Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік төрағасының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаев ұсталды. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.

Комитеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қожабаев 2023 жылғы 9 қаңтарда жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталды. Комитет істің басқа да жай-жапсарын хабарламады. Тергеу жүріп жатыр, деп мәлімдеді ҰҚК.

Мақсат Қожабаев Қазақстан жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары қызметіне 2021 жылғы шілдеде президент жарлығымен тағайындалған. Былтыр сәуірде Қодабаев агенттік төрағасының орынбасары қызметінен босатылған. Бұған дейін ол бірнеше жыл бойы Шымкент қаласы прокуроры, Жамбыл облысы прокурорының орынбасары болып істеген.

200-ден астам адамның өмірін жалмаған Қанды қаңтар оқиғасынан соң Қазақстан билігі активтерді қайтару немесе экономиканың түрлі салаларындағы монополияны жою жөнінде жиі мәлімдеп жүр. Сарапшылардың бірқатары меншік бөлісі басталды деп топшылайды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң бірнеше шенеунік ұсталғанын меңзеген бақылаушылар мемлекет басшысының айналасындағылар мен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев адамдары арасында билікке талас жүріп жатыр деп болжады. Қасым-Жомарт Тоқаев та, Нұрсұлтан Назарбаев та мұндай болжамды жоққа шығарған.

Бір жылға жуық уақыт бұрын қызметтен алынған бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов Қазақстан қалаларындағы қақтығыстар кезінде әрекетсіздік танытты деген айыппен ұсталды. Биыл қаңтарда бас прокурор Берік Асылов экс-министр Мұрат Бектанов 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде заңсыз бұйрықтар беріп, әскери стратегиялық нысандарды қорғаусыз қалдырды деп мәлімдеген.

Экс-президенттің жақтасы саналатын Кәрім Мәсімов қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК басшысы қызметінен алынып, тергеу изоляторына қамалды. Оған мемлекетті сатты, билікті басып алуға талпынды деген айыптар тағылды. Оның бұрынғы үш орынбасары ұсталды. Кәрім Мәсімовтің қылмыстық ісіне "құпия" мөрі басылған.