Филлипинде мемлекет басшысының жариялауымен жүріп жатқан "есірткіге қарсы соғыс" кампаниясының аясында полиция қолынан қаза тапқан 17 жастағы Киан Лойд де Сантостың оқиғасы бүкіл елді дүрліктіргені туралы алдын жазған болатынбыз. Бүгін Филлипиннің Президенті Родриго Дутерте есірткіге қарсы саясаттың құрбаны болған жас жігіттің отбасына көңіл айтты. Бұл туралы Reuters ақпараттық агенттігі жазды.
Аза тұтып отырған ата-ананы өзінің ресми қабылдауына шақырған Родриго Дутерте оларға әділеттілік орнатып, жуық арада кінәлілерді жазалауға уәде берді. Киан Лойд де Сантостың анасы Лоренца Президенттің сөздері көңілге медеу болғанын айтса, әкесі мемлекет басшысының өзі тікелей қолдау көрсетіп отырғанда, ешқандай әділетсіздіктен қорықпайтынын жеткізді.
Осы уақытқа дейін мыңдаған адамды соттың шешімін күтпей-ақ абақтыға жауып, оқиға орнында өлтіруге рұқсат беретін нашақорлыққа қарсы күрес кампаниясына ашық наразылық болмағанымен, сенбі күні жас баланың жерлеу рәсіміне жиналған халық қала көшелеріне қолдарына Дутертенің саясатына қарсылық білдіретін мәтіндегі парақшалар ұстап, шеруге шықты.
Родриго Дутерте құқық қорғау қызметкерлерімен кездесу кезінде, бұрынғыша оларға қолға түсіру операциясына қарсылық танытқан азаматтарға қарсы қару қолдануға рұқсат беретінін ашып айтты. "Бірақ барлық операциялар заңның талаптарын сақтап, әділетсіздіктерге жол берілмесін!", - деп ескертті.