– Нұрсұлтан Назарбаев мамыр айының басында Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті жиынына қатысу үшін Қытайға барады. Осы сапарында мемлекет басшысы Қытай төрағасымен этникалық қазақтардың жағдайын талқылауы мүмкін бе? Бәлкім, арғы беттен ақжолтай хабар естіп те қалармыз?

– Кез келген мемлекет басшысы өз халқының мұң-мұқтажын, мақсат-мүддесін өз қызметінің ең басты кредосы етіп алуы шарт! Онсыз ол өз жұртының, ұлтының қолдауынан айырылып қалуы мүмкін!

Әрине, ШЫҰ жиынының өз протоколы бар, яғни басшылар алдын-ала келісілген күн тәртібін талқыламақ, сол мәселелерге қатысты құжаттарға ғана қол қоймақ. Сондықтан Қытайдағы қазақтардың халі сол жиында арнайы талқыланады деп ойламаймын.

Бірақ, Қытай басшылығымен екеуара кездесуде елбасы қазір барша қазақты толғандырып отырған мәселені айтып, өз алаңдаушылығын білдіріп, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге тырысады деп сенемін. Ол тақырып мүлдем қозғалмаса, қазақ оны түсінбей қалады.

– Еліміздің Сыртқы істер министрлігі жақында Қытайда қамауда болған 9 отандасымыздың бостандыққа шыққанын мәлімдеді. Бұған "біздің ведомство    қандастарымызды құтқару операциясына көшті" деген баға беруге бола ма?

– Әрине, бұл, сөзсіз, жақсы хабар! Әр қазақтың бостандығы үшін ел болып, күресуіміз керек.

Бірақ, Сіз бен біздің айтып жатқан проблемамыздың жөні бөлек емес пе? Сондықтан да біздің ведомство белгілі бір операцияға көшті деп айту ыңғайсыз болар...

– Шынтуайтында, Қытайдағы қазақтарға қалай көмектесуге болады? Ол үшін мемлекет не істеуі керек?

– Әрине, дайын тұрған рецепт жоқ. Оны біз ел болып, қоғам болып, бірлесе ұсынуымыз керек деп ойлаймын.

Біріншіден, оны мойындау керек, әр мемлекеттің өзінің дербес, өзі ғана шешетін ішкі саясаты болады. Оны «тәуелсіздік», «егемендік» дейді. Ол салаға ешкімнің араласуына құқы жоқ. Мәселен, Қытай Қазақстанның, Қазақстан Қытайдың ішкі істеріне сырттан келіп, ықпал ете алмайды.

Алайда, өзге мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың құқықтары өрескел түрде бұзылып, адамдар қасіретке ұшырап жатса, билік үнсіз қалмауы керек! Және ол үшін дипломатияның барлық - ашық та, жабық та - тетіктерін пайдалануы тиіс! Керек болса, бұрын да қолданыста болған халықтық дипломатия әдістерін де қолға алуы керек.

Мәселен, біз, «Жаңа Қазақстан» Форумының өкілдері, өткен жолғы Брюссельдегі сапарымызда Европарламент депутаттарына осы жағдай туралы айтып бердік. Астанада өткен шетел дипломатиялық миссияларымен кездесуде де осы әңгімені жалғастырдық.

Немесе мына тұрған Ресейде қит етсе болды, оның Думасы арнайы саяси мәлімдемелер жасап, дүниенің түкпір-түкпіріндегі өз отандастарын қорғап жатады. Біздің парламент неге үнсіз?!

Бізде: "Қытай бір жарым миллиард, біз 18-ақ миллионбыз! Сондықтан оларға әліміз жетпейді" деген теріс, шарасыздыққа жетелейтін пікір де қалыптасқан. Жоқ, мемлекетаралық қарым-қатынаста халықтың санына мән берілмейді. Әйтпесе, мәселен, 3 миллион ғана халқы бар Армения да Қытай сияқты БҰҰ-ның толыққанды мүшесі. Әлемде халық саны мен аумағы мүлдем кішкентай елдер бар, бірақ олардың халықаралық мәртебесі мен құқы қалған елдермен бірдей. БҰҰ секілді ұйымда құйтақандай ел де, алпауыттар да бір ғана дауысқа ие. Сондықтан біз әуелі осындай жаңсақ түсініктен арылып, сыртқы саясатты түзеуіміз керек.

