Ресейдің Украинада кең ауқымды соғыс бастағанына бір жылдан астам уақыт болды. Бірақ украин тақырыбына қатысты жалған насихаттық ақпаратты Ресей бұдан әлдеқайда ертерек тарата бастаған. Интернетте «Горловка Мадоннасы» («горловская Мадонна»), Украинадағы биологиялық зертханалар, Ресейді айнала қоршаған «НАТО әскерлері» және басқа да осындай көптеген жалған ақпараттар мен қолдан жасалған бейнематериалдар бірнеше жылдан бері таралуда.

Өкініштісі, қазақстандықтар арасында осыған сенетіндер аз емес және арнайы операцияны Ресей бірінші бастамағанда, Украина шабуылға кірісетін еді деп кәмілсіз иланады. Өкінішке қарай, мұндай қазақстандықтар мыңдап саналады.

Ресейдің Украинадағы «арнайы операциясын» әлі күнге ресейлік нарратив негізінде қабылдайтындарға, Киевті нацистер жаулап алды, Ресей армиясы тек әскери нысандарға шабуыл жасайды деп санайтын отандастарымыз және осы тақырыпта жазатын журналистер мен редакциялар үшін біз  фейктерді әшкерелейтін жеті мақала дайындадық.

Төменде «Украинадағы соғыс: фейктерді әшкерелеу» атты топтамасынан алғашқы мақала.

«Мен арнайы әскери операцияны бастау туралы шешім қабылдадым. Оның мақсаты - сегіз жыл бойы Киев режимі тарапынан зорлық-зомбылық пен геноцидке ұшыраған адамдарды қорғау», - деп 24 ақпанға қараған түні Ресей президенті Владимир Путин Украинаға басып кіретінін жариялады.

Бұдан әрі «сендер Донбасс бомбаланған сегіз жыл бойы қайда болдыңдар» деп миллиондаған ресейліктердің санасына күн сайын «сыналап ендірілген» сөз Украинадағы қанды соғысты ақтап алудың басты амалына айналды.

Қарапайым жан үшін бұл тұйыққа тірейтін сұрақ, өйткені мұндай өтірікті салған жерден жоққа шығару оңай емес. Сонымен қатар, осыған ұқсас кірпішше  қиюластырылған тағы да оншақты орыс мифтерінің қабырғасын қақырата кету керек.

Біздің көздегеніміз де - осы.

 

Донбасстың «ерекше» халқы туралы

№1 тұжырымнан бастайық. Донбасс халқы әрдайым «ерекше» болған, Украинаның қалған бөлігінен мүлдем өзгеше, Киев тарапынан қыспақ көріп, құқай шекті және өздерін мүлде украин деп санамайды деп Ресейдің үгіт-насихаты сендіріп бағады.

Алдымен, Ресей империясының 1897 жылғы санақ деректерін келтірейік, онда қазіргі Донецк және Луганск облыстары тұрғындарының көпшілігі «малоросстар» болғанын және украин тілінде сөйлегенін айқын дәлелденеді.

Осыдан 30 жыл өткен соң, 1926 жылы жүргізілген алғашқы кеңестік халық санағы Донбасс тұрғындарының 64,05% - украиндар, 26,08% - орыстар, сонымен қатар немістер, гректер және еврейлердің де айтарлықтай бөлігін құрағанын куәландырды.

КСРО-дағы индустрияландыру жылдарында, өнеркәсіпті дамыту туралы бұйрық бойынша Донбасс өңіріне мамандар мен жұмысшылар жіберілген кезде ғана орыстардың жаппай ағылуы етек жайды. Дәл осындай үдеріс Қазақстанда тың игеру дәуірінде болғанын айта кету керек.

1979 жылғы халық санағының нәтижелері бойынша орыстар мен украиндардың саны туралы мәліметтерді мына кестеден  көруге болады.

Дереккөз: РГАЭ РФ (быв. ЦГАНХ СССР), фонд 1562, опись 336, ед.хр. 6174-6238 (9с-кесте. Халықтың ұлты мен ана тілі бойынша бөлінуі).

Тіпті XXI  ғасырдың басында, 2001 жылы Украинада жүргізілген жалғыз халық санағы бойынша, екі облыста да (Донецк және Луганск) украиндар тұрғындардың көпшілігін - 57% және 52%, ал орыстар – тиісінше 38% және 44% құраған.

