- БИЛІК ЖАЛҒЫЗ ӨЗІ ЕЛДІ ӨЗГЕРТЕ АЛМАЙДЫ
– Ер-аға, егер Парламентке өтіп, депутат болсаңыз, не өзгертем деп ойлайсыз?
– Қазақта «Жалғыз ағаш – орман болмас» деген сөз бар. Мен Парламентке бұзып-жарып барып, бәрін өзгертем деу – астамшылық болады. Мұндай популизммен «хайп» қуу маған қажет емес. Оппозициялық өмірімнің 25 жылында ондай балаң, «бұзық» кезеңнен өтіп кеттік. Ендігі жерде елге жасампаз идеялар ұсына алатын және оны қалың халықпен бірге жүзеге асыратын жаңа саясаткерлер легі қажет.У
Оның үстіне бүгінгі Қазақстанның жағдайында 30 пайыздық бір мандатты округтер мүмкіндік беретін негізінде Парламенттік сайлауға түсіп жатқан жаңа толқынның мықты, табанды, жаңа өкілдері бар. Сол үміткерлер арасынан бірнеше тәуелсіз кандидат мәжіліс депутаттығына өтеді деп ойлаймын. «Жаңа Қазақстан» идеясына осы жаңа толқынның өкілдері тың леп қосуы керек. Елді билік жалғыз өзі өзгерте алмайды, ол өзгерістерді жүзеге асыру үшін, азаматтық қоғамның өкілдері қосылуы керек.
Егер осы сайлаудан кейін Парламентте сондай тәуелсіз депутаттардың бір шоғыры пайда болса, онда, әрине, әркімнің көңілі мен ойында жүрген біраз ауқымды істерді атқаруға мүмкіндік туады. Партиялық «пәтерлерден» тізіммен өткен депутаттарға қарағанда, тәуелсіз депутаттардың манёвр мүмкіндігі мен іс-қимыл диапазоны әлдеқайда кең болады. Оларға Парламент мәжілісінде «Халықтық блок» немесе фракция құрып, заң шығарушы органның жұмысына жаңаша пәрмен берудің реті туады.
– Билік бұл блокқа, ондай тәуелсіз әрекетке мүмкіндік береді деген дәмеңіз бар ма?
– Менің ойымша, бұған биліктің өзі де мүдделі болуы керек. Әйтпегенде, «Жаңа Қазақстан» идеясы тағы да сөз жүзінде қалады. Қалай болғанда да, тәуелсіз депутаттардың халық алдындағы сөзі мен ісі өтімді болады. Бүгінгі билік осыны түсініп отыр деп топшылаймын.
Протестік қоғам мен оппозициядан келген депутаттар Парламенттің өз ішіндегі заң шығару және басқа да қоғамдық-саяси мәселелерге бастамашылық танытуы тиіс. Бұл дегеніңіз – Парламенттің жұмысын бұра тарту емес, мұны ел мен ұлттың мүддесіне сәйкес бірлескен масштабты жұмыстар жүргізу бастамасы деп түйсіну керек. Біз көшедегі бірбеткей оппозициялық ұранды Парламенттің ішіне алып барып, тағы да баяғы қиқуға басатын болсақ, берекелі іс болмайды. Бұрынғы бірбеткей оппозициялық қозғалыстың «балалық ауруынан» арылуымыз керек.
Біз Парламент мінберінен салиқалы, салмақты ойлар мен ұсыныстар айтатын, халық пен қоғамның алдында жауапты азаматтық деңгейге ұмтылғанымыз жөн болады. Халық арасында айтылып жүрген мақсат-тілектердің соңында табанды жұмыс істейтін, билікті сол мәселелерге, елдік мүддеге жұмылдыруға және орындауға мәжбүр ететін күш болуымыз керек. Сондай жағдайда ғана біз ел ішіне өзгеріс енгізе аламыз. Жалаң ұран мен митингілік қиқудың кезеңі өтті.
- АЛМАТЫДАҒЫ ҮШ МАНДАТ БИЛІККЕ «ПОГОДА» ЖАСАМАЙДЫ
– Сіз сайлауға бір мандатты округтан түсіп жатырсыз, үміткерлер көп, қандай шанс бар өзі?
– Егер біз осы сайлауда тәуелсіз бақылаушылар жүйесін жаппай құрып, әр округты бақылаушылармен жауып тастайтын болсақ, онда депутаттыққа өту шансы болады. Менің ойымша, басқа аймақтар турасында айта алмаймын, ал дәл Алматы қаласындағы үш округтен тәуелсіз кандидаттардың депутаттыққа өту мүмкіндігі өте жоғары. Менің шансым да осындай мүмкіндікпен байланысты болады.
