“The New York Times” басылымы: Уашингтон – жұма, президент Дональд Трамп Құрама Штат басшысы ретінде алғашқы сапарын тоғыз күнде бес қалада болуға жоспарлады. Ал, шын мәнісінде Трамп бұл сапарға шығуға құлқы жоқ еді.
Ол бірнеше сырлас досына өзінің Ақүйден ұзап шығып, шетелдерде бейтаныс басшылармен кездесуді оншалықты ұнатып кетпейтінін қынжыла отырып айтқан.
Трамптың жақын көмекшісінің айтуынша, ол алғашқы сапар уақытын қысқа мерзімге қойғысы келген. Бірақ, Сауд Арабиясы, Израиль, Белгия, Италия, Ватикан қатарлы елдерді сапарлау үшін ол жанға жайлы орнынан уақытша қол үзе тұруына тура келеді. Жанға жайлы орны дегеніміз оның жекелік демалыс үйі мен гольф алаңы бар демалыс саябағы болып табылады. Ал ол сапарлай баратын елдерде және сапар барысында оған мұндай жоғары деңгейдегі демалыс орындары табыла бермейді.
Дегенмен, кезекті сапардың Трамп үшін аса маңызды екені анық. Ең алдымен бұл сапар оған өзі көтерген «Америка бірінші» көзқарасын ресми таныстыру мүмкіндігін береді. Ал, өзге ел басшылары Ақүйде отырып әлемді дүбірлеткен осы бір саяси тұлғаны өз көздерімен көргісі келетіні тағы бар.
Сапардың күн тәртібі асығыс жасалғаны белгілі. Бұл оның кейбір ағаттықтарын басқаларға білдіріп қоюы да мүмкін. Себебі, ол аталған елдің басшыларымен іркес-тіркес кездесу өткізуі керек. Оған қоса, Трампқа кездесетін кейбір басшылар әлемдік саясатта тісқақты сабаздар екені тағы бар. Құрама Штаттағы тудырған аңысы да айтарлықтай емес жаңа басшы үшін, бұл мемлекеттік сапар оңай соғайын деп тұрған жоқ.
Сәрсенбі күні Трамп Теңіз-Қорғаныс Институтының түлектерді шығарып салу салтанатында: «Мен бұл рет бұрынғы дос елдермен байланысты тіпті де нығайтуға, өзге де елдермен жақын дос болуға күш саламын», – деп уәде берген болатын. Өткен аптаның ең дүбірлі оқиғасы – FBI басшысы Комиді жұмыстан босату және одан туындаған ішкі дау-дамай, оған қоса алғашқы ресми сапар дайындығы сияқты ірі істердің басымдылығы Трампты әбден шаршатса керек. Тіпті кейбір маңызды шараларды күшінен қалдырған. Бұл ауыл арасындағы қыдыру емес, тұңғыш рет Құрама Штат басшысы салауатымен құрлық аттап сапарға шыққалы отырған президент сапарына анығында бірнеше апта бұрын дайындалу керек еді. Бірақ, Ақүй басшысының соңғы күндердегі қызмет ритмі тым баяу.
Трамп үкіметі ел ішіндегі дауылы тақырыптардың бетін уақытша жауып, жұрт назарын халықаралық мәселелерге аударуға тырысты. Өткен аптада Трамптың күйеу баласы әрі жоғары кеңесшісі Jared Kushner жетекшілігімен жиналыстар ашып, Еуропадағы кейбір ел басшылармен кездесу мәселелер айтылды. Қорғаныс министрімен Таяу-Шығыс мәселесін қарастырса, Мемлекет істер хатшысымен Сауд Арабия сапары жайлы талқылады. Сондай-ақ, Израилдағы бірнеше сезімтал түйткілдер де сөз болған.
Президент Трамптың ресми сапар дайындығын анық білетіндер оның баспасөздерді шолып шығуға да уақыты жоқ екенін айтты. Тіпті, халықаралық маңызды оқиғаларға да толықтай назар аударып отыруға мұрсаты жоқ болып шықты. Бұдан Ақүйдің ішкі дау-дамайы Трамптың басын әбден қатырғанын анық байқауға болады.
Барак Обама тұсында сыртқы істер министры болған Жеймс Стейнберг (James B. Steinberg) Трампқа: «Сен жақсы дайындалуың керек. Сенімен кездесетін өзге басшылар күшті ішкі дайындықпен келеді. Сондықтан, әр ел басшылары әдетте қарсы жағының қалауын сөз емеуріннен, айтқызбай-ақ біле алады. Егер, ішкі дайындығың жақсы болмаса, ірі істерді бүлдіріп аласың», – деген ақылын да айтқан.
Стейнберг : «Президент бұл реткі сапарда ештеңені де бүлдірмейді. Қазір әлем белгілі деңгейде бейбіт күйде тұр. Оның үстіне оның мақсаты араздасу емес, ынтымақтасу», – деген пікірін білдірді.
Бірақ, Трамптың жеке кеңесшілері оның маңызды кездесулерде аңдаусыз сөйлеп, маңызды істерді бүлдіріп алуынан алаңдайды. Себебі, Трамп кейде әрекет пен сөзде сценарийге бағынбай кететін әдеті бар екенін айтады. Тіпті, абайсызда Америка атынан басы артық уағдалар беріп қоюы да мүмкін. Тәжрибелі ел басшылары оның әлсіз тұстарынан сауалдар қойып, сүріндіре ме деп те алаңдайды. Олар ел ішіндегі маңызды жиналыстарда талай рет тақырыптан ауытқып кеткенін мысалға келтіріп отыр.
Бұрынғы президент Буштың Қауіпсіздік істер кеңесшісі Stephen J. Hadley президенттің ресми сапары үшін Ақүй үлкен дайындықтар жасауы керек дейді. Бушпен бірге әлемді шарлаған бұл кеңесші бүгінгі президенттің жүріс-тұрысына көңілі толмайтын да ашық айтты.
Дегенмен, ұзақ жылдардан бергі сан мыңдаған сапарлардан қарағанда, әр елдің басшылары тым өрескел қателіктер жібермегенін байқаймыз. Президенттер сапарының көбі алдын-ала жасалған жоспар бойынша ойдағыдай орындалып келеді.
Кейбір сәтсіздіктерді тәжірибелі басшылар шешендігімен немесе тапқыштығымен шешіп кетіп жатады. Мысалы, президент Буш Қытай астанасындағы баспасөз мәжілісінен шығып бара жатқанда, өзі барған есіктің құлыптаулы екенін байқайды. Жұрт ыңғайсыз жағдайда тұрғанда Буш байсалды қалыппен микрофон алдына келіп: «Сіздерден қашып құтылайын деп едім, ол ойым іске аспады», – деп әзілге айналдырып жіберген болатын.
Не десек те, бұрын-соңды Ақүйде қызмет атқарғандар, бірнеше кезек президенттің жанында болған ақылшылар өз президенттерінің кезекті сапарынан Трамптан бетер алаңдаулы. Олардың басты алаңдайтыны Трамптың сөз бен әрекетте жоспарға бағынбай кететін әдеті болса керек.
Күллі әлем көз тігіп отырған президент Трамптың кезекті сапары қалай өтетінін алдағы күндерде ресми кездесулерінен кейін анық болмақ. Қалайда, Ақүйдің кезекті басшысына ешкім де аяқ киім лақтыра қоймас...
Әділет Ахыметұлы
"The Qazaq Times"