Бұл ретте орыстар украин қоғамына толықтай кіріктірілген еді. Оған келесі дерек дәлел: 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен референдум кезінде «Сіз Украинаның тәуелсіздік жариялау туралы актісін растайсыз ба?» деген сұраққа Донецк және Луганск облыстары тұрғындарының 83,9%-ы «иә» деп жауап берген, яғни ол кезде сепаратизм немесе Ресейге ұмтылу талпыныстары әсте болған жоқ. 

 

Донбасстың Украина өмірінен «бөлек» болуы туралы

№2 тұжырым – Донбасс ел өміріне «интеграцияланбаған-мыс» деген әңгіме. Бұл сөз тіпті түсінбестікті тудырады. Өйткені, Донбасс үнемі бүкіл Украина саясатын айқындауда үстемдік құрған өңірлердің бірі болды.

2003 жылдан бері Украинадағы негізгі саяси күштердің бірі - Донбасста құрылған және ең алдымен осы өңір халқының мүддесін қорғайтын, парламенттік сайлауда дауыс жинау мөлшерін жылдан-жылға арттыра түскен Партия регионов болды.

2010 жылы Донецк кланының өкілі Виктор Янукович (оған дейін ол үш рет премьер-министр лауазымын иеленген) Украина президенті атанды, ал елдегі маңызды қызметтердің барлығы донбастықтарға бұйырды.

Бұл халықтың жасырын наразылығын тудырды, өйткені елдің тіпті батыс аймақтарына бұрын-соңды аяқ баспаған «донецк тумаларын» басшылыққа жолдайтын.

2010-2013 жылдарда бұл үдерістің ұлғайғаны соншалық, халық  арасындағы әзіл-қалжыңдарда да көрініс тапты. Мысалы, сол кезде «Донецк тұрғындары көшеге шығудан қорқады, өйткені оларды бірден ұстап алып, басқа облыстарды басқаруға жібереді» деген танымал әзіл бар еді.

Яғни, «Донецк тұрғындарына жасалған қысым» туралы әңгімелердің қисынсыздығы айдан анық: елдің саяси өмірінде, керісінше, толығымен үстемдік еткен аймақты «басып-жаншу» мүмкін емес.

Ақырында, халықтың билікке қарсы наразылығы шарықтау шегіне жетіп, Украинада ресми түрде «Революция Достоинства – Қадір-қасиет төңкерісі» деп аталған Евромайданға алып келді. Шерушілер жеңіске жеткеннен кейін Виктор Янукович Ресейге қашып кетті. Ал Украинада уақытша үкімет құрылды. Жаңа президент сайлауын 2014 жылдың мамырына белгіледі. Президенттің міндетін атқарушы ретінде елді Юлия Тимошенконың бұрынғы серіктесі Александр Турчинов басқара бастады, бірақ оның билігі өте әлсіз еді. Ресей басшылығы дәл осы ұрымтал тұс пен биліктің тұрақсыздығын өз пайдасына жаратып үлгерді. Ақпан-наурыз айларында Ресей Қырымды басып алды, ал сәуірде толқулар шығыс аймақтарға қанат жайды.

Әрине, осыдан сегіз жыл бұрын Украинада тұрақсыздық бой алды, азаматтардың көпшілігі Евромайданды қолдағанымен, Майдан қарсыластары да, ресейшілдер де көп еді, олар да көшеге шығып, өз талаптарын қойды. Бірақ 2014 жылдың басындағы сауалнама деректері Украинаның шығысы мен Қырым тұрғындарының белсенділігі елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда әлдеқайда төмен болғанын көрсетеді. Халықтың 10 пайызы ғана «егер құқық бұзылса, наразылық шерулеріне шығасыз бе» деген сұраққа «иә» деп жауап берген, ал халықтың 25-30%-ы ғана Ресейге қосылуды қалады.

Сол кезде Мәскеуден Донбасс өңіріне «мамандарды» жіберу орын алды.

2014 жылдың көктемінде өз-өзін Донецк Халық Республикасы деп жариялаған құрылымға Мәскеу қаласының тумасы, ресейлік PR-менеджер және саясаттанушы, осы уақытқа дейін Донбасс өңіріне ешбір қатысы болмаған Александр Бородай бірінші басшы болды.

 

Александр Бородай туралы не білеміз

Александр Бородай Мәскеуде туған. 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетін тәмамдаған.

