Үкімет дағдарыспен күресіп жүргенде «Z» заманының жастары өсіп-жетілді. Қазіргі таңда қазақ жастарын не мазалайды? Олар өз болашағын қалай елестетеді? Жастар қай бағытта кетіп барады?
Нархоз университетінің бір топ жас ғалымдары 14 пен 17 жас аралығындағы «Z» заманы ұрпақтары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген. Қазақстанның 4 қаласында 1600-ден астам жасөспірімнен сауалнама алған жас ғалымдар мынандай қорытынды шығарған:
1. Қазіргі таңда қазақ жастары үшін бірінші орында отбасы, денсаулық және мансап тұр. Бұдан бөлек мектеп жасындағы буын өздерінің аға-апайларына қарағанда спортқа, дұрыс тамақтануға, диетаға көбірек көңіл бөледі.
2. Сауалнамаға қатысқан жастардың 41 пайызы жеке меншік компаниялардың, университеттердің грантын ұтып аламын деп ойлайды. Ал 13 пайызы мемлекеттік гранттардың есебінен оқығанды қалайды. Бірақ басым көпшілігі бастысы білім емес тамыр-таныс деп есептейді және өздерінің ата-аналарынан көбірек қаржы табамын деп ойлайды.
3. Мектеп жасындағы жастар үшін ең қиын кезең ҰБТ уақыты. Олардың басым көпшілігі өз болашағына сенбейді және дәл қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда өздерінің ойлаған ойларын іске асыру мүмкін емес деп есептейді.
4. 14 пен 17 жас аралығындағы «Z» заманы ұрпақтарының ойынша, қоғамның дамуына кедергі болып тұрған - жемқорлық.
5. Жастар арасында индивидуализм басым. Мектеп жасындағы жастардың басым көпшілігі өзінің жеке басын ойлайды. Қоғамдық жұмыстармен, жалпыға ортақ істермен айналысқысы келмейді.