Облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері өзекті мәселелерді бақылауда ұстауы тиіс – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Премьер-министр Асқар Мәмин, президент әкімшілігі басшысы Әсет Исекешов және премьер-министр орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен әлеуемттік саясатты дамытуға байланысты бас қосуда президент Назарбаев көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға қатысты мәлімдеме жасады.
«Біз жақында ғана өткен «Нұр Отан» партиясының құрылтайында халыққа әлеуметтік көмек көрсету жөнінде талқыладық. Мен халықтың әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған бөлігіне көмектесу жөнінде кең көлемді бастамалар ұсындым. Бүгін біз соларды жүзеге асыру жоспарын қарайтын боламыз» - деді Назарбаев.
Президенттің сөзінше, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көп балалы аналар мемлекеттің көмегін жақын уақытта сезінуі тиіс.
«Көп балалы аналар мен жағдайы төмен отбасылар көмекті сәуір айының 1-інен бастап алуы керек» - деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек Назарбаев облыс әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларының жұмысы тікелей халықтың әлеуметтік жағдайы мен өмір деңгейіне қарап бағалатынын айтты.
«Облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері жергілікті халықтың өзекті мәселелерін бақылауда ұстап, қойылған міндеттердің шешу жолдарын қарастыруы керек. Бұдан басқа, басты бағыттардың бірі әлеуметтік саясатты дамытуға бөлінген қаражаттың игерілуін қадағалау... Бірінші кезекте халықты жұмыспен қамту қажет. Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – орта және шағын бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұл жұмысты барлық қалаларда, аудандарда, ауылдарда жүргізу керек» - деді президент.
Естеріңізге салайық, ақпан айының басында Астана қаласындағы бес бүлдіршіннің өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін, Республика бойынша көп балалы аналар қарсылық митингісіне шыққан. Олар көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемін арттыруды, баспана мәселесін шешуді т.б талап еткен. Осыдан кейін көп ұзамай президент Назарбаев Сағынтаев үкіметін отставкаға жіберіп, оның орнына Мәмин үкіметін жасақтаған.