Путин байлығы АҚШ-қа не үшін қажет?
Наурыз айының 13-і күні АҚШ Конгресінің төменгі палатасы Ресейге қатысты төрт бірдей заң жобасын қабылдады. Онда Конгресс Ресей билігін оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың өлімін халықаралық дәрежеде зерттеуге шақырады және Ақ үй әкімшілігін Немцов өліміне қатысы бар адамдарға санкция салуға міндеттейді.
Бұдан бөлек қабылданған заң бойынша, АҚШ ұлттық барлау қызметі 90 күннің ішінде Ресейдің НАТО-ға қарсы жүргізуі мүмкін әскери әрекеттері жөнінде ақпараттар жинауы тиіс және Ақ үй әкімшілігі қандай жағдай болса да Қырымды Ресей территориясы деп мойындамайды. Бірақ аталмыш заң жобасының ең қызықты әрі болашақта үлкен саяси шиеленістерге алып келуі мүмкін тұсы «Ұлттық барлау қызметіне жарты жылда Владимир Путиннің қаржы активтері жөнінде ақпарат жинап, Конгреске ұсынуды міндеттейтін» бөлігі.
Владимир Путиннің 2017 жылғы қаржылай кіріс декларациясы бойынша, оның жылдық табысы 18,7 миллион рубльді құраған. 2016 жылы жарияланған декларацияда бұл көрсеткіш небәрі 8,86 миллион рубль деп көрсетілген. «Бір жыл ішінде 10 миллион рубль қаржыны Путин қайдан тапты?» - деген сұраққа оның баспасөз қызметі: «Путин 2017 жылы бірқатар жылжымайтын мүліктерін сатты» - деп жауап берген. Бірақ олар оның қандай жылжымайтын мүлігін сатқандығын айтпаған.
Ресми ақпарат бойынша, Путиннің иелігінде бір пәтер, бір гараж, ГАЗ М-21, Нива автокөліктері мен Скиф тіркегіші (прицепі) бар. Путиннің ресми жарияланған декларациясына қарап, АҚШ Конргесмендері «сүттен ақ, судан таза» адамды тексеріп не таппақ? деген ой келеді. Бірақ Кремль қожайынының байлығы екі автокөлік, бір пәтермен бітпейтіндігін олар да біз де білеміз. ВВС телеарнасының зерттеуі бойынша, Путин Еуропадағы ең бай адам. Оның жеке байлығы 40 миллиард доллар. Оппозициялық саясаткер Борис Немцов тірі кезінде Владимир Путиннің жеке байлығы жөнінде бірнеше мәрте сұхбат берді. Ол онда Ресей басшысының 22 миллион рубльдік сағатынан бастап, әрқайсысы 1 миллиард доллар тұратын 20 жеке үйі жөнінде айтқан.
Әзірге АҚШ Конгресінің төменгі палатасы қабылдаған заң жобасын Сенат мүшелерінің мақұлдау, мақұлдамауы белгісіз. Бірақ, АҚШ билігі бұған дейін 2018 жылы «Кремль баяндамасы» атты заң жобасын қабылдап, Владимир Путиннің маңайында жүрген 210 адамның тізімін жариялап, бірқатарына санкция салған. Бұл жолы осыдан бір жыл бұрынғы сценарий қайталануы әбден мүмкін. Егер АҚШ Ұлттық барлау қызметі Путиннің жеке қаржы активтері жөніндегі ақпараттарды жариялайтын болса, онда ол әлем жұртшылығы мен Ресей халқының назарынан тыс қалмайтындығы анық...