Бүгінде әлеуметтік желі – қоғамның айнасы іспетті. Сол желіде жылт еткен жылтырақты жаңалық етіп, улатып-шулатып тақырып қойып, тыныш жүрген адамды жерден алып, жерге салып жүрген сайттарға оқырмандарының қырық пышақ болып жатқандары керек. Осылайша оқылым саны артады, сайтқа кірушілер көбейеді. Ал инстаграм мен фейсбук ауылында оқырмандар кәдімгідей екіге бөлініп, жақтаушы мен даттаушы рөлдеріне кіріп, «қызыл кеңірдек» болып сөз таластырып жатқандары. Қыза-қыза келе бір-бірінің жеке бастары тіл тигізіп, кәдімгідей ашуланып, тіпті доқ көрсетіп жатады. Ал әнебір үшінші топ сөзге тоқтау айтып, бейтарап ортаны ұстанып отырады. Осылайша сынаймыз деп сүрініп, сүрініп жатып бүлініп жүргенімізге мән бермей жүргендейміз. Осы мәселе жайында жиһангез-блогер, журналист, психолог Динара Болаттан сұрап көрген едік.
- Ғаламторда жағымсыз пікір жазушылар мен «диван батырларының» көбеюіне не себеп? Мәселе интернеттің тез дамып, адамдардың өз ой-пікірлерін ашық айтуына мүмкіндік тууында жатыр ма, әлде жалпы адамдардың психологиясы өзгеріп жатыр ма? Бұл құбылысты қалай түсіндіруге болады және бұл құбылыстың жағымды және жағымсыз жақтарын саралап өтсеңіз.
- Біздің қоғам бүлінген жоқ. Дегенмен әуелден осындай ой-өресі төмендеу немесе психологиялық қысыммен өмір сүріп, өзінің өмірін, мәдениетін дұрыс қалыптастыра алмаған адамдар бар және бүгінде ғаламтор олардың ішіндегі күйді, комплекстерді, ойындағысын осы әлеуметтік желіге шығаруға түрткі болып отыр. Мұны қазіргі заманның көрінісі емес, ол баяғыда да болған деп ойлаймын. Қазір тек ғаламтор осыған мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы қазақ аудиториясындағы блогер болғандықтан, орыстілді ортамен ылғи да салыстырып отырамын. Ондай салыстыруларымды өзімнің посттарымда да жазып отырамын. Қазір орыстілді аудиториядағы блогерлер мен журналистердің заманы жүріп тұр, олар жоғары сұранысқа ие, көтерген мәселелері оң шешімін тауып, шешіліп жүр. Себебі орыстілді аудитория бізге қарағанда анағұрлым сауаттырақ, қоғамдық мәселелерге келгенде өз ой-пікірлерін объективті жеткізіп, белсенді араласа алады. Ал қазақтілді аудитория көп жағдайда жұлдыздардың өмірін бақылау, той-думан сынды осындай бір ұсақ әңгімелерден аса алмай жүр. Осының өзінен қарап-ақ біздің аудитория неге жағымсыз пікірге бейім, неге осындай сауатсыздық, мәдениетсіздік танытады деген сұраққа жауап ала аламыз. Мен нақты пайыздық үлесін білмеймін, бірақ білуімше мұндай көрсеткіште біз орыстілді аудиториядан төмен қалып отырмыз. Меніңше, осы тұрғыда халықтың арасында сөзі өтіп, жол бастап жүрген журналистер бар, блогерлер бар, жалпы халықтың зияткерлік, моральдық деңгейін көтеруге жұмыс жасауымыз керек.
- Жағымсыз пікір жазушылар әр жаста да кездеседі. Сол кісілер өмірде моп-момақан, сабырлы жан болуы мүмкін, бірақ әлеуметтік желіде батыр, өзін басқаша ұстайды. Адам өзі бақытты болса, өзгелермен ісі жоқ деген ойды басты назарға алсақ, сонда адамдардың көпшілігі өзін белгілі бір деңгейде бақытсыз сезінеді деген сөз ба?
- Жалпы соңғы кезде әртүрлі салалар бойынша неше түрлі коуч, семинар, тренинг өткізушілерге сұраныс артып келеді. Жалпылай айтсақ, халықтың жартысы дінге түбегейлі бет бұрды, жартысы психология ғылымының «соңына түсіп», зерттеуге кірісті. Бұл дегеніміз – халықтың өзінде үлкен рухани күйзеліс бар дегенді білдіреді. Нәтижесінде сіздің айтқаныңыздай қоғамда белгілі бір дәрежеде өздерін бақытсыз сезінетін жандардың саны өте көп.