Үш мандат билік үшін Парламентте «погода» жасамайды. Ал егер билік осы үш мандат үшін жанталасып, сайлауға араласатын болса, оның айқай-шуы көп болады. Бұл бүгінгі билікке керек пе?
– «30 пайыздық мандаттан өткен депутаттар парламентке барғанда не шешеді?» деген қоғамда сөз бар. Оның үстіне билік өз ыңғайына келетін адамдарды өткізуі мүмкін деген күмән мен күдік те бар. Сіздің ойыңыз қандай?
– Тәуелсіз депутаттар Парламентке барса, не шешерін мен жоғарыда айттым. Бірақ бірінші кезекте қоғамға айтатын бір ой бар: біз «диванда жатып» немесе әлемжеліге дабыра салып, ештеңе өзгерте алмаймыз. Қоғамның күшімен билікті өзгеріске мәжбүр етудің бірінші кепілі – наразылық нөпірі, алаңдағы майдан. Ал бізде ондай мүмкіндік шектеліп қалды. Алматыда митингіге шығатындар саны 300–400 адамнан аспайды. Астанада ол да жоқ.
Ендеше біз қалай болғанда да, осы 30 пайыздық сайлау жүйесін пайдаланып, өзгеріске ынтазар халық болып, осы сайлауға барып, әркім өздері қалаған үміткерлерге дауыс беріп, үлкен саяси-мәдени белсенділік танытуымыз керек. Әзірге бізде бұдан басқа шанс жоқ. Бұл сайлауды бұзып-жарып, қоғамда бір теңселіс тудыратын емес, біздің белсенділігіміз салиқалы, салмақты, азаматтық тұрғыда толысқан қоғамның белсенділігі болуы керек. Сол арқылы біз қоғамға, тіпті билікке өзіміздің демократиялық өзгерістерге зәру және оған дайын екендігімізді көрсетуіміз керек. Біз бұрынғыдай алаңда екі-ақ сағат тұрып, митингіде ғана айғайлаудың адамдары емеспіз, біз осы азаматтық қоғаммен, халықпен, билікпен бірге осы өмірді өзгертуге мүдделі халық екенімізді көрсеткеніміз жөн болады.
Айғайлау үшін, артымызға қарайық – бізді қолдап шыққан халықтың нөпірі қандай екен? Егер жер қайысқан қол болса, онда он күндеп, бір айлап майдан алаңында тұрайық. Онда билік бізді, біздің күшімізді мойындайды.
Ал егер соңымыздан ерген ондай қарақұрым халық болмаса, протестік қозғалыстың бағыт-бағдарын сақтап, тактикалық іс-әрекетімізді өзгертейік. Әрине, қазір Қазақстанда екінің бірі оппозициялық ой-пиғылда деген түсінік бар. Оған менің аса бір алып бара жатқан дауым жоқ. Бірақ сол халық наразылық алаңына шықпайынша, ондай «оппозициялықтан» түк шықпайды.
– Ал билік Парламентке өз өкілдерін өткізуге күш салады деген пікірге орай не айтасыз?
– Әрине, күш салады. Жалпы, қай елде болмасын, билік өзінің гегемониясын сақтап қалуға, қауіп-қатерден қорғануға, күш-қуатын нығайтуға мүдделі. Бұл – қалыптасқан аксиома.
Бірақ өз өкілімізді Парламентке өткізуге біздің мүмкіндігіміз қандай десек, егер де тиісті округтарды тәуелсіз бақылаушылармен толық жауып тастайтын болсақ, мәселен, Алматыдағы 3 округта, онда тәуелсіз кандидаттардың Парламентке өту мүмкіндігі өте жоғары болмақ.
Менің ойымша, билік те Алматыдағы осы 3 округтегі тәуелсіз үміткерлерді өткізбеу үшін, таласқа түсуге ынталы болмау керек деп ойлаймын. Сайлауға араласып, дауыс берудің тәртібін бұзып, немесе өз үміткерлерін өткізуге тырысатын болса, арты айғай-шу болуы ғажап емес. Ондай жағдайда өтіп жатқан сайлаудың легитимдігі де күдікті болып қалады. Меніңше, халқы белсенді және тығыз шоғырланған Алматы, Астана сияқты қалалар тәуелсіз бақылаушылармен толық қамтамасыз етілетін болса, онда тәуелсіз үміткерлердің өту мүмкіндігі де өте күшті болмақ.
