НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг Солтүстік Кореяның әрекеті бүкіләлемдік жауап беруді талап ететінін айтып, ядролық қару сынағын жиілетіп, жер шарына қауіптөндіріп отырған КХДР мәселесіне НАТО да араласатынын білдірді. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Осыған дейін "АҚШ-тың Тынық мұхитындағы ірі әскери базасы Гуам аралына шабуыл жасау туралы" Солтүстік Кореяның ескертпесін алға тартқан Йенс Столтенберг, күткен қауіп шындыққа айналған жағдайда, НАТО-ның әскери қақтығысқа араласатыны жөнінде ештеңе демеді. НАТО ұйымының шарты бойынша, оған мүше бір елге қарсы жасалған шабуыл бүкіл одақты бірігіп жауап беруге міндеттейді.
Солтүстік Кореяны БҰҰ резолюциясын сақтауға шақырған Йенс Столтенберг мәселені шешуде дипломатияға жүгінген жөн деп отыр. ОЛ АҚШ-тың соңғы ұсынған санкцияларын қолдайды және оның жүзеге асуына барлық мемлекеттер атсалысуы керек деп есептейді. Батыстық сарапшылар Солтүстік Корея ашық соғысқа дайын еместігін айтып, Ким Жоң Унның (Ким Чен Ын) бар мақсаты ядролық қуатын еселеу арқылы, қарсыластарын қауіп-қатерде ұстау деп жорамалдайды.