Cолтүстік Қазақстан облысының жаңадан тағайындалған әкімі Құмар Ақсақалов Наурыз мейрамы қарсаңында облыс жұртшылығымен кездесті, кездесу барысында конструктивті сұхбат өтті. Бұл туралы облыстық баспасөз қызметі хабарлады. 

«Мереке алдында сіздірмен арнайы кездесуді жөн көрдім.  Өздеріңіз көріп, естіп отырсыздар, екі күн ішінде бүкіл аудан әкімдерін, қала әкімдерінің есептерін тыңдадым, қабылдадым, кеше басқарма мен департамент басшыларымен де әңгіме өткізіп, проблемаларды талқыладық», - деді облыс әкімі.

Облыс әкімі қатысқан іс-шараға ҰОС, еңбек, спорт ардагерлері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, облыстың құрметті азаматтары, қоғамдық кеңестердің төрағалары қатысты.

«Мінекей бүгін үлкен мерекенің алдында қоғамдық пікірді қалыптастыратын азаматтармен кездесу ұйымдастырдық. жөн санап, Сіздердің ойларыңызбен бөлісіп, пікірлеріңізді, ұсыныстарыңызды тыңдау үшін алдарыңызға келіп отырмыз», - деп атап өтті Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтай  отырып, көктем мерекесін тек қалалар мен ауылдардың алаңдары мен көшелерінде тойламай, сондай-ақ, әр аулада да тойлауды ұсынды.

«Осы жылы біздер Наурыз мейрамын аулалық аумақтар мен тұрғын үй–жайларында қарсы алудан бастасақ,  жақсы дәстүр болар еді. Аулалардағы кіре-берістерді, балалардың ойын алаңдарын, тротуарларды, арықтар мен жауын-шашын кәріз жүйесін қардан тазарту, соңында, мүмкіндігінше, барлық аулада мерекелік  дастарқан жайып, қызықты ұлттық ойындарды ұйымдастыру. Осы барлық іс-әрекеттер біздегі бірлік пен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтатынына сенімдімін», - деді өңір басшысы.

Петропавл қаласының тұрғын үйлер алабында 400-ден астам  аула бар.

Наурыз мейрамы көне заманнан бері жандану мен табиғаттың жаңаруын білдіреді. Сонымен бірге, бұрынғы заманда Наурыз келгенге дейін адамдар өз үйлері мен шаруашылығын тазалық пен тәртіпке келтірген. Наурыз таза үйге келсе, ауру-сырқау, сәтсіздіктер, қасірет үй иелерінен айналып кетеді деп сенген.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұртшылықпен мерекелік кездесу.

Анықтама үшін:

1991 жылдың 15 наурызынан бастап  Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен 22 наурызды, көктемгі күн мен түннің теңелуін, мерекелік күн деп жариялады. Қазақстан Республикасының «Мерекелер» туралы заңына сәйкес Наурыз мейрамы – мемлекеттік мереке. Үстіміздегі жылы Үкіметтің Қаулысымен Қазақстан азаматтары 5 күн демалу мүмкіндігіне ие болды.