Ақтөбе облыстық полицияның хабарлауынша, Ақтөбе қаласында тіс емханасын басып алып, бір әйелді кепілдікке ұстаған ер адам келіссөзден нәтиже шықпағаннан кейін өлтірілген. Оқиға сәрсенбіге қараған түні болған. 1993 жылы туған А. есімді ер адам бұрын сотталған екен. Ол арнайы операция кезінде тапаншамен атып өлтірілді дейді облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Арыстанғали Заппаров. Бұл туралы "Орталық Азия хабар қызметі" жазды. 

ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ер адам 1991 жылы туған тіс емханасының әкімшілік қызметкерін "өлтіремін" деп қорқытып ұстаған. Полицияның мәліметі бойынша, ол 1993 жылы туған бұрынғы әйелін алдыма әкел деп талап еткен. Олар 7 наурызда ажырасқан екен.

Оқиға жайында полицияға хабар түсерден бірнеше сағат бұрын ер адам бұрынғы әйелінің үйіне барып, оның анасын пышақпен жаралаған. Ер адаммен келіссөз еш нәтиже бермегеннен кейін, кепілге алынған адамды аман алып қалу үшін, арнайы операциямен ер адамның көзін жойған.

Арнайы операция кезінде кепілге алынған әйел жараланбаған. Қазір ол дәрігер мен психологтың қарауында дейді полиция өкілі. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«The Qazaq Times»