 1992 жылы Приднестровье өңіріндегі қарулы қақтығысқа қатысқан. 21 қыркүйек - 5 қазан оқиғалары кезінде 1993 жылы Мәскеуде Александр Бородай Жоғарғы Кеңесті қорғаған әскери топтардың құрамында болды.

·        1994-1996 жылдары РИА Новости агенттігінің әскери тілшісі болған, шешен қақтығыстары туралы репортаждар әзірлеумен айналысқан. 1996 жылдан бастап «Завтра» газетінде тілші және әскери шолушы болып жұмыс істеді. 1999 жылы «Социомастер» ААҚ консалтингтік агенттігінің тең құрылтайшысы, бас директоры болды (2019 жылы таратылды).

·        2012 жылы «Завтра» газетінің YouTube-тегі бейне қосымшасы «День-ТВ» арнасының бас редакторы болды.

·        2010 жылдардың басында Украинада саяси кеңесші болып жұмыс істеді.

·        2014 жылдың ақпан-мамыр айларында Қырым Республикасының басшысы Сергей Аксеновтың штаттан тыс кеңесшісі болды.

·        2014 жылғы 16 мамырда жарияланған Донецк Халық Республикасы (ДХР) Жоғарғы кеңесінің шешімімен жаңа республиканың Министрлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.

·        2014 жылдың 8 тамызында ол «дағдарыс менеджері» ретіндегі жұмысын сәтті аяқтағанын, ДХР-ды «нағыз мемлекетке» айналдырғанын мәлімдеп, лауазымнан кетті. Одан кейін 2014 жылдың 21 қазанына дейін ДХР министрлер кеңесінің жаңа төрағасы Александр Захарченконың бас кеңесшісі - бірінші орынбасары болды.

·        2014 жылдың қазан айынан бастап «Донбасс еріктілер одағы» аймақаралық қоғамдық ұйымының (ұйым 2015 жылдың қыркүйегінде ресми тіркелген) тең құрылтайшысы, басқарма төрағасы  болды.

·        2014 жылы Александр Бородайға «ДХР батыры» атағы берілді.

·        2021 жылдан бері Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының VIII шақырылымы депутаты.

·        2022 жылдың 21 қыркүйегінде Ресейде ішінара әскерге жұмылдыру (мобилизация) жарияланғаннан кейін, Александр Бородай депутаттық броньға қарамастан, Украинадағы арнайы әскери операция (СВО) аймағына ерікті ретінде баруға дайын екенін білдірді.

Өзін-өзі жариялаған республиканың қорғаныс министріне Игорь Гиркин барды, ол Стрелков лақап атымен танымал. Ол да мәскеулік және отставкадағы ФСБ (Федералдық қауіпсіздік қызметінің) полковнигі, Ресей жүргізген көптеген соғыстарға қатысқан.

Ол басқарған арандатушылар (диверсантшылар) тобы Донбасс өңірінің бірнеше қаласын басып алғаннан кейін, соғыстың басталуына барынша жауапты тұлғаға айналу тағдыры оған жазылыпты.

Гиркин көптеген сұхбаттарында егер өзі болмағанда Донбасс қантөгіс аймағына айналмас еді деп ашық мойындады.

«Соғыс отын мен тұтаттым. Егер біздің тобымыз шекараны кесіп өтпегенде, түбінде бәрі Харьков пен Одессадағыдай (...) бітер еді. Іс жүзінде күні бүгінге дейін созылған соғыстың серіппесін біздің отряд басты. Онда қазір болып жатқан жағдайға мен жеке жауаптымын», - деді ол 2014 жылдың қарашасында.

 Демек, Янукович қашқаннан кейінгі алғашқы екі айда Донбасс өңірінде қақтығыстар болған жоқ. Ал лаңкестікке қарсы операция (АТО) деп аталған Донбасстағы соғыс тек 14 сәуірде – ресейлік Игорь Гиркин-Стрелковтың диверсиялық тобы Украинаның Славянск және Краматорск қалаларын басып алғаннан екі күннен кейін ғана басталды. Ресейде айтып жүргендей, нацистік бандерашылар оның тұрғындарына орыс тілінде сөйлеуге тыйым салу үшін Донбассты бомбалауға келгенде басталған жоқ.Бұл Украинаның сырттан төнген басқыншылыққа  және елдің тұтастығын қорғауға бағытталған реакциясы болатын.

