Ресей астанасы Мәскеуде оппозициялық саясаткер Алексей Навальный ұсталды - деп хабарлайды Интерфакс ақпарат агенттігі Навальныйдың Instagram парақшасына сілтеме жасап.
Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды мәскеулік полиция қызметкерлері қыркүйектің 29-ы күні Нижний Новгород қаласында өтетін шеруге бара жатқан жолда ұстаған. Дониловск аудандық ІІБ-ның баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері Навальныйды "халықты заңсыз шерулерге шақырғаны үшін" ұстаған.
Ал Алексей Навальныйдың өзі Instagram парақшасына: «Шал Путин менің Нижний Новгородтағы шеруге қатысуымды қаламайды. Мені вокзалға барайын деп үйімнен шыққан бетте ұстады. Барлығы кинодағыдай болды» - деп жазған.
Естеріңізге салайық, Алексей Навальный 2017 жылдың наурыз айында Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің иелігіндегі дүние-мүлкі жайында «Это вам не Димон» атты бейнеролик түсірген болатын. Аталмыш видео Youtube желісінде қызу талқыланып, 24 миллионан астам адам көрген. Осыдан кейін Медведевтің Ресей халқы арасындағы рейтингі күрт төмендеген.