– Соңғы кездері бой көрсетіп келе жатқан тағы бір тенденция – жастардың мәслихат пен Парламент депутаттығына белсенділікпен сайлануға түсіп жатқан саяси амбициясы турасында не айтасыз?
– Бұл, әрине, қуанышты жәйт. Дегенмен барлығы бірдей жөңкіліп, Парламентке ұмтылып жатқаны жөнінде сайлаудан кейін арнайы бір мақала жазу ойымда бар. Өзгерістің барлығы жергілікті жерден басталуы тиіс қой, сондықтан жастардың бір бөлігі мәслихат сайлауына түсіп, өздерінің саяси амбициясын мәслихаттар арқылы шыңдағаны әлдеқайда оңды болар еді. Барлығымыз бірдей Парламентте жүргенде, төменгі буын кімге қалады?
Осындай сұрақтың басы ашық қалуы қоғамда жүйелі оппозицияның болмау салдарынан туындайды. Егер елде тұтасқан бір орталық арқылы протестік қозғалыстың стратегиясын айқындап отырған болса, азаматтық қоғамның барлық іс-әрекетін, мәселен, қазіргі сайлау науқанын реттеп отыруға мүмкіндік туар еді. Біз азаматтық қоғамды тәрбиелеуіміз керек, қандай мақсатта, қандай ұранмен, қандай мүмкіндіктермен ортақ мүдде жолындағы күреске шығатынымызды жүйелі жоспарлап отыратындай оппозиция болуы керек. Әйтсе де, Парламентке ұмтылған жастардың саяси ерік-жігеріне, адами және азаматтық құқығына шек қоюға болмас.
- «ДИВАНДА ЖАТЫП» ӨЗГЕРІС ЖАСАЙ АЛМАЙМЫЗ
– Жалпы, сіздің сайлау бағдарламаңызда басты мақсатыңыз не және сайлаушыларыңызға не айтасыз, қандай уәде бере аласыз?
– Қайталап айтайын, мен Парламентке барып, жалғыз өзім барлығын қырып-жоям деп айта алмаймын. Ондай жалған уәдемен сайлаушыларды алдарқатуға болмайды. Айтылар сөз бен уәденің орындалар жауапкершілігін ұмытпаған абзал.
Жалпы, менің бағдарламалық бағытым – қоғамда айтыла-айтыла әбден жауыр болған, екінің бірін мазалаған, ел-жұртты әбден мезі қылған тақырып. Біздің халық 30 жылға жуық аңсаған өзгерістер кезеңі келді. «Диванда жатып», билікті оңды-солды сынаудан ендігі жерде түк шықпайды. Біздің қоғам осы өзгерістерге: елді жаппай жайлаған жемқорлықты жоюға, шын мәніндегі әділетті Қазақстан құруға, көші ұзап бара жатқан өркениеттің соңғы легіне ілігуге күш салуы керек.
Халықтың кенделеген тіршілігі мен қоғамның тұралаған тұрмысын ертелі-кеш жырлап, қол қусырып, обынып отыра беруге болмайды. Біз саяси партиялар мен алауыз әлеуметтік топтарға бөлінбей, керісінше, Құдай бұйыртқан мүмкіндікті пайдаланып, өзгерістер үшін мейлінше қарманып қалатын күн туды.
Мынау бір мандатты 30 пайыздық сайлау жүйесінің өзі қоғамға қандай да бір қозғалыс берді. Қазір жастардың саяси-қоғамдық бастамаларға ұмтылып жатқаны, олардың Парламенттік сайлауға түсуі – бәрі осы өзгерістің нышаны. Бірақ ол өзгерістердің қарқыны баяу, реформалар жартыкеш болып тұр.
Шиеленіскен әлемдік геосаяси қатер еліміздің іргесіне тірелген кезде біз ұлтымыз бен мемлекетіміздің қауіпсіз және жарқын болашағы жолында жік-жікке бөлінбей, жалпыхалықтық мүддемен нақты нақыштағы «Жаңа Қазақстанды» өз қолымызбен құруымыз керек. Осы жолы қапы қалсақ, болашақ ұрпақ бізді кешірмейді!
Мен ел Парламентінің депутаттық мандаты үшін үміткерлік сайысқа дәл осы мақсаттар жолында түсіп отырмын. Маған лауазым да, атақ-дәреже де керек емес. Керегі – әділетті де әдемі Қазақстан құру. Осы жолдағы жанталасар жұмыста ерік-жігерім мен қару-қайратыма мүмкіндік беретін, табаныма тіреу боларлық бұдыр қажет. Сол «бұдыр» – Парламенттің мандаты мен мінбері деп ойлаймын.