Осылайша, Киевте болған төңкеріспен келіспейтін бейбіт Донбасс тұрғындарына украиндық содырлар шабуыл жасады деген ресейлік үгіт-насихаттың тағы бір мифі күйреп отыр.

 

Донбасста Ресей әскерлері 2022 жылға дейін болды ма?

Енді ресейлік үгіт-насихаттың келесі 2022 жылдың 24 ақпанына дейін Донбасс аумағында ресейлік әскерлер мүлдем болған жоқ деген №3 тұжырымына көшейік.

Бүгінгі күні, сол оқиғалардан кейін тоғыз жылға жуық уақыт өткенде, Украина жерінде болған барлық оқиғалар Кремль өкілдерінің, атап айтқанда, сол кездегі Путиннің жақын серігі және көмекшісі болған Владислав Сурковтың  басшылығымен жүзеге асырылғаны сенімді түрде дәлелденіп отыр.

Соңғы жылдары Украинадағы оқиғаларға қатысты көптеген тәуелсіз халықаралық зерттеулер жүргізілді. Олардың арасында ең резонанс тудырғаны 2014 жылдың тамызында Донецк облысының үстінде «Малайзия әуе компаниясының» MH-17 рейсін зымыранмен атып құлатуға қатысты зерттеу болды. Ұшақ Донбасс аспанында «Бук» зениттік-зымырандық кешенінен (ЗМК) атылған зымыран арқылы атып түсірілген.

Мыңдаған айғақтарды, фотосуреттерді, бейнежазбаларды, жасырын тыңдалған телефон әңгімелерін зерттей келе, Гаага соты 2022 жылдың 17 қарашасында сегіз жылға созылған шырғалаңға соңғы нүкте қойды.

Еуропа елдері алдағы уақытта сүйенетін үкімде Донецк облысы аумағындағы соғыс қимылдары ішкі азаматтық соғыс емес, Ресей Федерациясының толық бақылауындағы және «ДХР және ЛХР жасағы» аталатын топты жеке құраммен және әскери техникамен қамтамасыз етіп отырған халықаралық қарулы қақтығыс екенін сот нанымды түрде дәлелдеді.

Осы орайда айта кетейік, Гиркин-Стрелковтың өзі осы үдерісте 298 адамның өліміне тікелей кінәлі адам ретінде, сырттай болса да, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Әрине, біз Украинадан бөліну идеясы жергілікті тұрғындардың біразының көңілінен шыққанын жоққа шығармаймыз. Дегенмен, Ресей Федерациясының «кәсіби сепаратистері» жергілікті белсенділердің қолдауына сүйенген күнде де Ресей әскерлерінің көмегінсіз Украина армиясына қарсы тұра алмас еді.

Бұл туралы 2014 жылдың қазан айында Беларусь президенті Александр Лукашенконың айтқаны бар:«Ресей болмаса, ДХР мен ЛХР әлдеқашан келмеске кетер еді дегенді бір-бірімізден жасырып-жаппай-ақ қояйық».

 Егер бүлік сол кезде тоқтатылған болса, 2014 жылдың көктемінде Донбасс бейбіт аймақ қалпында қалу болашағынан үміт болды. Бірақ, Ресейдің өзін-өзі жариялаған республикаларды қолдауы тек «еріктілер» мен нұсқаушыларды жіберумен шектелмеді. Содырлардың өздері 2014 жылы «Ресейден келген бес мың ерікті» туралы айтқан. Ал Пентагон есебінше, 2015 жылдың басында Донбастағы ресейлік әскердің саны 12 мың болған.

Украина армиясы сепаратистердің қарсылығын баса алатын 2014-2015 жылдардағы соғыс қимылдарының шешуші сәттерінде Ресей Донбассқа әскери техника мен тұрақты армияның жекелеген бөлімдерін жібергенін айғақтайтын  ондаған зерттеулер мен дәлелдер бар. Мұны спутниктен түсірілген суреттер, әскерилердің әлеуметтік желілердегі фотосуреттері, сол кезде Ресейде «Жауынгерлік ерлігі үшін» әскери сыйлықтарын табыстаудың көбеюі және ресейлік жауынгерлердің оқу-жаттығулар кезінде қаза тапқан-мыс делінетін жүздеген табыттары дәлелдейді.

Осы тақырып бойынша Bellingcat агенттігі сарапшыларының аса ауқымды, әрі барынша егжей-тегжейлі зерттеуін оқып шығуды ұсынамыз, зерттеу мәтінімен толықтай мына жерден танысуға болады.

