Қазақстан  интернет сынамада ірі елдермен бірге болуға тырысады

Технология  көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап келеді. Осыдан он-он бес жыл бұрын мүмкін еместей көрінетін жаңалықтардың басында бүгінде Қазақстанның да бой көрсетіп жүргенін білеміз. Интернет сынамада біздің ел бұл жолы да қалыс қалмақ емес, яғни «Қазақтелеком» АҚ интернеттің бесінші буыны 5G-дің арқасында көптеген мүмкіндіктің болатынына кепілдік беріп отыр.

Канада, Түркия, Германия, Испания сынды алпауыт мемлекеттермен бірге біздің Қазақстан да жаһан жаңалығын сынап көруге кірісіп кетті. Тіптен АҚШ, Катар және Оңтүстік Корея сынды мыңдаған базалық станциясы бар елдерде мобильді операторлар 5G интернет желісін коммерциялық пайда көзіне айналдыру мақсатында іске қосып та үлгерген.

Сондай-ақ, Жапония билігі 2020-жылға жоспарланған Олимпиада уақытында интернеттің бесінші буыны елдің толық аумағын қамтығанын қалап отыр. Ал смартфон өндірушілер де қарап қалмай, ғаламтордың жаңа түріне қосылуға мүмкіндігі бар гаджеттер мен телефондардың алғашқы модельдерін шығармақшы.

5G несімен ерекше?

2010-жылы біздің тұрмысымызға енген ұялы байланыс стандарттарының соңғы нұсқасы 4G-дің өзін біздің халық толық меңгеріп бола қоймағаны белгілі. Яғни, 5G жаңалығы кей шағын қалалар мен шалғай ауылдарда қолжетімсіз болып отырған 4G-дің аймақтарға кең таралуына себеп болады.

Жалпы бесінші буынды іске қосуға еліміздегі адам санының артуы да себеп. Ол дегеніміз-халық тығыз қоныстанған және де туристер мен ел қонақтары жиі келетін басты қалаларда интернет сапасының нашарлауы заңды, сол себепті де 5G интернетінің қуатына қол жеткізу керек-ақ. Ал, қазірдің өзінде 4G-ге қосыла алмай отырған елдімекендер төртінші буынның интернет күшімен толық қамтамасыз етілетін болады. Уақыт өте келе 5G интернетін 50 мыңнан астам тұрғыны бар басқа да аймақтарға енгізу жоспарда бар.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақтелеком» АҚ мамандары Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында төрт мәрте өткізілген сәтті тестілеудің нәтижесінде бұл жаңалықтың жолында ешқандай кедергінің жоқтығына көз жеткізген. Алайда бұл тестілеудің соңғы қорытындысы деуге келмейді, себебі 2020-жылға дейін пилоттық аймақтарда толықтай тексерістен өткен соң ғана құрылыс басталмақ. Мамандардың айтуынша Қазақстан халқы аталмыш жаңалықпен 2021-жылы қауыша алады.

5G-ден не күтуге болады?

Алдымен, бұрын-соңды болмаған жылдамдықтың арқасында тұтынушылар кешеуілдеу дегенді мүлдем ұмытады. Қызмет барысында материалды жүктеу мен әлемнің түкпір-түкпірінен хабар алу жақсарып, жұмыстың өнімділігі мен уақыттың үнемділігіне себеп болмақ.

Осы уақытқа дейін, мұхиттың арғы бетіндегі адамның жүзін көріп сөйлесу адам сенгісіз құбылыс көрінгені секілді-интернеттің бесінші буынында да пенденің ойына да келмеген мүмкіндіктер ұшан теңіз. Мысалы, алдын-ала деректерге сүйенер болсақ, техника атаулы ортақ желілерге қосылып, бір-біріне маңызды деректерді жіберіп отырады, біздің істегіміз келгенді түсініп, күнделікті тіршілікке көмектеседі.

