Жаңа 2018 жылдың басталғанына бір айдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында Нұрсұлтан Назарбаев бір ғана ресми іс-сапар жасады. Ол 16 қаңтар күні Уашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Аталмыш іс-сапарды айтпаған, жазбаған, талқыламаған газет, журнал, телеарна, сайт қалмады. Бірақ бүгін біз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл іс-сапары жөнінде емес, былтырғы жылғы жұмыс жоспары жөнінде сөз қозғайтын боламыз. Өткен жылы Назарбаев ішкі және сыртқы саясатта кімдермен жиі кездесті? Ішкі саясатта қай ведомства басшысын жиі қабылдады? 

2017 жылы 77 жасқа келген Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жұмыс жоспарымен жас буынды таң қалдырды. Ол өзінің тығыз жұмыс графигімен әлі де болса кез келген жас саясаткерді он орайтынын көрсетті. Бұған Ақорданың ресми сайтын парақтап көрсеңіз өзіңіз де көз жеткізесіз.

Ақорда ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенетін болсақ, былтыр Нұрсұлтан Назарбаев жыл бойына бас-аяғы 20 ресми іс-сапар жасаған. Оның 9-ы шетелге, 11-і ел ішіне жасалған ресми іс-сапарлар. 2017 жылы Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы саясатта басымдықты бұрынғысынша Ресейге берген. Ол өткен жылы Владимир Путинмен бес рет кездесіп, 11 рет телефон арқылы сөйлесіп, солтүстіктегі көршімізге 2 рет ресми іс-сапармен барған. Сыртқы саясатта Ресейден кейінгі орында Орталық Азия елдері тұр. Бұл бағытта Нұрсұлтан Назарбаев аймақтағы өзге елдермен салыстырғанда Өзбекстанға көбірек көңіл бөлген. Ол Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен үш рет кездесіп, бес рет телефон арқылы сөйлесіп, бір рет ресми іс-сапармен барған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы кездесулері :

Ал ел ішіне келетін болсақ, 2017 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан өзгесінің барлығына барған. Бұдан бөлек Ақордада түрлі ведомства басшылары мен облыс әкімдерін бірнеше мәрте қабылдаған. Олардың ішінде ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов, ІІМ Қалмұхамет Қасымов және Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов президент қабылдауында көп болған. Бұл ресми Ақорданың негізгі назары күштік құрылымдарда дегенге меңзейді.

“The Qazaq Times”