 

 «Соғыс Украина кесірінен ұзаққа созылды»

«8 жыл бойы бомбаланған Донбасс» туралы мифке негізделген келесі №4 тұжырымда соғыс қимылдарының ұзаққа созылуына Украинаның оны тоқтатуға құлықсыздығы себеп болған-мыс делінеді.

Бұл деректі айқын бұрмалау деуге болады, өйткені, украиндар оқиғаны ушықтырудан қорқып, тіпті Донецк және Луганск өңірлерін күшпен қайтаруға әрекеттенген де жоқ. Мысалы, 2015 жылдан бері украиналықтар майданда бірде-бір кең ауқымды шабуылға барған жоқ.

Оның үстіне, Украина билігі соғысты тоқтату үшін аймаққа халықаралық бітімгершілік күштерін тарту идеясын жылдар бойы қолдады. Бұл туралы Украина БҰҰ алаңында, Европарламентте, әлем астаналарында және халықаралық саммиттерде айтып отырды. Оны барлығы жақтағанымен, бір ғана ел – Ресей қарсы шықты.

Ресей билігі бітімгершілік күштердің кем дегенде жартысы Ресейден болса келісетіндерін айтты, яғни Приднестровье үлгісінде Донбасс өңірінде өз әскерін орналастыру және сепаратистерді ұзақ жылдар бойы қолдау ниетін заңдастырмақшы болды. Әрине, Украина бұған келісе алмады.

Би-би-си орыс қызметі тараптардың келісімге келуіне кедергі келтіріп отырған негізгі қайшылықтарды анықтауға тырысқан болатын.Осы зерттеудің нәтижесімен мына жерден таныса аласыздар.

 

Донбасс халқының геноциді туралы

Ресейлік үгіт-насихаттың келесі жалған №5 мәлімдемесі украиндық жазалаушылардың Донбасс тұрғындарын геноцидке ұшыратуы туралы.

Дегенмен, Кремльдің мұндай ең арсыз мәлімдемесі оңай жоққа шығарылады. Өйткені, насихатшылар 2022 жылдың ақпан айына дейін Донецк және Луганск облыстарының әрқайсысының тек үштен бір бөлігі ғана ДХР мен ЛХР билігінде болғанын қасақана «жадынан шығарады». Тиісінше, басып кіруге дейін, Донбасс жерінің 60%-дан астамы, украиналық заңдары әрекет еткен Украинаның толық бақылауындағы аумақтар болды.

Үгіт-насихаттың жақтаушыларын келесі сұрақпен оп-оңай тұйыққа тіреуге болады: «Украина өзінде барлық мүмкіндіктер бола тұра, өз бақылауындағы аумақтарда Донбасс өңірінің бас игісі келмеген халқын құрту жолында неге өз қолын өзі байлады, Донецк және Луганск қалалары мен ауылдарындағы көшелерде неге бомбалар жарылмады, адамдар неге бейбіт өмір сүрді?». Оған жауап беру өте оңай: Ресейден астыртын жіберілген сепаратистер болмаған жерледе тыныш өмір жалғаса берді.Осы логикалық тізбек қарама-қарсы бағытта да жұмыс істейді. Сегіз жылдық соғыстан кейін аман-есен қалған Луганск және Донецк қалаларын басып алудан кейінгі сегіз күндегі Украинаның Харьков, Чернигов, Рубежный, Ирпень қалаларымен салыстырсаңыз жеткілікті. Бұл туралы наурыз айында Украина басшысы Владимир Зеленский орыс тілінде жазып жариялаған аса эмоционалды үндеуінде де айтты. Украина президентінің сөйлеген сөзін фотосуретті басу арқылы толық тыңдай аласыздар.

Украина тұсындағы бейбіт Мариуполь қаласы мен оны Ресей армиясы «ерлікпен азат еткеннен» кейінгі бейнематериалды мына сілтеме арқылы өте отырып салыстырыңыз.

8 жылға созылған жарияланбаған соғыс кезіндегі ЛДХР аумағындағы Донецк немесе Луганск облыстарының қандай да бір қаласындағы осыған ұқсас қорқынышты бейнені ресейлік насихатшылардың ешқайсысы қанша тырысса да, таба алмады.

Егер осыған ұқсас дүние табыла қалса, ресейлік үгіт-насихат мұндай қорқынышты кадрларды тәулік бойы тоқтаусыз көрсете берер еді дегенді бәрі түсінеді.

