АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың сайлау штабы мен Республикалық партия өкілдері президенттік сайлаудан кейін бес штатта дауыстарды санау процесіне байланысты сот ісін қозғады.

Сот ісі Пенсильвания, Мичиган, Джорджия, Аризона және Невадада басталды. Пенсильвания штатындағы дауыс беру туралы шағымдар бірнеше жергілікті соттарға ғана емес, сонымен бірге АҚШ Жоғарғы сотына да жолданды.

Бұл іс сайлауға дейін басталған болатын, бірақ содан кейін АҚШ Жоғарғы соты оны қараудан бас тартқан. Өткен жұмада сот республикалық партия өкілдерінің мемлекеттік органдарға «бюллетеньдерді жеке-жеке қарастыру» туралы талабын мақұлдады.

Дүйсенбіде Алабама, Арканзас, Кентукки, Луизиана, Миссисипи, Миссури, Техас, Флорида, Оңтүстік Дакота және Оңтүстік Каролина бас прокурорлары АҚШ-та «amicus curiae brief» («сот дәлелі») деп аталатын нысанда жоғарғы сотқа үндеу жасады. Олардың пікірінше, штат билігі кеш келген бюллетеньдерді қабылдап, сайлау туралы Конституцияның ережелерін бұзып, өз өкілеттіктерінен асып кеткен. Сондай-ақ дауыстар саны ұрланған болуы да мүмкін.

Осындай сот ісі Мичиган штатының сотына да берілді. Ал 16 сайлаушысы бар Джорджия штатында республикалық сот ісі қабылданбады. Онда сайлау комиссиясының бір қызметкері «пошта арқылы уақытында келген бюллетеньдерге учаскелер жабылғаннан кейін алынған қосымша бюллетеньдер заңсыз қосылды» деп мәлімдеді. Алайда судья мұны растайтын дәлелдер таппады. Аризона штатында (11 сайлаушы) іс қаралып жатыр. Онда республикашылардың пікірінше, бюллетеньдер толық есептелген жоқ.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Трамптың тікелей сайлау штабы сайлау күнінен бастап Штаттарда кем дегенде жеті сот ісін қозғады.

Трамптың сайлау науқаны атынан сөйлеген Ақ үйдің өкілі Кайли Макинени: «Мичиганның өзінде 130-дан астам жеке жазбаша айғақтар алынды. Сондай-ақ, біз Невадада дауыс беруге құқығы жоқ адамдардың мыңдаған дауыс бергенінен хабардармыз», – деді.

Сайлау күні Трамптың заңгерлері бірқатар айырмашылықтарды негізге ала отырып, сайлау округтарының соттарына жүгінген. Шағымды қарау кезінде дауыс санау тоқтап тұрды. Бұл қорытынды нәтиженің жариялануын одан ары ұзартты. Трамптың жеке адвокаты әрі ұзақ жылдан бергі досы Руди Джулиани аттанған Филадельфияда осы жағдай орнады.

АҚШ-та президент сайлауы 3 қарашада өтті. Трамптың қарсыласы демократ Джозеф Байден 270-тен астам дауыс жинап, сайлаудағы жеңісін жариялады. Республикалық партия өкілдері мен Трамп Байденнің жеңгенін мойындамады және сайлаушылардың дауыстарын санауға қатысты соттарға жүгінуге ниет білдірді. Себебі олар «сайлауда заң бұзушылықтар болды және Байденнің жеңіске жетуі үшін сыртқы факторлар ықпал етті» – деп санайды.

23 қарашаға дейін штат билігі пошта арқылы жіберілген бюллетеньдерді санауы керек. 12 желтоқсанға дейін әр штат бойынша дауыс беру нәтижелері бекітіледі. 14 желтоқсанда сайлау алқасының мүшелері дауыс береді.

2021 жылы 6 қаңтарда Конгресстің екі палатасының бірлескен отырысында сайлау коллегиясының дауыс беру нәтижелері мақұлдануы керек. Ал 20 қаңтарда сайланған президентті ұлықтау рәсімі өтеді.

"The Qazaq Times"