Киевте ресейлік журналист Аркадий Бабченконы атып кетті – деп хабарлайды «Медуза» ақпарат агенттігі.
Мамыр айының 29-ы күні Киев қаласында ресейлік журналист Аркадий Бабченкоға қарулы шабуыл жасалды. Оған үйінің алдындағы дүкеннен шыққан бетте белгісіз адамдар оқ атқан. Салдарынан Бабченко ауруханаға барар жолда көз жұмған.
Киев құқық қорғау органдарының болжамы бойынша, Аркадий Бабченконың өліміне оның кәсіби қызметі мен азаматтық ұстанымы себеп болуы мүмкін.
Қазіргі таңда Украина ішкі істер министрлігі аталмыш оқиғаға байланысты «қасақана кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғаған. Өз кезегінде Ресей тергеу комитеті «Тергеу комитеті Ресей азаматына қатыгездікпен жасалған қылмысты назардан тыс қалдырмайды» - деп мәлімдеген. Ал Халықаралық журналистерді қорғау комитеті Украина билігін Бабченконың өлімін мұқият тексеруге шақырған.
Айта кететін бір жайт, Аркадий Бабченко қастандыққа дейін өзінің «Twitter» парақшасына президент адамдарының өзіне сес көрсетіп жүргендігі жөнінде жазған. Бірақ кейінірек ол жазбасын өшіріп тастаған.
Аракдий Бабченко Шешенстанда болған екі соғыстың екеуіне де қатысқан. Ол ұзақ жылдар бойы әскери тілші болып «Новая газета» сияқты беделді басылымдарда жұмыс істеген. Осы уақыт аралығында ол Ресей билігін сан мәрте сынаған. Бабченко 2017 жылы Ресейден кетіп, Қырым татарлырының АТR телеарнасына жүргізуші болып қызметке орналасқан.