Алматы облысы прокуратурасының мәлімдеуінше, 305 мемлекеттік қызметкер 507 млн теңгесін құмар ойындарына жұмсаған. Бұл туралы Тіл кеспек жоқ арнасы жазды.
Бұған дейін облыстық прокуратура Қапшағай су қоймасы аумағындағы ойын мекемелеріне кешенді тексеру алып барғанын хабарлаған болатын.
2019 жылдан бастап осы кезге дейінгі уақыттағы кезеңді тексеру барсында казинолардың салық төлеуден жалтарғаны анықталған.
"Аталған факт бойынша ҚК-нің 307-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ойын бизнесі, еңбек заңнамасы, өртке қарсы және санитарлық-эпидемиологиялық нормалар саласындағы бұзушылықтар да анықталды. Прокуратураның талабымен уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту және бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды тапсыру үшін тексерулер жалғасуда".- делінген болатын.
Ойын мекемелерін тексеру жүріп жатқан тұста облыстық прокуратура күштік құрлым қызметкерлерінің де казиноға қомақты қаржы шашқанын анықтаған.
Әсіресе құмар ойындарына Ішкі істер министрлігі (97 адам) мен Қорғаныс министрлігінің (95 адам) қызметкерлері әуес.
Одан бөлек, олардың казиноға жұмсаған ақшасы, жылдық табысынан әлдеқайда көп. Мәселен, жылдық табысы 10 млн теңгеден аспайтын Астана әкімдігінің бір қызметкері казиноға 54 рет барып, 53 млн теңге жұмсаған.
Осы іс бойынша жұрт арасында "Ол мұндай ақшаны қайдан алды?" деген сауал туындап отыр.