2017 жылдың 6 айында жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау 18,7%-ға өскен. Осылайша көрсеткіш өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 500 мың адамға артқан. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мәлімдеді.
2017 жылғы жарты жылдықта барлығы 3,2 млн адам әуе компания қызметтерін пайдаланды. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының ақпараты бойынша, өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда халықаралық бағыттар бойынша жолаушылар тасымалы 46%-ды (2016 жылы – 113514 жолаушы, 2017 жылы – 165435 жолаушы) және ішкі рейстерде 24%-ды (2016 жылы – 190979 жолаушы, 2017 жылы – 237309 жолаушы) құрады.
2016 жылы әуежай 3,5 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. 2017 жылғы жарты жылдықта – 1,8 млн жолаушыға қызмет көрсетілген. Жыл басынан бері шетелдік және қазақстандық әуе компаниялар 9 жаңа халықаралық бағытты ашты.
Министрліктің мәліметінше, «Ашық аспан» шеңберінде Астана – Хельсинкі, Астана – Варшава, Астана – Будапешт, Астана – Бейжің, Астана – Киев, Астана – Батуми, Астана – Нью-Дели, Астана – Ереван, Астана – Минеральные воды рейстері ашылды. Қазақстанға польшалық LOT, венгриялық лоукостер Wizz Air, финдық Finnair, қытайлық Air China сияқты жаңа әуе тасымалдаушылары келді.