21 ақпанда Алматыда Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының жалпы съезі өтті.
Бұл жиынды QAZTEXTILEINDUSTRY СРО (өзін-өзі реттейтін ұйым) мен Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпо-рындарының қауымдастығы ұйымдастырды.
Алматы технологиялық университетінің ғимаратында өткен бұл іс-шара жеңіл өнеркәсіп саласының барлық отандық ірі кәсіпорындарының басын біріктірді.
Съезге қатысушылар бұл нарықты былай деп сипаттайды: мұнай, газ, кен өндіру өндірісінің арнаулы киімдері, мектеп оқушыларының киімі, күш құрылымдары қызметкерлерінің киімі, теміржолшылар мен медицина қызметкерлерінің киімі өндірісі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жеңіл өнеркәсіп департаментінің төрайымы Айжан Әділова отандық жеңіл өнеркәсіптің Қазақстан үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жеңіл өнеркәсіп нарығы азық-түлікке жатпайтын тауарлар нарығындағы ең ірісі болып табылады.
«Бұл ең үлкен нарық. Бүгін ол шамамен 1 трлн. теңгеге бағаланады. 2022 жылы өндіріс көлемі 88 млрд. теңгені құрады. Өсім 11,7%. Барлығы 420 кәсіпорында отыз мыңдай адам еңбек етеді», деді Айжан Әділова.
Дейтұрғанмен, импорт экспорттан 26 есе асып түседі. Отандық үлес ішкі нарықта небәрі он пайызды құрайды.
Десе де, кейбір өнімдер бойынша өндіріс көлемі өсу ағымы байқалып отыр. Дайын тоқыма бұйымдардың үлесі 6,5 есе, төсек-орын жабдығының өндірісі 11 есе, тоқыма матадан жасалатын сырт киімнің өндірісі 4 есе, тоқыма байпақтардың өндірісі 6,2 есе, тері өндірісі 2,5 есе өскен», деді шенеунік.
Жүйелі проблемаларды шешу үшін екі жол картасы әзірленген.
Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Наталья Ахшабаева саладағы жағдайға қатысты 2020 жылы жүргізілген зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Спикердің айтуынша, Қазақстандағы мектеп оқушылары киімінің нарығы орта есеппен 45 млрд теңгеге бағаланады.
Н.Ахшабаева Қазақстанға ұлттық жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы қажет екенін де атап өтті.
Саланың дамуына кедергі келтіріп отырған басты себеп не деген сұраққа жауап берген баяндамашы Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь елдерінің жеңіл өнеркәсібін атады. Бұл елдерде тігін өндірісі саласында озық технологиялардың қарқынды дамуы саланың өркендеуіне түрткі болуда.
«Ал бізде шикізат өндірісі дамымаған. Сөйте тұра тігін ісі жақсы өркендеп келеді. Осы жерде шикізатты басқа елдерден алуға байланысты қиындықтарға тап боламыз. Мысалы, семейлік тігіншілер иірілген жіпті Беларусь мемлекетінен сатып алады, ал өз кезегінде бұл ел Қазақстанның оңтүстігінен жүн сатып алып, одан иірілген жіп өндіреді», - деп қынжылды Н.Ахшабаева.
Баяндамашы ЕАЭО және ДСҰ проблемаларына да баса назар аударды. Оның айтуынша, халықаралық ұйымдарға кірген Қазақстан отандық өнім өндірушілердің мүддесін қорғай алған жоқ. Соның салдарынан жергілікті өндірушілер бәсекелестікте әділетсіздікке тап болып отыр.
Сала өкілдері 2021 жылы қабылданған «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңды да талқылап, қолданыстағы заңнамаға енгізілетін өзгерістерге қатысты бастамаларды пысықтауға дайын екендіктерін жеткізді.
«Adal Qyzmet Group» ЖШС бас директоры Алмагүл Қадырқұлова саланың басты мәселесі кадр тапшылығы екенін, табыстың төмендігінен жастардың жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істеуге құлықсыздығын, өнеркәсіп саласындағы мамандықтардың беделі мен жалақы деңгейін көтеру қажеттігін атап өтті.
