Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және арасында ынтымақтастық жөніндегі үш жақты меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ондағы мақсат - Оңтүстік Қазақстан облысында жеміс-жидек сақтау қоймаларын салып, алма бақтарын, өңдеу кәсіпорындары мен аралас өндірісті дамыту болып табылады.
Үшжақты келісімге сай Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жер учаскелерін беріп, инфрақұрылым мен ғимарат құрылысына жауапты болса, «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы»ҰҚ» АҚ жобаның операторы ретінде инвесторлар тартып, қаржы бөліп, агросалада еңбек етіп жүрген шаруа қожалықтарымен келісімге тұруды өз мойнына алып отыр. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ клиенттерді тартып, экспортқа бағдарланған «АгроЭкспорт» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен қаржыландыру жұмыстарын жүзеге асырмақ.
Бұл келісім өз кезегінде өңірдегі бау-бақша шаруашылығын дамытып, жоғары мультипликативтік нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізеді. Бұл – контейнер жасау, қаптау, техниканы құрастыру, тамшылатып суару және тағы басқа өндірістер бойынша жобаларды құруға мүмкіндік береді.