Қытай Солтүстік Кореядан темір рудалары мен теңіз өнімдерін тасымалдауды тоқтатады. Мемлекет мұндай әрекетке БҰҰ-ның Солтүстік Кореяға қарсы қабылдаған санкциясына қосылған мемлекет ретінде барып отыр. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Қытайдың Сауда министрлігінің сайтында осы аптаның сейсенбісінен бастап, Солтүстік Кореядан импортталатын көмір, темір рудалары мен теңіз өнімдеріне шектеу қойылатыны жөнінде ақпарат жарияланды. Бұл АҚШ-тың: "Қытай Солтүстік Кореяға экономикалық қысым көрсету үшін қолынан келгеннің барлығын жасап отырған жоқ, сол себепті КХДР өзінің ең ірі сауда әріптесіне арқа сүйеп, күшейіп келеді" деген өткір мәлімдемесінен кейін жасалған шара.
Қытай өз кезегінде БҰҰ жариялаған санкцияларды толықтай қолдап, жүзеге асыруға барын салатынын жеткізді.
Аталған санкциялық режим Солтүстік Кореяның құрлықаралық баллистикалық зымырандарды сынақтан өткізіп, АҚШ-қа қарсы және Корей түбегінің бейбітшілігіне қауіп төндіргені үшін қолға алынып отыр.
Өткен аптада АҚШ Президенті мен КХДР басшысы арасында "сөз соғысы" болып, Солтүстік Кореяның Тынық мұхитындағы Гуам аралдарына шабуыл жасау туралы ескертпесі іс жүзінде орындалса, Америка да аянып қалмайтыны айтылған еді. Қытай осы дауда медиациялық қызметті қолына алып, екі жақты телефон арқылы байланыста қос тарапты келіссөздерге шақырды.
Гуам аралдарының губернаторы Эдди Кальво АҚШ Президенті Дональд Трамптың Солтүстік Кореяға қарсы айтқан ашу-ызаға толы сөздерін толықтай қолдап отыр.
Қытайдың Сыртқы Істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Хуа Чүн Иың (Hua Chun Ying): "Корей түбегіндегі жағдай онсыз да қиын әрі құбылмалы. Бұл жағдайда қос тарап сабыр сақтап, мәселені келіссөздер үстеліне отырып, шешуге әрекет жасауы керек", - деді.