Тәжікстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, полиция рейдінен соң Душанбе қаласындағы 72 ойын-сауық орталығы жабылды. Бұл мекемелерде кәмелет жасқа толмаған балалар көп болған.
Тәжікстан ІІМ баспасөз хатшысы Умарджони Эмомалидің хабарлауынша, ойын-сауық орталықтары мен букмекерлік кеңселердің қожайындары жасөспірімдерді бұл мекемелерге кіргізбеу туралы жарлықты бұзған.
Бұған дейін министрлік ойын-сауық орталықтары мен букмекерлік кеңселерге кешке жастарды кіргізбеу керектігі туралы ескерту таратқан еді.
Умарджон Эмомалидің айтуынша, соңғы үш айда астанадағы ойын-сауық орталықтары мен букмекерлік кеңселерде 3,5 мыңға жуық бала мен жасөспірім ұсталған. Олардың ата-аналарына айыппұл салынды.
Кейбір букмекерлік кеңселер мен компьютерлік ойын залдарының қожайындары осындай шектеулерден соң азық-түлік дүкендерін ашуға мәжбүр болғандарын айтты.
“The Qazaq Times”