Бір ақиқатты мойындауым керек: 25 жыл оппозициялық қозғалыста жүріп, өзімнің құрметті әріптестеріммен бірге айтарлықтай нәтижеге жете алмадық. Ел өзгермеді – «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалды.
Ендігі жерде халық бірігіп көтеруі тиіс, қазақ арқалап өтер ауырлықтың бір пұшпағына тіреу болсам, елімнің ертеңіне жәрдем етсем деймін. Елмен бірге өзгерістер жасауға қажыр-қайратым жетеді деп ойлаймын.
Сондықтан халықтың аузындағы аңсаған мұраттардың барлығы – менің бағдарламамдағы негізгі тақырып. Біз тарихи мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. Егер қазір біз осы 30 пайыздық жүйеде салиқалы сайлау өткізіп, тәуелсіз кандидаттардың бір шоғырын Парламентке жеткізе алатын болсақ, келесі сайлаудың, меніңше, 50 пайыздық аралас жүйеде өтуіне алтын көпір саламыз.
- «ДЕПУТАТ БОЛСАМ, ХАЛЫҚҚА БАҚ ОРНАТАМ» ДЕГЕН СӨЗ – БЫЛЖЫРАҚ
– Ер-аға, өзіңіз сайлауға түсіп жатқан 3-ші сайлау округіне Алматы қаласындағы ең үлкен Әуезов және Алатау аудандары кіреді. Ендеше өзіңіздің сайлау округіңізге қатысты не істейсіз?
– Бұл арада бір округті бөліп алып, мен осы Алатау мен Әуезов аудандарына бақ орнатып тастаймын деп айтсам, ол күпіршілік сөз болады. Ондай жалаң популизм – былжырақ сөз.
Алматы қаласында болсын, Әуезов пен Алатау ауданында болсын, Қарағанды, Өскемен мен Семейде болсын, Мойынқұм мен Мақаншыда болсын – барлық жерде біздің проблемамыз біреу-ақ: бірінші кезекте елді жайлаған жемқорлық пен парақорлықтың салдарынан әлеуметтік әділеттілік жоқ. Осының тамырына балта шаппай, алға жүре алмаймыз. «Біз енді қалай және қайда бет аламыз?» деген сияқты ауқымды мәселенің мәні қоғамның үніне құлақ түрген Парламентте шешілуі керек.
– Дегенмен, аталған екі ауданның сайлаушылары сізден бір «жарылқау» күтеді ғой...
– Ал енді жалпы өзімнің округімде, Алматы қаласында не істеймін дегенде, жалпақ Қазақстанға ортақ проблемалық тақырыптар бар. Мәселен, Алматы қаласын алатын болсақ, 90-жылдары басталған урбанизацияның салдарынан ауылдардан үдере көшкен, ішкі миграцияға тап болып, ірі қалалардың төңірегіне қоныстанған қазақтың қазіргі хал-ахуалы қандай? Бұл әлеуметтік топ бүгінде үлкен қалалардың қоғамдық-тұрмыстық, жұмыссыздық жағдайынан бастап, криминалға дейінгі ауқымды ахуалға әсер етеді. Үкімет пен билік тарапынан осы әлеуметтік мәселе сараланып, жұмыстар жүргізілді ме? Жоқ!
Әрине, қоныс аударушылар қала маңынан жер сатып алып, өз күштерімен үй салып, әркім шамасы келгенше тірлігін жасап жатыр. Қысқаша айтқанда, тағдырдың тәлкегінен өз беттерімен сытылып шығуда. Бірақ қала маңындағы, орысшалап айтсақ, «нахаловка» елді-мекендердің «времянкада» күн көрген күйбең тірлігі Алматының жалпы ахуалына әсер етпейді деп айта аламыз ба?
Осы урбанизацияның салдарын зерттеп, оны бір бағдарламалық құжат, үкіметтік қаулы деңгейіне, тіпті мемлекеттік заң жүзіне жеткізуіміз керек қой. Бұл – мемлекет құрушы қазақ халқына деген қамқорлықтың бір белгісі болар еді. Мемлекеттен жанашырлық көрмеген халық өз билігіне тасбүйрек болады. Ондай адам биліктің шын сөзіне де, атқарып жатқан игі істеріне де сенбейді.
