Сомалидің астанасы Могадишо қаласында болған жарылыстан 230 бейбіт тұрғын мерт болды. Ел астанасының халық көп жиналатын бөлігінде, қонақ үйдің алдында күлі көкке ұшқан жарылғыш заттар толы жүк көлігі тағы жүздеген адамның жаралануына себепкер болды. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Бұл - Сомалиде әл-Шаабаб исламдық тобы 2007 жылы көтеріліс бастағалы бері болған ең үлкен террорлық акт. Аталған топтың негізгі нысаны әдетте Могадишо қаласы болатыны туралы фактіден бөлек, террактіні мойнына алған айқын дәлелдеме мен мәлімдемелер болған жоқ.
Сомали Президенті Мұхаммед Абдулахи Мұхаммед қанды оқиғаға байланысты елде үш күндік аза тұту рәсімі жарияланатынын жеткізді.
Жергілікті полиция қызметкері Ибрахим Мұхаммед APF ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында қаза тапқандар саны тағы да артуы мүмкін екенін айтқан. Оның ұсынған ақпараты бойынша, 300-ге жуық адам жарақат алған, олардың арасында жарақаты ауыр азаматтар көп. Бұл пікірмен жергілікті аурухана дәрігері Мұхаммед Юсуф Хасан да келіседі. Ол өзі қабылдаған 72 адамның 25-і ауыр халде екенін айтқан.
Жарылыстың куәгері болған Мұхиддин Әли: "Бұл мен көрген ең үлкен жарылыс. Ол айналадағының бәрін әп-сәтте жоқ қылды", - деді.
АҚШ-тың Сомалидегі өкілі мұндай жарылыстардың болуы өңірде Американың терроризмге қарсы күреске қолдау көрсетуі қажеттілігін тағы да дәлелдей түседі десе, Ұлыбританияның Сыртқы Істер министрі Борис Джонсон қара жамылған жанұяларға көңіл айтып, қайғыға ортақтасатынын білдірді.