Кенияда өткен Президенттік сайлаудың қорытындысына наразы Раила Одинга бастаған оппозицияны қолдаған халық пен қауіпсіздік қызметі арасында болған қақтығыстар нәтижесінде 16 адам қаза тапты. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Ел астанасы Найробиде 3 млн-ға жуық халық тұратынына қарамастан, қала көшелері босап қалды деп хабарлайды ақпараттық агенттік тілшілері. Өткен аптада болған сайлаудан кейін, ел билігі жергілікті халықты қалыпты тіршілікке оралуға шақырғанымен, Раила Одинга өз қолдаушыларына жолдаған үндеуінде: "Біз әлі аяқтаған жоқпыз. Ештеңеге қарамастан, біз берілмейміз! Келесі қадамымыз қалай болатындығы туралы менің хабарымды күтіңіздер", - дей келе, халықты полиция қолынан жан тапсырған 16 бейбіт тұрғынның қазасына аза тұтып, үйде отыруға, дүйсенбі күні жұмысқа шықпауға шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, жұма күні Орталық сайлау коммиссиясы Ухуру Кениатаны Кения Президенті деп жаиялағаннан кейін, оның қарсыласы, мемлекет басшылығына үміткер болған Раила Одинга "дауыс берушілерді тіркейтін электронды жүйеге хакерлік шабуыл жасалып, нәтиже өзгертілген" деп наразылық білдіріп, өз қолдаушыларымен бірге шерулер ұйымдастырды.
БҰҰ, Еуроодақ Раила Одинганы бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндірмес үшін, оларды сабырға шақырып, өз құқықтарын қорғауда заңды жолдарды пайдалануға кеңес берді. 2013 жылы сайлау қорытындыларын мойындамай, сотқа жүгінген Раила Одинга жеңіліс тапқан болатын. Сондықтан осы жолы ол заңға негізделген шешу жолдарын қарастырып отырған жоқ.
Раила Одинганың экономикалық өсім мен мемлекеттің гүлденуіне әкелетін реформалар туралы бағдарламасына арқа сүйеп, сенім артатындар - негізінен, халықтың ең кедей бөлігі.
Кениядағы сайлаудан кейінгі көтерілістер мен қақтығыстар бірінші рет болып отырған жоқ. 2007 жылы Мваи Киваки мен Раила Одинга арасындағы саяси тартыстың соңы 1 100 адамның өліміне әкеліп, 600 мың адамның тұрғылықты мекен-жайын ауыстыруына мәжбүр еткен қайғылы жағдайға ұласқан болатын.