Екіншіден, біздің билікте геосаясатқа, сырты саясатқа жауап беретін құрылымдарда ұлттық мүддені ашықтан-ашық, білікті де өркениетті түрде қорғай алатын мамандар азшылық етеді. Көбісі өзінің қазақ екенін ұмытып кеткен сияқты. Олар "әр қазақ - менің жалғызым" деген ұстанымнан ада. Базына айта барған адамдармен тілдесудің орнына, ат тонын ала қашады. Дипломатиялық бюрократия қалыбынан шыға алмай қалған кадрлар қаптап кеткен. Ал жоғарыда отырған министр не Ақордаға тиісті ақпарат беріп, хат жазып, ұсыныстар дайындайтын да дәл осы «кеңселік планктон» емес пе? Алдымен солардың қатарын, сапасын жақсарту керек!

Билік халық алдындағы беделін түсірмеу үшін осынау аса жанды мәселеде үнсіз қалмай, елмен ашық сөйлескені абзал. Тіпті, "мынадай, мынадай себептерге байланысты әзірше қолымыздан келмей жатыр, бірақ қолдан келген тірліктің бәрін жасап жатырмыз" деп, ағынан жарылып, жатса, меніңше, халық мұны түсінер еді.

Үшіншіден, Қазақстан осы 27 жылда Қытайға біршама кіріптар болып қалды. Әсіресе, қаржылық-экономикалық жағынан тәуелділігіміз күннен күнге артып келеді. Миллиардтаған қарызымыз бар. Жуырда 51 кәсіпорын біздің елге ақша құймақ. Бірақ ешбір мемлекет инвестицияны құрдан-құр бермейді. Мұның астарында бір сыр бар... Бәлкім Қытай біздің шенеуніктерді осы арқылы байлап тұрған шығар?! Оны ешкім білмейді.

Төртіншіден, қандастарымыздың жағдайын шешу мәселесінде халықаралық ұйымдардың да мүмкіндіктерін ыждағаттықпен пайдалану керек. Біріккен ұлттар ұйымының осы тұста мүмкіндігі зор.

Өркениеттік, ғаламдық тұрғыдан алсақ, әрбір ұлт өкілі өз Отанына ерте ме, кеш пе, оралады. Заман көші сол бағытта жылжып барады. Ата айналып қазығын табады. Мәселен, Қазақстаннан пәленше орыс не еврей көшіп кетті деген ақпаратқа да тарихи түсіністік тұрғысынан қарау керек.

Сондықтан біз де жыраққа жүрген қазақтардың өз еліне қайтып оралу бағдарламасын түбімен қайта қарауымыз керек! Жыл сайын бюджетті бекіткен кезде, осы мәселе бірінші кезекте ескерілуі керек. Саясатта осындай ұстаным қалыптастырып, қандастарымыздың Ата-жұртқа оралуына даңғыл жол ашуымыз қажет. Кез келген қазақ елге ешқандай шартсыз келе алуы керек. Ол Қытайдағы ғана емес, Ресейдегі, Өзбекстандағы, Түркия және Ирандағы қандастарымызға да қатысты.

– Шеттегі қазақтардың тарихи отаны - қазақ жері екені даусыз. Бірақ мұндағы қандастарымыздың өзге елден қоныс аударып келген отандастарымызға қырын қарауы ара-тұра кездесіп қалады. Оларды өзектен теуіп, мүсіркейтіндей көрінеді кейде. Осы қылығымызға қандай түсінік бересіз?

– Ауруын жасырған арам өледі: өкінішке орай, кейбір ондай теріс көзқарас бар екені – өмір шындығы. Әрине, ондай кесірлі көзқарас барлық жерде бар деп айта алмаймыз, бірақ бір құмалақ бір қарын майды шірітіп жатқаныи да рас.

Оның себептері де жоқ емес.

Біріншіден, ресми насихаттың өзі тарихи Отанына көшіп келіп жатқан қандастарымыз туралы жан-жақты, шынайы әрі жанашыр ақпарат беру ісінде кежегесі кейін тартып тұрады. Басты мемлекеттік органдарда қандастарымыздың шынайы қамқоршылары жоқ секілді әсер қалады! Шетелден келген қазақтар шетінен сұрампаз, тоғышар, тек қана мемлекет көмегіне зәру, ешнәрсеге қабілетсіз адамдар ретінде қабылдануы да сол себептен! Осы теріс те кесірлі дәстүрді доғару қажет!