Ал енді қаладағы Алатау және Әуезов аудандарының жағдайына келетін болсақ, мұндағы проблеманы Екібастұз көрсетіп берді. Жылу-энергия көздері, сумен жабдықтау және кәріз жүйесі – барлығы 90-жылдардан бері тозығы жетіп, әбден ескірген, қуаты әлсіреген.
Қазір қаланың ішінде, жердің үстіне «Лего» ойыншықтары сияқты үйлер салынып жатыр, бірақ жердің астындағы коммуналдық жүйе бұдан 30 жыл бұрынғы жағдайда қалған. «ТЭЦ»-тен шығатын жылу құбырының тозығы жеткені былай тұрсын, оның диаметрі бүгінгі тұтыну қажеттілігіне тіптен сәйкес емес. Бұл күрделі мәселе Алматыда да, басқа жерлерде де бар. Осы шаруаны қолға алып, тиянақтайтын уақыт келді.
Жалпы, екі аудан сайлаушыларының болашақ депутатқа жүктелетін аманаттық тапсырмаларын (мектеп, аурухана, балалар ошақтары, мәдени-көпшілік және бұқаралық спорт орындарын салу) топтастырып, тиісті қалалық және республикалық атқарушы билік алдына мәселелер қойып, оның орындалуын бақылауға алу – бір депутаттың ғана емес, тұтас бір мемлекеттің уақыт оздырмас міндеті болуы керек деп ойлаймын.
- ҚАНДЫ ҚАҢТАРДЫ ҚАЙТЕМІЗ?
– Парламентке барсаңыз, біздегі басты тақырыптардың бірі – қанды Қаңтар туралы не айтар едіңіз?
– Қанды Қаңтар – жанды жылатып, жүрегіңді ауыртатын тақырып. Бұл қазақ халқының жуық жылдардағы зары және тарихында өшпестей болып, жазылып қалатын қасірет. Біз қаншама адамның қаны төгілген Қаңтар трагедиясын жылы жауып қоя алмаймыз.
Әрине, осы қанды оқиғаға бірінші кінәлі – билік деп санаймыз. Ол – ақиқат. Бұл ақиқаттың бетін әлдебір алдарқатумен басқа жаққа бұру мүмкін емес. Сондықтан осы Қаңтар мәселесін зерттеу жөнінде біз Парламентте мемлекеттік комиссия құрып, оған халықтық, ұлттық мүдде тұрғысынан баға беріп, саралауымыз керек. Оны бүгін біз жасамасақ, болашақ ұрпақ бәрібір жасайды.
Егер депутаттық мандатпен Парламентке барып жатсам, мұндай бастамалар көтеріледі, әрине. Күн тәртібінен алып тастауы өте қиын бұл тақырыпты мен қозғамасам, басқа азаматтар көтереді. Қаңтар кезінде бір отбасы түгелімен опат болды, 4 жасар Айкөркем сияқты бейкүнә бүлдіршіндер қаза тапты. Қабырғасы қайысқан халықтың қайғысы әлі басылған жоқ. Бұны билік те, Тоқаев мырза да азаматтық пайыммен түсінуі керек. Бұл біздің ұлттық қасіретіміз.
Бірақ Қаңтар оқиғасына да байланып отыра беруге болмайды. Біз жол-жөнекей дамудың, өзгерудің қамын қатар жүргізуіміз керек. Биліктің өзі осыған кінәлі екенін іштей мойындап, «жуып-шаюдың» қамымен халыққа қандай да бір өзгерістер, жеңілдіктер жасауға баяу да болса, әрекеттер жасап жатыр.
Ендеше биліктің осы ынта-ықыласын пайдаланып қалуымыз керек. Осы жерде халық пен биліктің мүддесі бір арнаға тоғысады деп ойлаймын. Билікте Қаңтар мәселесіне қатысты бар ынта-ықыласымен шаруа атқарып жүрген жігіттер бар, бәрін бірдей кінәлап, тегістей күйе жағуға болмайды. Біз Парламент мінбері арқылы жағдайға нақты баға беретіндей, салиқалы ой түйетіндей ұсыныстар айтуымыз керек.
- «МЕНІҢ КӨҢІЛІМ НЕГЕ «БОСАП ЖҮР»?
– Ер-аға, соңғы кездері әртүрлі медиаға беріп жүрген сұхбаттарыңызда, қалай ойлайсыз, көңіліңіз босап жүрген жоқ па? Осыдан 5-10 жыл бұрынғы өткір тілмен тіліп айтатын мінезіңіз, оппозициялық ынта-жігеріңіз қазір басылып бара жатқан сияқты...
