Талғар ауданындағы дауға айналған N25 Гимназия мектебі басталғалы қоғамның қызыу талқысында келеді. Оған себеп әуелде "оқу тілі қазақ тілінде" делінгенімен артынша аудандағы атқа мінерлер мен білім басқармасындағылардың арнайы ұйымдастыруымен аралас болып ашылып тынған-ды.

Оқу маусымының басталғанына ай болса да оқушылардың жағдайы жасалмаған. Оған білім бөлімінен бастап минстрлікте жауап беріп отырған жоқ. Әуелде сынып қадлыптастыру стандарты 20 дан жоғары бала жиналғанда ғана ашылады деген қағида қазақ балаларына ғана арналғандай. Ал орыс сыныптарындағы балалар саны оншақты болса да, сынып етіп ұстап отыр. Аудандық білім басқармасының жұмысының сылбырлығы сондай, құжаттары әлі рәсімделмеген. Басқа мектептен ауысып келген балалар электронды жүйеге әлі тіркелмеген, олар санда бар, санақта жоқ, электронды күнделікті айтпай-ақ қояйық. Директордың өзі әлі тағайындалмаған, директордың міндетін уақытша атқарушы орындап отыр. Мектеп құжаты әлі толық дайын болмағандықтан, асхана да жұмыс істемейді, мектеп орналасқан жер Талғар қаласының тау жағында болғандықтан, балалар ас ішетін өзге асхана да, дүкен де жоқ. Ол ол ма, орналасқан орнының шалғайлығына байланысты қатынайтын көлік те қарастырылмаған. Ол районға жақын баратын 224 бағыттағы автобустың жүру жиілігі 40 минут, 2 бағыттағы автобус та сондай. Алда күн суытып келеді, сонда балалар автобус күтеміз деп тоңып қалмай ма? Жақын ауылдардан келіп оқып жүрген балалар орталықтағы автобус бекетіне дейін үш-төрт шақырым жаяу жүруіне тура келеді, үнемі такси шақыруға ата-аналардың қалтасы көтермейді, жол бойынан кездескен көлікке отыру бала үшін қауіпті. Ата-аналарды үнемі сабырға шақырып келе жатқан мектеп ұжымы мен аудандық, облыстық білім басқармасына шыдамның да шегі болатынын ұмытпаған жөн дегіміз келеді. Баланың жағдайы жасалмаса, білім алуына кедергі болады, елдің болашағы мен үмітін бағалайтын кез жетті.

Бұл мәселе туралы құзырлы органдар әсіресе білім минстрлігі арнайы қадағаласа екен.

Алматы облысы.

Нұрбәтима Байтұрсын