Алматы Технологиялық Университетінің бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметов осы орайда қызықты деректер келтірді: өткен жылы жеңіл өнеркәсіп саласына бөлінген 900 гранттың 181-іне ғана түлектер түскен. Басқасына қызығушылық танытпапты.
«Жағдай жасағымыз келсе, жоғары білікті кадрларды дайындаймыз десек, университеттер мен сала өкілдері арасында интеграция қажет», - деді ол. Проректордың айтуынша, жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіптерінің атласы да жасалмаған. Келешекте қандай мамандықтар жойылып, қандайы пайда болатыны түсініксіз.
«Azala» компаниялар тобының бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Жамалов мемлекеттік сатып алу арқылы өнім сатып алатын ауруханалар мен мектептерге арналған мата сапасына қатысты мемлекеттік стандарттардың жоқтығын атап өтті.
«Біз өндіретін төсек-орын жабдықтарын «Қазақстан темір жолы» сатып алмайды, ал «Ресей темір жолы» сатып алады», - деді Жамалов.
Осы орайда Жамалов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне саланы дамытуға қатысты қолданыстағы барлық бағдарламаларды қайта қарауды ұсынды.
«Абай» тігін фабрикасының қожайыны Нұрхан Жұмабек кәсіпкерлердің банктерден несие алуға мәжбүр болатынын, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың көмегі жоқтығын тілге тиек етті.
«Біз фабриканы Kaspi Bank-тен алған несиеге сатып алдық. Ал мемлекеттік тапсырыс атымен жоқ. Тапсырыстардың барлығы жеке бизнестен түседі. Мемлекеттік саясат тек бизнесті барынша бытыратып, бәсекені қоздыруға ғана бағытталған деп есептеймін. Біз «мемлекеттік тапсырыс парадигмасында» өмір сүреміз, бәсекелестігіміз тек бағаға ғана қатысты», деді ол.
«Qazaqstanda Jasalgan» Экономикалық ұлтшылдық қозғалысының жетекшісі Айбек Барысов отандық өндірушілерге айтарлықтай көңіл бөлінбейді деп есептейді:
«Кез-келген саладағы өнім өндірушілердің тауқыметтері бірдей. Шын мәнінде барлық қиындықтар бізді қолдауға тиіс тараптан болып туындайды. Депутаттар, шенеуніктер, барлық деңгейдегі билік өкілдерінен. Және тәуелсіздік жылдарында бірде-бір министр өзі қабылдаған шешімдер үшін, ойран болған адамдардың өмірі үшін, күйреген өндірістер мен экономиканың салалары үшін жауапкершілік жүктеген жоқ. Бүгінгі күні тек жеңіл өнеркәсіп саласының сенімді қолда екені қуантады. Және бұл таң қалатын дүние емес, өйткені ең табандылары салада қалды. Кезінде қирап қалған Абай фабрикасы бүгін тамаша тоқыма бұйымдарын шығаруда. Меніңше, 30 жыл сұрыптаудан өткен кәсіпорындар өздерінің өміршеңдігі мен өнімінің сапасын дәлелдеп шықты».
Сонымен, съезде ұйымдардың 2023 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласы кәсіпорындары қауымдастығы мен Қазақстанның Жеке қорғаныс құралдарын өндірушілерінің одағы «Qazaqstanda Jasalgan» Экономикалық ұлтшылдық қозғалысымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Республикада осындай жаңа қозғалыстың пайда болуына министрлер, шенеуніктер мен депутаттар тарапынан отандық өнеркәсіпті дамытуға мүдделіліктің болмауы себеп болған, дейді белсенділер. Олар «қылмыстық немқұрайдылық немесе тіпті бөгденің мүддесін ілгерілету жағында», дейді олар. Ал мемлекеттік органдардың басты міндеті - отандық өндірушіні қолдау болуға тиіс, деп қорытты съезді бизнес өкілдері. Өнім өндірушілері болса, өз кезегінде, үдерістерді, адамдарды және ресурстарды басқаруға бағытталған күрделі бизнестерін одан әрі жалғастыра бермекші.
Жанбота Төлеген