АҚШ президенті Дональд Трамп президент болып сайланғаннан бергі ең ұзақ әрі салмақты сапарына аттанды. Бұл сапар 10 күнге жалғасады және Шығыс Азияның 5 елінде болады. Дегенмен, Тынық мұхиттың батыс жағалауындағы елдерін тегіс аралап шыққалы отырса да Солтүстік Кореяға бара алмайтыны анық. Алайда, Трамп сапар барысында барған елдің бәрінде де Солтүстік Кореяның «жырын жырлайды». Яғни, Солтүстік Корея жаһандық ядролық держава ретінде қарастырылады, ал басқа да дамыған елдер осы амбицияны әлсіретуге тырысып келеді. Міне бұл осы реткі Трамп сапарында кез-келген екіжақты келіссөздерге, экономикалық талқылауларға және коммерциялық шығарылымға ең басты тақырып – Солтүстік Корея болады.
«Washington Post» басылымының хабарында, Ақ үй өкілдері бұл жолғы сапар Трамптың Қытайға деген көзқарасын өзгертуге және Азия елдерімен болған сауда тапшылығын барынша азайтуға оң ықпал жасайды деп қарайтыны айтылған. Ал «The Wall Street Journal» басылымы президент кеңесшілерінің сөзіне сілтеме жасай отырып, Трамптың бұл сапардағы басты міндеті, сапарлай барған ел үкіметтері мен Солтүстік Корея арасындағы қарым-қатынасты реттеу. Сонымен бірге Солтүстік Кореяның ядролық арандатушылығына қарсы күреске жұмылдыру. Бұл үшін Солтүстік Кореяға бағытталған қысымды арттыруға көндіру екенін хабарлады.
Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Х. Р. МакМастер сөзінде: «Президенттің сапарының үш негізгі мақсаты бар. Біріншіден, Солтүстік Кореяны ядролық қарусыздандыруға халықаралық күш-жігерді нығайту. Екінші, Тынық мұхиты мен Үнді мұхиты алабын еркін сауда алаңына айландыру. Үшінші, әділетті және өзара тиімді сауда жасауға ұмтылу», – деген.
Трамп сапарына Солтүстік Кореяның ең жоғары басшысы Ким Жоң Ун да қатты назар аударып отыр. Себебі, сапардың алдынғы бөлігі Ким Жоң Унға жақын үш елде – Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай елдерінде болады. Сапардың соңында Трамп Вьетнам мен Филиппинге барып, екі халықаралық саммитке қатысады. Алдынғы үш ел де АҚШ-тың ірі сауда әріптестері. Оған қоса Солтүстік Кореяға қарсы күрес жасауда маңызы зор елдер. Трамп бұл елдердегі сапары оның тұтас Азия елдеріндегі сапарының сәтті болу-болмауымен тікелей байланысты. Солтүстік Кореяға қарсы қысымды арттырып, тіпті оған күш қолдануды алға тартуы мүмкін. Бірақ Азияның жергілікті державалары бұл ұсынысты қабылдай қоюы екіталай.
АҚШ-тың танымал басылымдарында халықаралық сарапшылардың пікіріне қарайтын болсақ, бәрі де бір ауыздан: «Трамптың Азиядағы алғашқы ресми сапарының сәтті-сәтсіз болуы, кездесу кездерінде айырмашылықтар мен қайшылықтарды қалай ретке салуында және оның аймақтағы ел басшыларымен болған жеке қарым-қатынасын қалай ұтымды пайдалана білуінде. Ол бұл істің үдесінен шыға алса, онда аталған аймақта америкалық саясаттың үкісін желкілдете алады», – деп қарайды.
Ким Жоң Ун бұл сапарға ашық кедергі келтірмеген күннің өзінде, назардан тыс қалдырмайды. Тіпті, АҚШ-қа қаратқан көзқарасына қарағанда орайы келіп жатса, Трамп сапарына астыртын кедергілер жасауы да бек мүмкін. Ал, егер ашық қарсылық білдіріп, зымыран сынағы арқылы жауап қайтарса, онда бұл КХДР үшін тиімсіз. Олай болғанда келіссөздер кезінде азиялық державалар да Солтүстік Кореяның сөзін сөйлей алмайтын болады.