– Асыра айтқандай болмайын, мен өзім Қаңтардан кейін елде қалыптасқан жағдайды біраз ой елегінен өткізіп, біршама қорытындыға келдім. Мысалы, қайталап айтайын, мен 25 жыл осы оппозициялық қозғалыста жүргенде, елде ештеңені өзгерте алмадық. Қоғам сол қалпында қалды. Біздің алаңға шығып, ұрандатып, митингілетіп, айғай салуымыздан нәтиже болмады.
Ал енді Қаңтардан кейінгі митингілердің өзінде халық оппозицияны, елдегі протестік көңіл-күйді қолдайтын болса, алаңға жиналып, табандап тұруы керек еді ғой. Ондай жаппай наразылық нышаны жоқ, бірең-сараң адам жиналған бірлі-екілі митингілер мен пикеттер жадау-жүдеу өтуде. Яғни, немесе біз халықтың қалың нөпірін соңымыздан ерте алмадық, немесе үрей билеген елдің оппозицияға деген сенімі селдіреген. Бізде жекелеген оппозициялық тұлғалар бар, бірақ ұйымдасқан, елдегі протестік көңіл-күйді біріктіретін жүйелі оппозициялық қозғалыс жоқ...
Шахматтың тілімен айтқанда, осындай «паттық ситуацияда» не істеуге болады? Біз тағы да түбегейлі өзгерісті күтіп, осылай 30 жыл жүруіміз керек пе?
Сондықтан менің өзім үшін жасаған қорытындым: біз протестік қозғалыстың стратегиясын өзгертуіміз керек. Қалай өзгертеміз? Оны оппозициялық қауымдастық өзара талқылап, елде қалыптасқан жаңа жағдайдың ауқымында ортақ тұжырым жасауы керек деп ойлаймын.
Мысалы үшін, кейінгі ұрпақ білмеуі мүмкін, тіпті алдыңғы толқын оппозицияшыл ағайындардың да есінде болмауы мүмкін: кезінде біз «Нағыз Ақ жол» және «Азат» партиясында жүргенде, «Нұр Отанның» ішіне кіріп, елдегі жағдайды өзгертуге бастама көтерейік деген идея болған. Сондықтан, менің ойымша, егер билік халықтан қорқатын болса, біз сол биліктің ішіне Парламент арқылы кіріп, өзгерістер шеруін бастайық.
Менің ойымша, билікке қарсы «сыңарезу» сөз айтатын атақты айтыскер Ринат Зайытовты «Аманат» партиясы өз қатарына шақырып алғанына қарағанда, билік те қоғамның белсенді өкілдеріне «кет әрі» демейтін сыңайда. Билікті төңкеріп тастаймын деп отырған ел жоқ, халықтың, ел-жұрттың бар арман-мұраты – өзгеріс. Елге келген жылымықты әрі қарай шынайы өзгерістерге жалғастырып, адами бейнедегі «Екінші Республика» құру – тек жалаң сөзбен емес, іс жүзінде жаңарған ел болсақ деген ниетпен жүзеге асуы тиіс.
Сондықтан билік халықтан қорықпауы керек, халық та билікті біржақты құбыжықтың кейпінде көрмегені жөн. Бір сөзбен айтқанда, біз нәтижесіз текетірестен – жасампаз мәмілеге көшудің жолын іздеуіміз керек. Менің «көңілімнің босап жүргені» осы ойлардың төңірегінен туындайтын тұжырымға саяды.
– Ендеше ашық пікіріңізді айтыңызшы, қазіргі саясатты жүргізіп отырған билікті, президент Тоқаевты қолдайсыз ба?
– Мәселе қолдау немесе қолдамауда емес, мәселе – тарихи шансты пайдалануда. Біз елде пайда болған бір ақиқатты мойындауымыз керек. Әлгінде айтып кеттім, алаңды наразылық толқынына толтыра алмадық, егер де біздің протестік қозғалыстың, оппозицияның артынан мыңғырған халық шығып, Киев Майданы сияқты алаңнан айлап кетпей тұратын болса, біз наразылық арқылы елге өзгерістер енгізуге билікті мәжбүр етер едік. Билік күшті және күштіні ғана мойындайды. Осындай жағдайда біз елдегі қазіргі қалыптасқан саяси жағдайға саралап қарасақ, сіз айтқандай, «Тоқаевты қолдау» деген мәселеден мен өзім мынадай қорытынды шығарамын: қалай болғанда да, елде өзгерістің нышаны басталды. Басқасын айтпағанда, 30 пайыздық сайлау жүйесіне дүркірей араласып жатқанымыз сол жылымықтың әлпеті емес деп айта аламыз ба? Отырып алып, «жоқ, мынау жарамайды» деп, жер тепкілегеннен не шығады?
