Әлем экономикасының алдынғы 7 көшбасшысы Баварияда бас қосты. Олар жаһандық экономикалық жағдайдан тыс Ресей тақырыбын да талқылады. Бұл жол Ресейдің алтын экспортына шектеу қою мәселесі де талқы тақырыбына көтерілді. G7 саммитінің алдында АҚШ, Британия, Канада және Жапония Ресейдың алтын экспортына эмбарго кіргізу планын ортаға қойған еді. «Үлкен жетілік» жиынында бұл төрт елде Ресей алтынын сатып алмауға дайын екенін білдірді.
«Үлкен жетілік» мүшелері Ресейдің алтын экспортын талқылайтын себебі, алтын Ресейдың басты табыстарының бірі. Алтын сатудан Ресей жылына 15,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде пайда кіргізеді. Сондықтан АҚШ пен Британия бастап Ресейді осы үлкен табыс көзінен айыруды көздейді. Британ бас уәзірі (премьері) Борис Жонсон Ресейдің алтын эспортына эмбарго кіргізуді «Путиннің соғыс машинасының жүрегін алып тастау» деп бағалаған. Британия көп ұзамай Ресейден алтын сатып алуды шектейтін заңды бекітеді деп күтілуде.
Бұндай шектеуді Франция президенті Эммануэл Макрон да қолдады, ал Германия мен Италияның қандай көзқарас танытары әзірге анық емес. Бірақ, АҚШ президенті Жо Байден G7-нің бұл мүшелері де бұл жобаны қолдайды деген үмітте. Қазіше екіұшты жауап беріп тұрған ЕО кеңесінің төрағасы Шарль Мишель. Ол сөзінде: «Біз алтын эмбаргосын талқылап көруге дайынбыз, алдымен бұның нақты нәтижесіне көз жеткізу керек, біз шынында Ресей экономикасына нәтижелі соққы бере аламыз ба, өзіміз зиян тартып қалмаймыз ба, қарап көруіміз керек», – деді.
Жалпы, Құрама Штаттар G7 немесе өзге де ықпалды ұйымдар арқылы Ресейдің экспорттық өнімдерін (мұнай-газды қамтыған) сатып алуды шектеу бойынша бірқатар ұсыныстарды енгізіп келеді. Алайда, әлем елдері түгілі, Еуропаның өзінде мемлекеттердің жағдайы бірдей емес. Кей елдер энергетика саласы бойынша белгілі деңгейде Ресейге тәуелділігі бар. Сондықтан да АҚШ-тың мұнай бағасын белгілеу, мұнай табысынан Ресейді ықыстыру сынды кейбір ұсыныстары барлық жерде қабылдана қоюы екіталай.
Тағы бір мәселе Ресей-Украина соғысы. «Үлкен жетілік» саммиті өтіп жатқан тұста, Bloomberg агенттігі өзінің жеке мәлімет көздеріне сүйене отырып, кезекті саммиттің қорытындысы туралы алдын-ала болжамын жария етті. Онда айтылуынша, G7 мүшелері соңында Украинаға қаншалық көмек керек болса соншалық көмек береміз деген байламға келуі мүмкін. Бұл арада қолдау әскери көмектен тыс дипломатиялық, саяси қолдауларды да өз ішіне алады. Осы аталған агенттіктің хабарына қарағанда, кейбір неміс және француз саясаткерлері соғыстың ұзақ созылуы олардың экономикасына және әлем экономикасына ауыр зардап алып келеді, сондықтан соғысты уақытша болса да тоқтату туралы ұсыныстарда берген көрінеді.
Бірақ, бұндай ұсныстарға Британ, Польша және Балтық жағалауы елдері қарсылық танытқан. Себебі, Ресей қазірдің өзінде демократиялы әлемнің бір шетіне сұғынып кірді. Егер оған соғыс тоқтату мүмкіндігін беретін болса ол сәл тыныстап есін жинап алып қайталай соғыса береді деп санайды. Дегенмен, шарттары толық болған жағдайда соғысты тоқтату-тоқтатпауды Украинаның өзі шешеді, бұған барлық Батыс елдері мақұл.