АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли палестиналықтар мен израильдік әскерилер арасындағы қақтығысқа Иерусалимде АҚШ елшілігінің ашылуының ешқандай қатысы жоқ деп мәлімдеді.
«АҚШ Израильдегі елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіруге шешім шығармай тұрып-ақ, Хамас террористік ұйымы осы аймақта көптеген жыл бойы озбырлық әрекетін жалғастырып келген еді", - деді Хейли.
Бүгінде қаза тапқандардың санының 58-ге, ал жараланғандардың 2700 ден асқаны мәлім болды. Кеше, шейіт болған палестиналықтар жер қойнына берілді. Ал қаза тапқандардың арасында израильдіктер жоқ.
Енді осы қанды қақтығысқа әлем елдері қандай көзқараста?
Көптеген елдер Газа секторы мен Израиль шекарасындағы осы жағдайға алаңдаушылықтарын білдіруде. Мәселен, Ұлыбритания, Германия және Франция израильдік әскерилердің әрекеттерін құптамайтындықтарын мәлімдеді. Ал, Британия премьер-министрі Тереза Мэй бұл оқағаны қайғылы жағдайға теңеп, болған істі мұқият тексеруге шақырды. «Палестиналықтар қарсылық көрсетуге құқылы. Алайда, бұл қарсылықтары бейбіт түрде өтуі керек еді», - деді.
«Ондаған палестиналықтың қаза табуы алаңдатпай қоймайтын оқиға. Біз жағдайды мұқият бақылаудамыз. Кез келген тарап, барлық елдер, әсіресе, «квартет» қатысушылары мұндай келеңсіздіктің туындауына себеп болатын қандай да бір әрекеттен аулақ болуы керек», - деді, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Ал, ОАР болса, Израильдегі елшісін қайтарып алды.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да: «Тарих Израиьлдің бұл әрекетін ешқашан кешірмейді»,- деп, өз ойын білдірді. Сонымен қатар, ол АҚШ-тың елшілікті көшіру шешімін сынға алып, Ақ үй билігі қанды қырғынды ушықтырды деп есептейтінін жасырмады.
Еске салайық, палестиналықтардың жаппай қарсылық шаралары 14 мамыр күні таңертең басталды. Олардың бұл наразылықтарының бір себебі — Иерусалимде АҚШ елшілігінің салтанатты түрде ашылуы. Негізінде, қарсылық шарасы үстіміздегі жылдың 30 наурызында палестиналықтардың жаппай көшірілуіне 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған еді. Аталған тарихи жағдайдың 1948 жылы орын алғаны белгілі. Осының артынша, Израиль мемлекеті құрылып, арабтар мен израильдіктер арасында соғыс тұтанған еді. Ал, енді ресми түрде 50-ден астамның өмірін жалмаған осы қанды қырғынға нақты кім кінәлі екені даулы мәселеге айналуда.