Қала күні Алматы тұрғындары мен қонақтары дәстүрлі «АЛМАFest-2017» алма фестивалі, көпмыңдық «Open Air «Gakku даусы», «Алматы Аренадағы» «ЕМА-2017» музыка сыйлығы бағдарламаларын тамашалай алады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, 17 қыркүйекке дейін жүргіншіге басымдық беретін Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелерін қайта жасау жұмыстары аяқталады.
15 қыркүйекте сағат 10.00-ден бастап қала тұрғындары мен қонақтары Алматы Мұражайында «Алматы петерборлық суретшілер көзімен» атты көрмені тамашалап, петерборлық суретшілердің туындыларын көре алады. Дәл сол күні сағат 18:00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында И.Морилэнд пен Г. Үзенбаевтың фортепианалық дуэт кеші өтеді, ал 19.30-да М. Лермонтов атындағы драма театрында 85-ші мерейлі маусым басталады.
15 , 16 қыркүйек күндері сағат 19.00-де Абай атындағы МАТОБ-та классикалық өнерді бағалайтындар үшін әлемдік балет кеші көрермендерін күтеді.16 қыркүйекте заманауи отандық музыка әуесқойлары үшін қазақстандық «Gakku даусы» фестивалі өтеді.
17 қыркүйекте сағат 10-00 де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақта жыл сайын 200 мыңға дейін Алматы тұрғындары мен қонақтарын жинайтын қалалық дәстүрлі «АЛМАFest-2017» алма фестивалі өтеді. Фестиваль маңында 100 тоннадан астам алманың дәмін татып, сатып алуға болады, сонымен қатар ашық аспан астында түрлі спорт, көркем, музыка алаңдары жұмыс істейді, бұларда шеберлік сыныптары, балалар және отбасылық ойындар ұйымдастырылады. Көрме аумағында қолөнершілер келушілерге өздері жасаған зергерлік бұйымдарын ұсынады, сонымен қатар осы жерден қолөнер шеберлерінің аксессуарларын, фурнитураларын алуға болады.
Дәл осы күні «Алматы Аренада» сағат 17:00-де отандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен «ЕМА-2017» Евразиялық музыкалық сыйлығы өтеді.
Қала күніне орай Алматының тарихи орталығының үштен бірін жаңарту жұмыстарын аяқтау жоспарланған.