- Белгілі бір іс пен құбылыстың тек жаман жағын көретін жандардың жалпы психологиясы қалай қалыптасады? Мұндай жандардың өзін-өзі бағалауы мен өзін дамытуы тиісті қандай деңгейде болады?
- Мұндай адамдар типі өздеріне іштей сенімсіз болғанымен, сыртқы ортада өздерін өте сенімді ұстайды. Іштей өздеріне көңілі толмау комплекстеріне, толымсыздық комплекстеріне толы болуы мүмкін. Бірақ сыртқы ортада мұнысын мүлдем көрсетпейді және өздерінің осал тұстары бола тұра, яғни ортасына, өзіне көңілі толмаған адам ішкі өшін өзгелерден алуды әдетке айналдырады. Өзін-өзі дамытуды, өз өмірін өзгертуді қолға алғанша, уақытты осылай өткізіп, яғни басқа біреулердің әлсіздеу тұстарына тиісіп, содан ләззат алғандай болады. Мұндай типтегі адамдарды қалай өзгертуге болады дейтін болсақ, үгіт-насихат жүргізіп немесе бір арнайы курстар жүргізу өте қиын. Себебі олар ылғи өзімшілдікпен ешкімнің сөзін мойындамайтын адамдар типі. Бұл адамдарды тек қана өмірде болатын кейбір оқиғалар мен басынан өткен қиын кезеңдер ғана өзгертуі мүмкін.
- Сіздің инстаграм және фейсбук парақшаларыңызда жағымсыз пікірлер жоқ десе де болады. Посттарыңызды сауатты, түсінікті, қарапайым тілде жеткізесіз, бастысы тұщымды ойлар айтасыз, танымдық посттар жазасыз. Сіздің оқырмандарыңыздың арасында жағымсыз пікір жазушылардың жоқ болуының сыры неде деп ойлайсыз? Жағымсыз пікір жазу тек оқырманға ғана емес, блогердің де байланысты секілді...
- Мен төрт жылдан бері аталмыш парақшаларымды блогер ретінде жүргізіп келемін. Расында да, менің оқырмандарымның арасында жағымсыз пікір жазатындар жоқтың қасы. Бұл жерде «өз ортамды» өзім тәрбиелеп, қалыптастырып алдым десем артық болмайтын шығар. Менің парақшамда өмірден тоқығаны көп, ішкі мәдениеті бар оқырмандар ғана тұрақтап қалады деп ойлаймын. Ішіндегі бірен-саран сөз арасын бүлдіріп, «біртүрлі» сөйлейтіндердің өзі кейін осы парақшада қалғысы келсе, осы ортаны көріп, тіпті бір бөгде нәрсе айтқысы келсе де, кішкене басылып, ыңғайсызданып сол пікірді айтпай қалатын сияқты. Жағымсыз пікір жазғандар да болды, бірақ сол жандар менің парақшамнан шығып кетеді немесе кейін негатив ойларын жазбайтын болады. Себебі мен міндетті түрде ондай пікір иелеріне жауап беремін, жауап бергенде де әдепті түрде, ары қарай ұрысуға, сөз таластырып айтысуға мүмкіндік болмайтындай мейіріммен, сауатты түрде жауап беремін. Оларда енді ары қарай ұрсысып отыруға мүмкіндік қалмайды.
Мен блогер өз оқырманын өзі қалыптастырады деп ойлаймын. Әлеуметтік желі болса да оқырман блогердің жазған мәтінінен шынайылықты да, екіжүзділікті де, қарапайымдылық пен тәкәппарлықты да сезіне алады. Өйткені халықты алдай алмайсың. Менің жазбаларымнан қарапайым, шынайы екендігім бәріне түсінікті сияқты. Сондықтан баса-көктеп мені төмендеткісі келіп немесе сен осы сөзіңе лайық емессің дейтіндей, мені ылғи түзетіп отыруға тырыспайтындары да осыдан шығар. Мен көп жағдайда жазбаларымда өзімді осы мені оқып жатқан халықтың, көптің бірі ретінде ұсынамын. Блогер болған соң адамдардың ішкі көңіл-күйлері, сезімдері, тіпті көреалмаушылықтары да пікірлерден сезіліп жатады, мұндай жағдайда мен психолог ретінде бейтараптандыру әдістерін қолданамын.