ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен театр және кино актері, режиссер Асанәлі Әшімовке "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді.
Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовтың 80 жылдық мерейтойына орай 17-26 маусым аралығында Астана қаласында І Халықаралық театр фестивалі өткізіледі. Мәдени шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Асанәлі Әшімов — қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып есептеледі. Оның кинодағы Бекежан (“Қыз Жібек”, 1971), Шадияров (“Атаманның ақыры”, 1971, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының, 1972), Мәмбет (“Сарқырама”, 1973), Қасымханов (“Транссібір экспресі”, 1977, бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесі, 1978), Кемел (“Нан дәмі”), Нұрғазы (“Алатаудың ай мүйізі”), Қаражал (“Жаушы”, 1980), Шыңғыс хан (“Бұлғар даласынан ескен жылы жел”, 1998) рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті.
Актердің өнеріне арналған “Асанәлі” деректі фильмі (1986, реж. И. А. Вовнянко) түсірілді. 1990 жылдан “Елім-ай” киностудиясының президенті. “Парасат” және басқа да ордендермен марапатталған.