Ирактағы Күрдістан автономиясының Президенті Масуд Барзани "Бағдад тәуелсіздік алуға байланысты референдум өткізуге қолдау білдірмесе, болашақ дербес мемлекеттік шекараларын белгілейтінін" ескертті. Бұл туралы BBС ақпараттық агенттігі жазды.
Ирактағы Күрдістан автономиясының Президенті Масуд Барзани осы мәселеге қатысты орталық билікпен келісімге келуді қалайтынын жеткізді. Ал Ирак Үкіметі референдум өткізу ел Конституциясына қайшы екенін алға тартып, тәуелсіздік туралы бастамаға түбегейлі қарсылық білдіріп отыр.
Масуд Барзани, сондай-ақ Киркук қаласын әскери күшпен алғысы келген кез келген қарсыласқа қарсы аянбай күресетіндерін жеткізді. Киркук - Ирак пен оның автономиясы арасындағы даулы, мұнайға бай өңірлердің бірі. Күрд әскерлері бұл аймақты "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының басып алуына тосқауыл болып, өз қарамағына алған. Егер Күрд автономиясы тәуелсіздік алып, Киркукты өзі белгілеген территорияға қосып алса, Ирак күніне 1 млн баррельге дейін қара алтын беретін стратегиялық маңызды аумақтан айырылып қалады. Сондықтан шиит әскери күштері Киркукты күрдтерге бермеуге бел байлап отыр.
Ирактағы 37 миллион халықтың 15-20 пайызын құрайтын күрдтер мемлекет ішіндегі ең ірі төрт этникалық топтың бірі. 1991 жылы автономия алған күрдтер ирактықтардан іргесін біржола аулақ салуға алғашқы қадамын 25 қыркүйекте үш ауданда белгіленген референдумнан бастамақ.
Күрд автономиясының Президенті Ұлыбритания мен АҚШ-тың "Ирак "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына қарсы күресіп жатқан кезде, автономия сұраудың тәуекелі жоғары" деген ескертпесін назарға алмады. Масуд Барзани өзінің бұл әрекетін былай түсіндірді: "Бейбітшілікті жоғалтып алуға қорқатындай, Иракта қашан тыныштық болып еді? Біз оның тұтастығына нұқсан келтіретіндей, Ирак ешқашан бірлігі жарасқан мемлекет болған емес".
Күрд автономиясының басшысы ендігі бар таңдауды халыққа қалдыратынын хабарлады. Егер олар референдумда, "жоқ" деп, қарсылық білдірсе, көпшіліктің ойына құрметпен қарауға уәде еткен Барзани ұсыныс бірауыздан мақұлданған жағдайда, бірден тәуелсіздік декларациясын жариялауға асықпайтынын айтты. Барлық мәселені орталық билікпен талқылауға ниет білдіріп отырған күрдтік саясаткер"Референдум күрд халқының өз болашағын анықтаудағы алғашқы қадамы " деп есептейді.