеткен. Жиынтық есебі, 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 137 мыңға жақындап, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 43 мыңнан асқан.
ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 180 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3251-і
(КВИ+ / U07.1 – 2088, КВИ- / U07.2 – 454, ілеспе аурулардан – 709) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен
қайтыс болды делінген 709 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
27 қарашадағы ахуалға баға берген министр Алексей Цойдың сөзінше, өткен аймен салыстырғанда жұққандар саны 3,7 есе өскен Қазақстандағы жағдай «орташа қауіпті» деңгейде. Бүгінгі таңда ауру жұқтыру қатері жағынан СҚО, Палодар, Қостанай және Ақмола облыстары қызыл, ал астана, ШҚО, Атырау облыстары сары, өзге он өңір жасыл аймақта.
"The Qazaq Times"