«Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының содырлары АҚШ әскери базасына шабуыл жасады – деп хабарлайды korrespondent.net ақпарат көзі.
Қыркүйектің 17-сі күні кешке Ирактың Батыс Эрбиль провинциясына қарасты Эль-Карадж елді мекені маңында орналасқан АҚШ әскери базасына «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы шабуыл жасаған. АҚШ-тың «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы күрес бөлімінің ресми өкілі Райан Дилонның сөзінше, шабуыл барысында террористер жарылғыш затты іске қосқан және әскерилер мен атыс кезінде екі лаңкес оққа ұшқан. Әскери базада болған сарбаздардың ешқайсысы зардап шекпеген.
Естеріңізге сала кетейік, АҚШ әскери базасы орналасқан Ирак Күрдістаны автономиялық ауданында қыркүйектің 16-сы күні тәуелсіздік алуға байланысты референдум өтуі керек болған. Бірақ АҚШ билігі 16-сі күні референдум өткізу «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымымен күресуге кедергі келтіретінін айтып, референдум өткізу уақытын қыркүйектің 25-іне шегерген еді.