Сонымен қатар, Донбасстағы қызметін Ресей билігі мойындаған санаулы ұйымдардың бірі, соғыстың барлық жылдарында сонда орналасқан ЕҚЫҰ-ның халықаралық бақылау миссиясы тарапынан украин әскерлері қиратты делінетін бірде-бір қала туралы хабарды естімедік.

Бұған бәрібір сенгісі келмейтіндердің есіне Грозный қаласының тағдырын салуға болады:1990-шы жылдардың ортасы мен 2000-шы жылдардың басында Ресей армиясы бұл қаланы да қазіргі Мариуполь сияқты «босатқан болатын».

Онымен қоймай, 2014 жылдан бері Украина тек соғыс қимылдарынан қашқандарға ғана емес, басып алынған аумақтарда қалғандарға да көмектесіп келеді. Сонымен қатар, ЛДХР және Қырым балалары үшін Украина университеттеріне тегін оқуға түсудің арнайы жеңілдетілген тәртібі бар. Ал зейнеткерлер украиналық зейнетақы алу мүмкіндігіне ие (бұны халықтың басым бөлігі пайдаланып, украиналық және ресейлік зейнетақыны қатар алғандардың да болғанын айта кетейік). Украина сонымен қатар шек белгілеу сызығының бойында бірнеше логистикалық орталықтар ашты, онда басып алынған аумақтардағы адамдар әкімшілік қызметтер мен украиналық тауарларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Осы орайда қоса кетсек, егер ешкім мойындамаған «сұры аймақта» өмір сүру ойдағыдай болса, онда 3 миллион донецк тұрғындары өңірді неге тастап шықты деген қарапайым сұрақ туындайды.

 

ВВС статистикасы:

Украинаның шығысындағы қақтығыс басталғаннан бергі екі жыл ішінде Донбасс тұрғындарының жартысы босқынға немесе ел ішінде қоныс аударушыға айналды.

Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, қазір «ДХР-ЛХР» деп аталатын Украинаның бақылауынан тыс аумақтарда 2,7 миллион адам тұрады.

Дәл осыншама адам 2014-2016 жылдар аралығында үйлерін тастап, Украинаның басқа аймақтарына немесе Ресейге қоныс аударған.

Ішкі қоныс аударушылардың ең көп саны келесі өңірлерде орын тепті:

Луганск облысы - 199 мыңнан астам,

Харьков облысы - 179,5 мыңнан астам,

Донецк - 109 мыңға жуық,

Днепропетровск облысы - 84 мыңнан астам,

Запорожье – 64 мың, сонымен қатар Киев облысы және Киев қаласы.

Донецк пен Луганск облыстарының, сондай-ақ Қырым тұрғындарынан көп адам ел ішінде қоныс аударды. Қырымдықтардың бұл көрсеткіштегі үлесі айтарлықтай емес: шамамен 20 600.

 

Украина бейбіт қалаларды бомбалады ма?

 Ендігі кезекте басты сұраққа көшейік: Украина бейбіт қалаларды бомбалады ма, жоқ па? Бұл жерде де біз тек халықаралық қоғамдастық тіркеген және бүкіл әлем мойындаған деректерге ғана сүйенетін боламыз.

Расында, Украина әскері Донбасс жаққа қаратып оқ атпады деу жалғандық болар еді. Алайда бұл ретте Ресей дәл қазір Украинаға қатысты жасап жатқандай бейбіт тұрғындар мен инфрақұрылымды қасақана атқылау туралы сөз.

Украина әскерилері жау жақтан оқ жаудырылған атыс позицияларын құрту үшін атысты ма? Сөзсіз. Бұдан бейбіт тұрғындардың қаза табуы мүмкін бе? Әрине. Бұл, ең алдымен, өңірде халықтың тығыз қоныстануына байланысты. Донбасс картасын ашсаңыз болды, майдан шебінде ондаған ірілі-ұсақты қалалардың орналасқанын, олардың әрқайсысында тұрғын үйлердің қақ ортасында техниканы шоғырландырып қойған «жасақтардың» тұрғанын көруге болады.