Мысалы, кеше ғана «Жусан» банкті Қазақстанға қайтару бастамасы қозғалды. Біз осы талпынысты неге қолдамаймыз?
«Жусан» банк кімдікі еді? Ол – Нұрсұлтан Назарбаевтікі. Кезіндегі «Цесна» банкті тартып алып, соның негізінде «Жусан» халықаралық қаржы құрылымын қалыптастырып, Лондон қор биржасына шығып, оны әлемдік деңгейдегі ашық қаржылық институтқа айналдыру амалы жүргізілді. Бұл әрекеттің мақсаты – Қазақстаннан ұрланған активті халықаралық дәрежеде легитимді құрылымға айналдыру болатын.
Міне, осы активті Қазақстанға қайтару жөнінде кеше ғана прокуратура іс қозғады. Бұл – халықтың «қанын теспей сорған» Назарбаевқа тікелей шабуыл басталып жатыр деген сөз. Қалай мұны өзгерістің әлпеті демессің?
Қаңтардан кейін президент Тоқаев еңіреген елдің көңілінен шығуға мүдделі. Осыны болашақ өзгерістердің есебіне пайдалануымыз керек. Билікті жағадан ала бергенше, мүмкіндік берейік. Ақордада кілең жалмауыздар отырған жоқ, онда да халыққа қарайлас жігіттер бар, ерегеспен олардың қолын қақпайық. «Бір шоқып, екі қарауға» мәжбүр болып отырған Тоқаевты қоғамға әкелейік... Менің қолдау-қолдамау мәселемнің басты мәні осы.
Сондықтан, менің ойымша, «диванда жатып алып», жасалып жатқан азды-көпті істің бәрін жоққа шығару, «бізге өзгеріс керек» деп, ауызға келгенді құса беру – саналы азаматтың әрекетіне жатпайды. Бүгінгі елге керек ең басты азаматтық іс – өзгеріс, оған бәріміз араласуымыз керек.
Мысалы, Қойшыбек, Қаңтар қасіретінің сериалдарын видео-шежіреге түсіру үшін, сені кім мәжбүр қылды? Сен оған өзіңнің қоғам алдындағы азаматтық парызыңмен барып жүрсің ғой! Сен тіпті генерал Күдебаевтың Талдықорғандағы сотына, Таразда жазықсыз шырылдап жатқан Қаңтар құрбандарының сотына өз ерік-жігеріңмен, өз көлігіңмен барып жүрсің. Солай ма?
– ... М-м-м, енді...
– Енді болса, сен Талдықорғандағы сотты телекамераға түсіру үшін баруға кейде бензинге ақша таппай қалатын күндерің болады. Сені осындай қадамға мүдделі қылып отырған – сенің ішкі арың, жүрегіңе түйген түйсігің. Өзгеріске ынтазар осындай түйсік біздің әрқайсымызда болуы керек. Мұндай азаматтық «мұқтаждық» – бойында намысы бар әр азаматтың міндеті деп ойлаймын.
Менің де ойым осы. Парламентке жетем бе, жоқ әлде жеткізбей ме – ол үшінші мәселе. Біріншісі – мен болайын, басқа болсын, 30 пайыздық сайлаудан өтіп, депутаттық мандатқа қол жеткізген әрбір азамат билікті іштен іреп, елді өзгертуге пәрмен беру. Тәуелсіз 10 депутат өтетін болса, онда олар биліктің ішінде біраз қозғалыс жасауы тиіс.
Олар билікті төңкеріп тастайды деген сөз емес. Қаңтардан кейін «төңкеріс» атаулыға абай болып, сындарлы көзқараспен қарауымыз керек. Неге? Көңілі ояу жұрт Ресейдің Украинадағы оккупациялық соғысынан кейін, қазіргі әлемдегі саяси жағдайдың бет-әлпетін байқап отырған шығар. Осындай дүрлігіп тұрған заманда біз елді ішінен қопарып тастауды емес, адами формадағы өзгерістерді «сары майдан қыл суырғандай» байыппен әрекет етуді ойлауымыз керек.
