Ұлттық банк картамен төлем жасағанда алаяқтарға алданып қалмаудың жолын түсіндірді. Бұл туралы банк фейсбук парақшасында жазды.
Бас банктің мәліметінше, VISA және MasterCard ең көп тараған төлем карточкалары болып табылады. Кейде American Express, UnionPay карточкалары және жергілікті жүйелер пайдаланылады. Қазақстан Республикасында карточкаларды 25 банк және «Қазпочта» АҚ шығарады.
Карточканың негізгі екі түрі бар: дебеттік және кредиттік.
Дебеттік төлем карточкалары бойынша операциялар банк шотындағы ақша қалдығы шегінде жүргізіледі. Әдетте мұндай карточкалар жалақы, зейнетақы, жәрдемақы және т.б. аудару үшін пайдаланылады.
Кредиттік карточкаларды пайдалану кезінде есеп айырысу банк беретін банктік кредит есебінен және соның мөлшерінде жүргізіледі.
Сонымен Ұлттық банк таратқан хабарламада алаяқтарға алданып қалмас үшін мына нәрселерді есте сақтау маңызды екені айтылған:
• төлем карточкаларынан операцияларды Сіздің көзіңізше жүргізуді талап етіңіз;
• төлем карточкаңыз жоғалса немесе Сіздің келісіміңізсіз ақша есептен шығарылса, тез арада эмитент банкке хабарлаңыз;
• банктің SMS-пен хабарлау қызметіне қосылыңыз;
• қандай жағдай болмасын төлем карточкаңызды және PIN-кодыңызды басқа адамдарға, оның ішінде туыстарыңызға бермеңіз;
• интернет-дүкендерден сатып алуды бөлек төлем карточкасын пайдалана отырып тексерілген сайттардан ғана жүргізіңіз.