Осы тұрғыда Халықаралық дағдарыс тобы 2015 жылдың сәуірінде сепаратистерге қаратып мынадай ескерту жасады: «Де-факто ДХР шенеуніктері әдетте Донецк маңындағы аудандардағы позициялардан жасалатын атыс жауап оқ жаудыруы және бейбіт тұрғындардың өліміне әкелуі мүмкін екенін мойындағысы келмейді. Олар бейбіт тұрғындарды атыс шебінде қалдырмау үшін позицияны жылжыту туралы ұсыныстан бас тартты.

Халықаралық дағдарыс тобының тағы бір есебінде былай делінген: «Украина үкіметі бақыламайтын аймақтарда қаза тапқан бейбіт тұрғындар санының артуы осы жерлердегі жоғарғы деңгейлі урбанизацияға  байланысты».

Балалардың өлімі сияқты нағыз қорқынышты жайтқа бөлек тоқталған жөн. Ресейлік медиакеңістікте Донецк қаласында орнатылған өңірдегі қаза тапқан балалардың аты-жөні көрсетілген Періштелер аллеясы Украина армиясы бас имеген өңірдің балаларын қасақана өлтіріп жатқандай сыңайда жиі айтылып, көрсетіледі. Бірақ ЕҚЫҰ статистикасы өлімнің басқа себептерін көрсетіп отыр: олардың 87%-ы жарылғыш заттарды абайсыз ұстау салдарынан немесе барлық жерде жаппай орнатылған миналардың жарылуы салдарынан қаза тапқан.

Енді шығын көрсеткіштеріне тоқталайық. Ресей телеарналары соғыста 13 000 адам қаза тапты деген санды олардың бәрі Украинаның атқылауынан қаза тапқан Донбасс өңірінің бейбіт тұрғындары сияқты етіп жиі көрсетеді. Ресейлік көрерменге бұл санның дәл қандай өлім түрлерінен тұратынын ешкім және ешқашан ашып көрсеткен жоқ.

ЕҚЫҰ есептеріне сәйкес ( мына жерде және мына жерде келтірілгендей), сондай-ақ БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының 2021 жылдың аяғындағы мәліметтері бойынша, қаза тапқандардың жалпы санынан 4150 адам украиналық әскерилердің, 5700 адам ДХР, ЛХР әскерилерінің және «еріктілердің» қатарындағы шығындар. Қайтыс болғандардың тек 3375-і бейбіт тұрғындар, бірақ бұл қақтығыстың екі жағына да, Украина бақылайтын бөлігіне де, бақыламайтын аумаққа да тиесілі шағын.

Дәл осы үш мың бейбіт тұрғынның қатарында 2014 жылдың тамызында атып түсірілген малайзиялық «Боинг» ұшағының жолаушылары мен экипажының 298 шетелдік азаматы да бар. Бұл ретте шығынның 85%-ы 2014-2015 жылдардағы қақтығыстың қызып тұрған кезеңінде шықты, ал соңғы жылдары бейбіт тұрғындар арасындағы құрбан болғандардың саны тұрақты түрде азайып келеді.

Бір айта кетерлігі, тіпті өзін-өзі жариялаған республикалар да, ЕҚЫҰ да бұл сандармен келіседі. ДХР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дарья Морозованың жыл сайынғы баяндамаларынан  алынған ресми деректер мына жерде.

Соңғы үш жылды алайық: 2019 жылы өңірдің 9 бейбіт тұрғыны, 2020 жылы – 9 адам, 2021 жылы – небәрі жеті адам соғыс салдарынан қаза тапты. Сонымен бірге, хабарларда адамдардың оқ атудан қаза тапқаны, мина жарылғаны немесе оқ-дәрілерді абайсыз ұстаудан зардап шеккені жайлы нақтыланбайды. Әрине, әрбір өмірге баға жетпес, бірақ соған қарамастан, салыстыру үшін айта кетсек, ДХР аумағында жылына 100-ден астам адам жолдағы апаттардан қаза табады.

Қорытынды ретінде айта кетейік, қаза тапқан бейбіт тұрғындардың саны тұрақты түрде азайып бара жатқан дәл сол бір сәтте Владимир Путин ауқымды әрі қанды соғысты бастады. Басқыншылықтың бірінші аптасында екі жақтан опа болғандардың саны сегіз жыл ішіндегі саннан асып түсті. Ал бес миллион украиндық отқа оранып, тамтығы да қалмаған қалалардан қашып шығуға мәжбүр болды.

Жобаны журналистер тобы: Назира Дәрімбет, Оксана Макушина, Владимир Радионов дайындады