BBC ақпараттық агенттігі Сүрияда "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының қатарында болып, кейіннен жихадшылардың қолынан қашып құтылған әйелдер туралы репортаж дайындады. Алғаш рет камера алдында халифат қатарына неге қосылғандарын бүкпесіз баяндаған әйелдер әлі де террористердің жанында өмір сүріп жатқандарға, "бұл әрекет сендерді уәде етілген жұмаққа апармайды" деген үндеу жолдады.
Бұл әйелдер әлемнің әртүрлі бұрышынан келгенімен, Халифатқа қосылу туралы бір мақсат оларды біріктірген. Күрді әскерінің көмегімен қазір соғыс алаңынан тыс аймақта балаларымен өмір сүріп жатқан әйелдердің өмірлік серіктерін сол "арман болған" халифаттың мүшелері өлтірген. Тыныш тұрмысын, бейқам өмірін тастап, неге Сүрияға жол тартқанын көп жесірдің бірі былай түсіндіреді: "Біз тұратын Тунисте әйелдер ашық киінетін, бастарын орамалмен бүркемейтін. Ал біз нағыз Ислам шарттарын қатаң сақтайтын қоғамда өмір сүргіміз келді. "Ислам мемлекеті" ұйымы туралы деректер қарадық. Бір бейнежазбадан ұрлық жасағаны үшін қолы кесілген азаматты көрдік. Нағыз әділдік, дін қағидаттарына берік мемлекет екен деген жалған ой қалыптасты. Ол кезде "Ислам мемлекеті" содырларының халыққа көрсеткен озбырлығы не адамдарды өлтіргені туралы бейнежазбалар аз болатын".
Сұхбат берушілердің мәлімдеуінше, олардың әр күні балалары мен күйеулерінің өміріне алаңдаумен өткен. "Қорқынышқа толы кез келген түні олар үйге баса көктеп кіріп, күйеулерімізді өлтіріп кететін. "Ислам мемлекеті" туралы наразы пікір айтқан әйел түрмеге жабылатын", -дейді ауыр азап арқалаған нәзік жандылар.
Бұл бейнежазбадағы негізгі ақпаратты қазақ тіліне аудару арқылы оқырмандарымызға терроризмнің қауіптілігін, жалған ақпарат жетегінде "дін үшін күрескерлердің" қатарын толықтырамын деген ойдың салдары ауыр екендігін тағы да бір ескерткіміз келеді.