ҚР Ұлттық банкі «Delta Bank» АҚ-ты банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берілген лицензиядан айыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы банктің фейсбуктегі парақшасында жазылды.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының 2017 жылғы 2 қарашадағы №402 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған Банкті басқарудың барлық органдарының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшілік сот тарату комиссиясын тағайындағанға дейін жұмыс істейтін болады», - делінген хабарламада
Бас банктің мәліметінше, 2017 жылғы 3 қарашадан бастап уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға, Банкке келіп түсетін ақшаны есептеуге байланысты жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және Банктің банк шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі заңнамада белгіленген тәртіппен Банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы сотқа өтініш жасайды.
Сот Банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған күннен бастап банкті ұстап тұруға ағымдағы шығыстарға байланысты талаптарды қоспағанда, кредиторлардың Банкке талаптары тек тарату өндірісінде ғана ұсынылуы мүмкін.
Ал банк жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады. Теңгедегі және шетел валютасындағы депозиттер, төлем карточкаларындағы және банк шоттарындағы ақша «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-тың кепілдігімен қорғалған.
Кепілдіктің ең көп шегі теңгедегі депозиттер бойынша 10 млн теңге, шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңге. Осыған орай депозиторларға белгіленген тәртіппен кепілдік өтемі төленетін болады.