– Ер-аға, бүгіннен бастап, «ұрыста тұрыс жоқ» деп, доданы бастап кеттіңіз. Өзіңіз 25 жыл алысқан билік жағынан болсын, басқа жағынан болсын – біраз қарсыластарыңыз шығып, сізге қарсы компроматтарды төгіп тастауы мүмкін. Сіз осыған қалай қарсы тұрасыз, не істейсіз?
– Әрине, өкінішке қарай, біздің қазақ қоғамы бір-бірін жамандаудан әлі күнге дейін көз ашпай келеді. Әсіресе бүгінгі әлеуметтік желілерде бірін-бірі жамандау, сырттан «тон пішу» жаман үрдіске айналып барады. Қолында ешқандай дәлел-дәйегі болмаса да, біреуді «сатқын», «биліктің адамы», «КНБ-ның агенті» деуге бола ма?
Меніңше, осы сайлау кезінде мұндай «қатын қаралау» мен компроматтар ағыны болады. Біздің қоғамның бір трагедиясы – біз шынайы пікірсайыс қалыптасқан демократиялық формациядан өткен жоқпыз. Біз митингілік саясаттың мәдениетін білмейміз. Себебі митингіге жиналған халықтың тас-талқанын шығарып, абақтыға тығып, демократиялық бастаманы қудалап келген жүйеде өмір сүріп отырмыз. Бұл жағынан бізді «маңқа қазақ» дейтін қырғыздардан да кенде қалған халықпыз.
Сондықтан ондай компроматтар айтылады, мен оның бәріне пәлсафалық пайыммен қараймын – «Ит үреді – керуен көшеді». Менің осы 25 жыл ішіндегі абырой-атағымды қорғайтын «ДАТ»-ым бар. Осы алдағы сәуір айының 15-інде «ДАТ»-тың алғашқы нөмірі шыққанына 25 жыл толады.
Қоғам мен халыққа қажетті балама ақпарат тарататын қандай да бір газетті ширек ғасыр бойы кім сүйреп келеді? Апта сайын осы «ДАТ»-ты шығаруға баспаханаға 500 мың теңгенің көлемінде ақша төлеп, газетті халыққа жеткізіп жатқан кім бар? Айналдырған 100 мың теңгеге жетер-жетпес жалақы алып, газет шығарып жатқан «даттықтардан» басқа біреуді білесің бе, Қойшы бауырым?!
Мақтанды деп сен де айтпа, басқалар да жата жазғырмасын – менің қоғам үшін жасаған еңбегім бар. Арыға бармайық, соңғы 10 жылда осындай еңбек етіп, қоғамдық-тәуелсіз ресурс жасаған кім бар? Менің атым мен абыройымды даттамақ пиғылдағы бір адам шығып айтсыншы: «Мен мынаны жасадым» деп!
– Дегенмен, әлеужеліде боттар мен «байлаулы» блогерлер сіз туралы кереғар бірдеңе айтып жатса, не істейсіз дегенім ғой...
– Қазақта қызғаныштың «қызыл оты» болған, бола да береді. Қаңқуға қиқу қосатын жаман әдетіміз бар. Біздегі компроматтар оттай береді...
Ал егер алда-жалда менің атыма жала жабылып жататын болса, елім мен қазағым менің азаматтық басыма «ДАТ»-тың даңқымен баға береді деген сенімдемін. Сондықтан мен далбаса дақпырттан қорықпаймын! Айтсын, айтыла берсін. Ең бастысы – мен және менің оймақтай ғана ұжымым халықтың мүддесіндегі шаруаны істеп жүр. Бұл – құрғақ мақтаныштың емес, есіл еңбектің есесі!
Қаншама газет, 100 жылдық тарихы болған «Экспресс», «атынан ат үркетін» таблойд «Караван» жабылып қалды, ал «ДАТ» жабылған жоқ. Газеттің шығуына көмек қылып, апта сайын тұрақты қаражат беріп, демеушілік жасап отырған ешкім жоқ. Бірақ біз – кеше ғана марқұм болған Бақан қарындасым Мәкімбай, Кенжетай бауырым Нұрмұханбетұлы, Азамат Шорманханұлы серігім, Ерік інім Бапиев жанталасып, тұрақты түрде апта сайын осы газетті шығарып жүрміз. Сондықтан менің атыма әлдекімдер шәуілдеп, не айтылса да, «ДАТ»-тың оқырманы, бізді білетін қазақ лайықты бағасын береді деген ойдамын!
– Әңгімеңізге рахмет, ісіңізге сәттілік тілеймін!
Газеттік мәтінін дайындаған –
Алма ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ,
Автордың қатысумен редакциялаған – Айсұлу ОСПАН