Отанға оралып жатқан азаматтар шет елде, басқа ұлттың аумағында, шынайы бәсеке ортасында жүріп, маңдай терін төгіп жүріп, шыңдалған, өмірлік әрі өркениеттік тәжірибесі мол қауым! Қоғам өмірінің барлық саласында – экономикада, ғылым мен білімде, бизнесте, ел басқаруда – өз орнын ойып алуға қабілетті жандар! Осы ойды барлық мемлекеттік органдар түсініп қана қоймай, қоғам санасына сіңіре беруі қажет.

Тіпті қандастарымызды «отандастар» демей, «оралман» деп атаудың өзінде де бір қазақты екіге бөлуге ниеттенген бір құйтырқылық жатқан секілді!

Екінші себеп елімізде қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық проблемаларда жатыр. Онсыз да не оқуы, не жұмысы, не үйі жоқ жергілікті жұрт шетелден көшіп келген ағайынға өзінің орнын тартып алатын бәсекелес ретінде қырын қарап жататыны рас. Бұл жерде көп нәрсе сол жердің адамдарының деңгейіне, мәдениеті мен көргенділігіне де байланысты: бес саусақтың бәрі бірдей емес.

– Қазір біздің елде Қытайда қысым көріп жатқан этникалық қазақтардың жайын айтып, елге үндеу тастап жатқан белгілі бір топтар бар. Олар қытайлар озбырлық жасауда дегенді тілге тиек етіп, небір сұмдықты мысалға келтіреді. Қалай ойлайсыз, олардың тап осылай ұлардай шулауы - қазаққа жан ашығандық па, әлде Қытайды жаман ел қылып көрсету - жеке жеккөруден туған пиғыл ма? 

– Иә, байқап отырсақ, осы тақырып төңірегінде дауыс көтеріп жүргендердің өзі бірнеше топқа бөлініп кеткен сияқты.

Меніңше, қандастарымыздың Қытайдағы қиын жағдайы ішкі аренадағы саяси ойынның құралы боп қалмауы тиіс!

Әрине, әкесі өлсе де естіртетін халықпыз, ол жақта қалыптасқан жағдай туралы мейлінше ашық әрі шыншыл ақпарат керек!

Қалай дегенмен де халықаралық қатынаста көп нәрсе ресми органдар арқылы шешіледі. Сондықтан қоғамда туындап жатқан наразылықты сындарлы арнаға бұрып, қоғам мен биліктің мүмкіндіктерін мейлінше тиімді пайдаланып, мемлекеттік аппараттың да әлеуетін барынша толық іске қосуымыз керек. Ол үшін билік те өзінің кеудемсоқтық, менсінбеушілік әдетін қойып, осы мәселе төңірегінде белсенділік танытып отырған ұйымдар мен жеке азаматтармен қоян-қолтық әрекет жасауы керек деп санаймын!

Керек болса, ел ішінде күннен күнге артып бара жатқан наразылықты өз қажетіне, соның ішінде, Қытай жағымен жария және жабық келіссөздер кезінде пайдалануы керек.

Табысты дипломатияның бір қыры осы!

Және де баршамыз ескеретін бір жайт бар. Қытайда бір жарым миллионнан астам қазақ тұрып жатқанын ескерсек, біздегі кейбір қызуқанды белсенділердің тым қатты кеткен, соның ішінде шектен тыс антиқытайлық ритторикасы сол қандастарымызға өзінің теріс әсерін тигізуі мүмкін! Оларға салқынымызды тигізіп алмайық!

Ең соңында айтарым: көші-қон мәселесінде шешімін таппай жүрген мәселелердің соншалықты көбейіп кеткенін және тиісті мемлекеттік және қоғамдық (мәселен, Қазақтардың Дүниежүзілік Қауымдастығы) ұйымдардың дәрменсіздігі мен тиімсіздігін ескере отырып, Қазақстанда дербес Отандастар ісі жөніндегі министрлік не мемлекеттік комитет құру керек және де ол тікелей президенттің өзіне бағынуы тиіс. Сонда ғана біз өз ішіміздегі көптеген бюрократиялық кедергілерден құтылып, отандастарымызды қорғау мен қолдау ісін жаңаша бір сапаға көшіре аламыз.

Бәлкім, сонда барша қазақты толғандырып отырған осы мәселе орнынан қозғалып, өз шешімін таба жатар.

– Әігімеңізге рахмет!

“The Qazaq Times”