Кенияда өткен Президенттік сайлаудың қорытындысы белгілі болды. Осыған дейін билікте болған Ухуру Кениата өзінің қарсыласы Рейл Одинганың дауыс беру процесінде әділетсіздіктер орын алды деген айыптаулары мен туындаған наразылықтарға қарамастан, мемлекет басшысы қызметіне қайта сайланды. Бұл туралы Al-Jazeera ақпараттық агенттігі жазды.

Орталық сайлау коммиссиясының дерегіне сүйенсек, Ухуру Кениата 54,27%, Рейл Одинга 44,74% дауыс жинаған. Ухуру Кениата халықтың 50 пайыздан артық қолдауына ие болғандықтан, сайлаудың екінші кезеңіне жіберілместен, жеңіске жетті.

Сайлауға алдын ала тіркелген дауыс берушілердің 78 пайызы қатысып, 15 миллион  халық өз басшысын анықтау құқығын пайдаланған. Орталық сайлау коммиссиясының басшысы Вафула Чебукати: "Сайлау жүріп жатқан күндері біз бүкіл әлемнің жіті назарында болдық", - деді.

Жаңадан сайланған президент Ухуру Кениата өз сөзінде: "Кениялықтар бізден жақсы бастамалар күтеді. Біз осыған дейін қолға алған жобаларымызды жалғастыру керекпіз", - деп мәлімдеді.

Сайлаудың электронды жүйесінде алдын ала белгілі болған дауыстар көрсеткішін қабылдаудан бас тартып, шу шығарған Оппозиция өкілдері соңғы нәтижелер жарияланған сәтте қала көшелеріне наразылық шеруіне шықты. Олар мемлекет билігі сайлаудың әділетсіз өткендігі жөніндегі шағымдарын мүлде назарға алмағанына наразы. Рейл Одинга сайлау коммиссиясының электронды жүйесіне хакерлік шабуыл жасалып, нәтижелер қазіргі президенттің пайдасына өзгертілген деген ойында қалып, сайлау қорытындыларын мойындаудан бас тартты.

Оларды сабырға шақырған Ухуру Кениата: "Біз бір-бірімізге жау емеспіз. Сайлауда үнемі жеңгендер мен жеңіліс тапқандар болатыны заңдылық. Бірақ соған қарамастан біз барлығымыз кениялықтар деп аталатын ұлы халықтың бір бөлшегіміз", - деді.

“The Qazaq Times”