Венесуэлада өткен сайлау нәтижелерін тексерумен айналысқан Smartmatic технологиялық компаниясы Лондонда өткен баспасөз конференциясы кезінде "Николас Мадуроның Үкіметі сайлауға қатысқан халық санын асыра жазып, қорытындыларды қолдан жасаған", - деп мәлімдеді. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазады.

Венесуэлада Құрылтай жиналысына кандидаттарды сайлау айналасындағы дау әлі де толастар емес. Ел Президентінің ашық қарсыласы, бас Прокурор Луиза Ортега халықтың қарсылығына қарамастан өткізілген сайлау барысында орын алған әділетсіздіктер мен заңсыздықтарды әшкерелеу үшін өзінің жеке зерттеу жұмыстарын бастайтынын жеткізді.

545 адамнан тұратын Құрылтай жиналысы Мадуроға қарсы оппозицияны таратып, Конституцияға өзгерістер енгізе алу құқығына иеленеді. Жаңадан сайланған құзыретті орган мүшелерінің қатарында Венесуэла Президентінің ұлы мен әйелі де бар.

Николас Мадуро демократияға қарсы әрекет етіп, Венесуэла халқының қалауын ескермегені үшін әлем мемлекеттері тарапынан қатаң сынға ұшырағанына, сәуір айынан бері елде өтіп жатқан көтерілістер нәтижесінде 125 адамның қаны төгілгеніне қарамастан, өз дегенінен қайтпай отыр. Ол елдегі саяси, әлеуметтік және экономикалық қиындықтарды шешудің жалғыз жолы Конституцияны өзгерту екендігіне сенімді.

Естеріңізге сала кетейік, Венесуэла Үкіметі: "Құрылтай жиналысы мүшелерін сайлауға халықтың 40 пайызға жуығы, 8 миллион шамасында азаматтар қатысты" деген болатын. Ал Оппозиция: "Дауыс бергендердің саны 3,5 млн-нан аспайды, олар сайлауға мемлекеттің қысымымен, қызметінен айырылып қалуға қорыққандықтан барған мемлекеттік қызметкерлер", - деп отыр.

Datanalisis фирмасы жүргізген сауалнамаға сәйкес, Венесуэла азаматтарының 70 пайызы Құрылтай жиналысының құрылуына қарсы екендіктерін айтқан.

16 шілде күні Оппозиция өткізген референдумда 7,6 млн адам Үкіметтің әрекеттеріне наразылық танытып, дауыс берген.

“The Qazaq Times”