Болжамдарға қарағанда, желіге қосылған құрылғылардың саны 2017 жылы 5 миллиардқа, 2020 жылы 25 миллиардқа жетеді. Жүргізушісіз жүретін автомобильдер қуатты есептеу мүмкіндіктеріне қол жеткізіп, жолды дер кезінде бақылап, қауіп-қатерді бағалап отырады. Әдеттегі видеочаттардың нақтылығы жаңа деңгейге көтеріліп, сұхбаттасушының куәгердей болуын қамтамасыз етеді.
Тіпті қаланың инфрақұрылымы да жаңа деңгейге шығады: датчиктер жолдардағы қозғалысты, ауаның ластану деңгейін, тұрақтағы бос орындарды қадағалап, оның дерегін 5G-дің көмегімен сол сәтте-ақ машинамызға жібереді-деген болжам бар.

Сонымен, халық 5G-ді қалай қабылдайды?

Әйгерім Мұратова: «Өзім Нұр-Сұлтан қаласында тұратындықтан интернеттің зардабын тартқан емеспін. Елордада халық тығыз қоныстанғанмен 4G интернетінің де сапасы жаман емес қой. Бірақ 5G енгізетін болса, Нұр-Сұлтанның тұрғыны ретінде қолдаған болар едім, себебі жаңаның аты жаңа. Егер де бұл жаңалықты дамыған мемлекеттер қолдап отырса, біздің де қалыс қалуымызға болмайды деп ойлаймын».

Гүлжан Зейнолдина: «Мен Алматы қаласының тұрғынымын. Қазір 4G интернетін қолданамын. Егер интернеттің бесінші нұсқасы келер болса, жаңадан смартфон жаңартуға тура келеді. Ал, өз басым жаңа телефон алуға әзір дайын емеспін, егер 2021-жылы іске қосылатын болса, әрине күтеміз. Жаңалықпен бірге ілесіп отыру керек».

Жанар Әлиякбарова: «Жезқазған қаласында тұрамыз. Біздің қаладан 1-2 сағаттық қашықтықта орналасқан кей ауылдарда тіптен 4G ұстамайды. Интернет қолжетімсіз, уақытты көп жоғалтасың. Қаланың өзінде интернеттің сапасын жаман деуге келмейді. Алайда, үлкен қалалармен қатар біздің де жаңа нұсқаны тұтынғымыз келетіні өтірік емес».

Қазақстанда 5G интернет желісін орнату қанша қаражатты талап етеді?

5G желісінің мүмкіндіктеріне, оның халыққа әкелетін тиімді тұстарын ойлағанның өзінен-ақ, оның арзан жоба болмайтынын аңғаруға болады. 5G желілерін салу тек ұялы ғана емес, сонымен бірге тіркелген операторлардың құрылымындағы өзгерістерді қажет етеді. Радиоға қосылу желісін виртуализациялау, желілерді кесу, сонымен қатар жоғары жиілікті спектрді қолданумен бірге көлік инфрақұрылымына қойылатын жалпы талаптар осының бәріне жобамен алғанда 4G интернетіне жұмсалған қаржыдан 3-5 есеге дейін көп инвестицияның жұмсалатынын мойындау керек.

Тестілеу мен жіті тексерулер аяқталғаннан кейін бастан аяқ қанша қаражаттың жұмсалатыны белгілі болады да, инвестициялау жүзеге асырыла бастайды.

Шын мәнінде, 5G желісін дамытудың бес жылдық бағдарламасы қазақстандық операторларға соңғы жылдардағы желілік инфрақұрылымға салынған орташа инвестициямен салыстырғанда қымбатқа түседі. Бірақ бұл бесінші буын іске қосылғаннан кейін интернеттің бағасы қымбаттайды деген сөз емес. Демек, тұрғындарға ғаламтор мен оның тағы да басқа мүмкіндіктері қолжетімді болмақ. Яғни, Қазақстанның басты байланыс операторы «Қазақтелеком» АҚ бастаған басқа да байланыс өкілдері әдеттегідей өздерінің тарифтерін ұсынады, осылайша, халық қалаған бағасына өзіне қажетті сапалы интернетті қолдана береді.

Еркеназ Шоқан

“The Qazaq Times”